Ғылым • 29 Қаңтар, 2021

Ғылымды білім саласынан бөлу керек пе?

642 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кез келген саланы дамыту арнайы әзірленіп, бекітілген мем­лекеттік бағдарламаға сәйкес жүргізіледі. Сондай маңызды құжаттың бірі – екі саланы қамтитын Білім беру мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ламасы. Құжат қос саланың мәселелерін 11 тақырыпқа бөліп қарас­тырған. Сол тақырыптың тек үшеуі – ғылымға, қалғаны білімге арналыпты.

Ғылымды білім саласынан бөлу керек пе?

Шыны керек, қоғам талқысынан, дә­лі­рек айт­қанда, ғалымдардың белсенді­лі­гі­нен кейін жағдайдың түзел­ген тү­рі осын­дай. Әйтпесе бұған дейінгі дәл осы секілді Білім беру мен ғылымды да­мытудың 2011-2020 жылдарға арнал­ған мем­лекеттік бағдарламасында ғы­лым тіпті «Жоғары, жоғары білім­нен ке­йінгі және ғылым» деген тақырыпта ғана «төбе көр­сетіп», жетім қозының күй­ін кешкендей еді. Бұл – ғылымға деген көзқарастың қаншалықты деңгейде екенінің айқын көрсеткіші.

Жақында сенатор Мұрат Бақтиярұлы жоғары білім мен ғылым саласын Білім және ғы­лым министрлігінен бөлек алып, жеке ведомство ретінде құруды ұсынды. Осы жерде «Ақша жасаудың амалы» деген уәж де айтылды. Бірақ көбі М.Бақ­тиярұлының «Штатты көбейтпей, Білім министрлігі мен Жоғары білім және ғы­лым министрлігі деп бөлген жөн», деген сөзін айналып өтті. Штатты көбейтпеу – бюджетке салмақ салмау деген сөз. Дегенмен сенаторға осы мәселемен арнайы хабарласқанымызда ғылымды дамыту бағытында штатты қазіргіден де қысқартуға болатынын айтты.

– Білім және ғылым министр­лігінің жауапкершілігінде бала­бақша, мектеп, қосымша білім беру ұйымдары, интернаттар, балалар үйлері, колледждер, жоғары оқу орындары, ғылым, ғылыми институттар мен орталықтар бар. Шынында, бұл – тым ауыр да ауқымды жүктеме. Мұндай жүк­теме басқа ведомстволарда жоқ. Жұмыс жүйелі және же­місті болу үшін ықшамды, шағын, басқаруға, бақылауға тиімді болатындай етіп екі министрлікке бөлген жөн. Ғылым мен жоғары білім бір­ге жүруі керек. Жоғары бі­лім беретін оқу орындары ғы­лымға кадр­лар­ды даярлап қана қоймайды, он­дағы мамандар іргелі зерттеу­лермен де айна­лысады ғой. Ми­нистрлікті екіге бөл­гендегі мақ­сат – адам санын көбейту емес. Тіпті штатты қысқартуға да бола­ды. Қо­сым­­ша ғимараттың да, жа­­ңа­дан маман алудың да қа­жеті жоқ. Оның үстіне қазір ми­нистр­лікке бөлініп жатқан бюд­жет кө­лемі де нақтыланып, ғы­лымға қарас­тырылатын қаржы жеке ведом­ствоға берілуімен «өз еншісін» алар еді. Бүгінде Білім және ғы­лым министрлігіне қарас­тырылған қаражаттың негізгі бөлігі орта білім беретін мектептерге бөлінеді, – дейді сенатор.

М.Бақтиярұлының ойын­ша, министрлікке қарасты Ғы­лым комитетінің мамандарын елі­міздегі университеттерге тарату керек. Бұл штат санын ар­тық­ көбейтпеуге және ЖОО-да ғы­лымның дамуымен жүйелі айна­лы­сатын жауапты адамның бо­луы­на жағдай жасайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та диплом сатумен айналысып кеткен универ­ситеттерді сынаған болатын. Рас, соңғы уақытта отандық жоға­ры оқу орындары тек білім беру­мен айналысады. Ал әлемде ғы­лым дәл сол университеттердің жа­нындағы зерттеу институттары мен орталықтарында, зертханаларында жасалып жатыр. Бұған коронавирусқа қарсы ек­пені әзірлеп, сынақтан сәтті өт­кізген АҚШ-тағы Гарвард, Ұлы­британиядағы Оксфорд уни­верситеттері дәлел бола алады. Біздегі кейбір қоғам өкілдері жо­ғары білім саласын ғылыммен бір­ге бір министрлікке біріктіруге, яғни жалпы қазіргі министрлікті екі­ге бөлуге қарсы. Бірақ қарсылық танытушылар Білім беру мен ғы­лымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы талқыланып жат­қанда қарап қалған сыңайлы. Се­бебі аталған құжатта отандық универ­ситеттерді зерттеу бағы­тына бейімдеу керектігі және оның белгіленген жылдарда жү­зеге асырылуға міндетті мақ­сат­қа жатқызылғаны тайға таңба бас­қандай көрсетілген.

Сенат депутатының ұсыны­сына қарсы пікір айтқандардың бірі – бұрынғы Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов. Ол өзінің Facebook желісіндегі парақ­шасында: «Жоғары оқу орындары бо­йынша жаңа министрлік құруға қарсымын! Керісінше Сенаттың өзінен бастап қысқарту керек», деп жазды. Біз пікір иесіне ведомствоны неліктен бөлуге болмайтынын, осыған қатысты ойын, нақты уәжін сұрап хабарластық. М.Әбенов салмақты сұрақ екенін айтып, кейіндеу қоңырау соғуды сұрады, бірақ дәлелді аргументі болмады ма, жауап бермеді. М.Бақтиярұлындай «Жоғары оқу орынында істегенмін, уни­вер­ситеттердің ішкі асханасын білемін, сондықтан айтып отырмын. Бұл мәселені бұған дейін де (Президентіміз Қ.Тоқаев Се­нат спикері болып тұрғанда да) кө­тердім», деп тым болмаса өз тә­жі­рибесінен ештеңе айтпа­ды. Қош, бірінші сөйлемінің өзінен-ақ қарсы көзқарастағы М.Әбеновтің ғылым саласының «тоқалдан туғандай» күйдегі жа­йын­ ескермегенін ұғуға болатындай. Себебі оның сөзінде ғылым ту­ралы бірде-бір сөз жоқ.

Десек те өз пікірін қорғай алатын азаматтар, маңыздысы майталман мамандар бар. Жапониядағы Цукуба университетінің профес­соры Қуаныш Тастанбекова ғы­лымның дамуы министрлікті екі­ге бөлуге тіреліп тұрмағанын жет­кізді.

– Жапонияда ғылым мен бі­лім саласы бір министрлікке қа­рай­ды. Алайда ведомство «Бі­лім», «Ғылым», «Спорт», «Мә­дениет», «Технология» деп бір­не­ше департаментке бөлінген. Әр департаменттің өз бюджеті, жауап­ты шенеуніктері, мамандары бар. Меніңше, бөлу-бөлмеу деген мәселе жоқ. Бұл жерде негізгі нәрсе – «Әр саланы басқарып отырғандар өз ісінің шебері, кә­сіби маманы ма? Өзі басқарып отыр­ған саланы дамытуға білімі мен тәжірибесі жете ме?» деген сұрақ. Біз Ресейдің тәжірибесіне сүйеніп «Жоғары білім және ғы­лым министрлігі» ретінде қайта құ­райық, бірақ өз саласының біл­гірі болмаса, ғылым сол күйінде қалады. Мұнда тағы бір маңызды мәселе бар, Қазақстанда білім мен ғылымға бөлінетін қаржы кө­лемі өте аз. Ғылымы мен білімі дамыған, алдыңғы қатарлы елдерде аталған салаға (ішкі жалпы өнім­нің пайызына шаққанда) қарас­тырылатын қаражат Қазақ­стандағы көрсеткіштен 2-3 есеге көп. Ал еліміздегі маңызды қос­ салаға бөлінген қаражатты бас­қару, бақылау, игеру меха­низм­­дері – тиімсіз. Ақшаның қай­­да кеткенін біз білмейміз, сол са­лықты төлеп отырған халықтың өзі хабарсыз. Сондықтан мәселеге осы қырынан қарау керек, – дейді про­фессор.

Халықаралық деңгейдегі са­рап­шының сөзін биолог-ға­лым, Франциядағы Страсбург универ­ситетінде докторлық диссертация­сын қорғаған Әсел Мұсабекова толықтырды. Оның ойынша, жо­ғары білім мен ғылым саласын ор­та білім беру жүйесінен бөлек министрліктің жауапкершілігіне беру бір қарағанда дұрыс көрінуі мүмкін. Дегенмен мектеп пен ғылым арасында байланыс болуы керек. Ал бұл бағыттағы жұмысты жүйелі жүргізу негізінен ғылыми коммуникацияға байланысты. Бұған мектеп пен ғалымдарды байланыстыратын бүкілхалықтық іс-шаралар ұйымдастыру арқылы қол жеткізуге болады.

– Ең басты мәселе, осындай өз­геріс Қазақстанда жұмыс іс­тей ме, елге пайдалы бола ма? Осы сұраққа дәлелді жауап бо­луы­ тиіс. Францияда универ­си­тет­­тердің президенттері, сон­дай-ақ ірі ғылыми-зерттеу инс­ти­­­тут­тарының басшылары – ғы­лымда үлкен жетістіктерге жеткен адамдар. Мен 2011 жылғы Нобель сый­лығының лауреаты Жюль Хоф­фманмен жұмыс істедім, ол көптеген жыл бойы ірі ғылыми агенттіктің басшысы болған. Сөй­те тұра Ж.Хоффман зерттеу жұмы­сын ешқашан тоқтатқан емес. Фран­циядағы Жоғары бі­лім және ғы­лым министрі – әй­гілі әйел-ғалым, генетик және мо­лекулярлық биолог Фредерик Видаль. Ал Қазақ­станда қалай? Біздің елде ғылымды басқаратын адамдардың көпшілігі – танымал ғалым болмақ түгілі, қазіргі (жетекші) ғылымға қатысы жоқ жандар. Қазақстанда көптеген ға­лымның плагиат жасағаны бел­гілі болды. Олардың көбі жал­ған ғылым медальдары мен дип­лом­дарды сатып алып жүр, өзін өзі жо­ғары дәйексөздеу ин­дексіне ие. Ғылымды дамытуды көздесек, жаңа министрлік құ­рудан бұрын алдымен білім мен ғылымға қатысты ұйымдарды тұ­тас тексеріп, плагиат жасаған және жасанды дипломдарға, ме­даль­дарға ие болған барлық жал­ған ғалымды шығарып тастау керек, – дейді Ә.Мұсабекова.

Жалған ғалым демекші, осы­ған дейін Білім және ғылым ми­нис­трінің дәл осы жоғары білім мен ғылым саласына жауапты орынбасары оған тағылған пла­гиатқа қатысты айыптан кейін қыз­метінен кеткен еді. Ал сол айыпты таққан министрліктің бұрынғы қызметкері Анар Қа­йыр­бекова қазіргі министр А.Айма­ғамбетовтің де 2009 жы­лы жазы­лып, қорғалған докторлық диссертациясына 10 жыл өткенде (вице-министрге қатысты дау­лы оқиға кезінде) өзгеріс енгізіл­генін өзінің фактілерімен көр­сетті. Бірақ министр айыптаушы­ны сотқа бермеді. Осыған қа­ра­ғанда, сарапшылардың «бәрі де басшылыққа, кәсіби маман­дардың, шынымен де ғылымды білетін біліктілердің болуына­ бай­ланысты» деген сөзінде жан бар секілді. Айтпақшы, біз ака­демиялық еркіндік алған бір­неше универ­ситеттің басшыларына ха­барластық, алайда жарыған жа­уап ала алмадық. Ой еркіндігі болмаса, ректорлардың басқарып отырған оқу орнына академиялық еркіндік алып бергені бекер екен. Тағы да сарапшылардың тұжырымына тереңдей түсесің.

 

P.S. Дүние жүзі елдерінің инновациялық әлеуетін анықтайтын Global Innovation Index рейтингі жыл сайын жарияланып отырады. Сол деректе Қазақстан 77-орында тұр. Тізімдегі алғашқы ондықта бой көрсеткен мемлекеттердің ғылыми-зерттеулер мен әзірлемелерге бөлген қаражатын біздікімен салыстыруға да келмейтінін көреміз. Ғылымның күші қаншалықты қауқарлы екенін түсінген елдер оған білімнің шыңы, соңы ретінде емес, тұрақты да табысты экономиканың діңгегі деп қарайды. Сондықтан да ғылымға көп көлемде қаржы құяды, өйткені мұның келешекте еселеп қайтатын инвестиция екенін біледі. Осындайда бәлкім еліміздегі ғылымға деген мемлекеттік, идеологиялық көзқарасты қайта қарау керек шығар деген ойға келесіз. Мәселен, көрші Ресей биыл «Ғылым мен инновация жылы» деп жариялады.

Ал Қазақстанда сондай ауқымды істі іліп әкететін, нақты нәтижеге қол жеткізе алатын, бастысы балабақша мен мектептің толастамайтын түйткілдерінен миы бос министр керек-ақ.

 

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51