Қазақ халқы елдігін түгендеген кеңестік дәуірде де, дербестікке ұмтылған тоқсаныншы жылдарда да, тәуелсіздіктің туы желбіреген жаңа кезеңде де мемлекеттілікті қалыптастыру мен заңмен бекіту процесінің басында академик Салық Зиманов болды.
Тағдыр оған қазақтан шыққан бірінші заң ғылымдарының докторы, алғашқы заңгер академик болуды бұйыртыпты. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Қазақстанда заң ғылымын аяғынан тұрғызып, заңгер мамандар дайындау саласының басында да Салық Зиманұлы тұрды. Алматы заң институтының директоры, оның мәртебесі өзгертіліп, Қазақ университетіне қосылғанда, заң факультетінің бірінші деканы болып қызмет етті. Ғылым академиясы құрамында құрылған «Философия және құқық институтының» тұңғыш директоры болды.
Сәкең алпыс жылдан астам елімізде құқықтық ғылымның даму үрдісіне тікелей ықпал етіп, бірнеше буын ғалымдар легін дайындап, заң ғылымдары саласында өзіндік орны бар мектеп қалыптастыра білді. Бүгінгі қолданыстағы қазақстандық заң жүйесінің теориясы мен тәсілін жасап кетті. Өзі қазақ заң ғылымының әлем таныған патриархына айналды.
«Таудың биіктігі алыстаған сайын көрінеді», дейді дана халқымыз. Бүгінгі күннің биігінен сонау өткен ғасыр басында тауқымет тағдырына жазған, «білім алу емес, тірі қалу диллемасы» жолайрық болып тұрған заманда, қиындықтарға бой бермей, өзімен бірге ұлтын білім мен өркениетке жетелеп, қатарлы елге қосқан ұлт зиялыларына бас иіп, ерліктеріне табынасың, таңғаласың. Олардың еңбегі мен ерлігі адам сенгісіз рухани жаңарудың жарқын үлгісі деп айтуға болады. Сол алыптар тобын көрген, олардан тәлім алған біз өте бақытты ұрпақпыз.
Осындай ағалар толқынының көрнекті тұлғасы Салық Зиманұлының сан салалы жасампаз қырларына әлі талай зерттеулер арналады, ол алдағы күннің үлесі болар.
Сәкеңнің ғылымдағы ғасырдан-ғасырға кететін сүбелі еңбектеріне тереңдемей, ұлы заңгердің реформаторлық саяси-құқықтық көзқарастарының бірнеше сәттеріне тоқталып өтсем.
Сәкең тәуелсіз мемлекетіміздің көк туын шаншысып, еліміздің құқықтық негізін қалаушылардың бірі, аузы дуалы абыз ақсақалы болды. Ұстаздық биіктігі, кең парасат, пайымы, аристократтық мінезі, шындық сүйген адалдығы, оны еліне үлгі, сыртқа айбын етіп көрсететін «этноформ» тұлғаға айналдырды. Құқық тақырыбына сөз саптаған Парламент депутаттары мен саясаткерлер «Зиманов феноменімен» бой түзеп, ойларын жүйеледі. Салық ағаның саяси-құқықтық ойлары мемлекет құрылымының әр саласын түбегейлі реформалау идеясына бағытталды. Ол тірі күнінде ұлт ұстазына айнала білді.
Тәуелсіздіктің бірінші жылдары жаңа мемлекет құру үрдісіне Салық Зимановтың мемлекет механизмін, құқықтық жүйені қалыптастыру туралы әлемдік тәжірибелермен ұштастыра айтқан ойлары мен идеялары көзі ашық көпшілікті таңғалдырып, бүкіл Кеңес Одағы заңгерлері мен саясаткерлерін мойындатты.
Иә, әлем картасында енді ғана пайда болған жаңа Қазақстан егемендікке ұмтылған сол тарихи уақытта академик Зиманов жаңа қырынан танылды. Саналы ғұмырын заңгерліктің қыр-сырын терең зерттеуге арнап, құқық саласының дамуына орасан зор үлес қосқан ғалым, енді саяси өмірге тікелей араласып, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттілігінің қалыптасуына орасан зор үлес қосты.
Жоғарғы Кеңестің екі шақырылымының депутаты болған Салық Зиманов мемлекетіміздің құқықтық негізін қалауда және заңнамалық реформалардың бастауында тұрды. Өзінің тарихи, жалынды сөздері мен ғылымға негізделген батыл ұсыныстарын өз әріптестеріне жеткізе білді. Ол ұсыныстардың басым көпшілігі құнын бүгін де жойған жоқ.
Академик Зимановтың мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның, Қазақ КСР атауын өзгерту туралы заңды, азаматтық туралы заңды, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Конституциясын, тағы басқа маңызды заңдарды дайындаудағы еңбегі өлшеусіз.
Сол уақыттағы ақпараттық ашықтық, жариялылық дәстүрге орай Жоғарғы Кеңес отырыстарынан көпшілікке тікелей телехабар тарату үрдісі болды, Сәкеңнің өткір пікірлері мен тұжырымдары посткеңестік ұстанымнан арылып жаңа тәуелсіз құқықтық идеялардың бұқараға жетуіне, мемлекеттік дамуды модернизациялауға және саяси құқықтық көзқарасты жаңаша қалыптастыруға зор әсер етті.
Сәкеңнің ғылыми өмірбаянында Конститутцияны жетілдіруге жазған еңбектері – бір төбе. Ол идеялар 2007 және 2017 жылғы Конституцияға енгізілген өзгерістерде Елбасының бастамашылдығымен жүзеге асты. Парламенттің қалай болуы, оның өкілеттілік қызметі мен заңшығармашылық функциясын жетілдіруге жасаған еңбегі ұшан-теңіз.
С.Зимановтың сан салалы еңбектері ішіндегі өзіме жақын, соның ішінде өзім тікелей куәгер болған, сот жүйесін қайта құру туралы ұсыныс, талдауларына тоқталсам.
Тәуелсіздік жарияланған сәттен бастап Қазақстанда жаңа мемлекеттік механизм қалыптастыру міндеті тұрды. Оның ең күрделісі тетігі консервативті сот жүйесі еді.
Сот қызметін қай бағытта дамыту, қандай үлгіні таңдап алу оңай болған жоқ. Құқықтық жүйенің ең жоғарғы тіреуі, жасампазы – сот. С.Зиманов зерттеуіне жүгінсек, мына «ұлы далада, мемлекеттілікті, тәртіпті, тепе-теңдікті ұстап тұрған билер соты» болғаны – біздің мақтанарлық тарихи жетістігіміз. Мысалы, дамыған Англияны әлемдік танылу биігіне көтерген олардың тәуелсіз сот жүйесі, сондықтан өркениетті қауымдастық үлкен дауларын шешкен кезде бүгінде ағылшындық сот жүйесіне сүйенеді.
Тәуелсіздік таңы атқанда бізге қалған ескі аппараттың мұрасы кеңестік сот жүйесі болатын, олар өзінің құрылу принципіне сай идеологиямен шегеленген жүйе еді. Ол бірінші кезекте партия мүддесі, таптық ерекшелікке артықшылық берілген, партиялық аппараттың ықпалы күшті, жазалау қағидаты басым орган болды. Сот билігі атқарушы биліктің құрамдас бөлігі есебінде қарастырылды. Әрине, сырттай ол өте демократиялық көрініс беретін. Судьяларды бұқара сайлады, халық заседательдері институты болды, сот ұжымдық сипатта, сот шешімдері уақтысында орындалды, отбасы құқығы керекті деңгейде қорғалды. Бірақ мұның бәрі коммунистік партия мүддесінің аясында қызмет атқарды. Ондай жүйе демократияны бағыт тұтқан жаңа мемлекет құру талабына сәйкеспейтіні анық еді. Жаңа дербес сот қызметін қай бағытта дамыту, қай үлгіні таңдап алу оңай болған жоқ. Тәуелсіз, идеология шырмауынан ада жүйені, әлемдік озық үлгілерге оңтайлап құру талабы күн тәртібіне шықты.
Сол кезде академик С.Зиманов Парламент мінбесінен өркениетті сотты қалыптастыру үшін қандай кемшіліктер мен қосалқы керексіз функциялардан арылу керектігі жайлы ойларын ашық айта білді. Депутат ретінде Президентке бірнеше рет арнайы хат жолдап, республикалық баспасөзде нақты ұсыныстар айтып, қоғамдық пікірді қалыптастыруға үлкен ықпал етті.
Академик С.Зиманов 1992 жылдың 21 қыркүйегінде Республика Президенті Н.Ә. Назарбаевқа «Құқыққорғау жүйесін түпкілікті қайта құру керектігі» туралы хаттама түсірді. Оған бірнеше танымал құқық ғылымының профессорлары қол қойды. Сол жазбаның негізгі бөлігі «Сот органдарының өзгеруі – кезек күттірмейтін міндет» деп аталды.
Онда Салық Зиманұлы «сот жүйесін жаңадан құру керектігін баса көрсетіп, ол үшін Конституцияға, сот құрылымы туралы заңдарға тиісті өзгерістер кіргізу керектігі, республикада тек бір сот жүйесі болу қажеттігін, арбитраждық сотты сақтай отырып, оны жалпы соттарға біріктіру керек екеніне тоқтап, судьялардың әділсоттық принциптерді бұзған жағдайдағы адами және кәсіптік жауапкершілігін қарайтын және мемлекет тарапынан өктем араласпай, судья беделін ел алдында төкпей жазалайтын жұмсақ мемлекеттік механизм қалыптастыруды заң нормасымен реттеуді ұсынды.
Сол жылдарда Сәкең сот реформасы бойынша ондаған мақала жариялады, бірнеше конференцияда терең мазмұнды ұсыныстарға толы баяндамалар жасады. Соның бірі – 2001 жылы өткен «Соттар және олардың мемлекеттің тәуелсіздігін бекітудегі рөлі» деген тақырыппен өткен жиындағы сөзі көпшіліктің көкейінде қалды. Патриархтың ол пікірі бүгін де өте құнды.
Онда ғалым судьяның дербестігі – әділсоттықтың түбірлі қағидаты екенін айтып, сот билігі басқа билік формаларынан тек дербестікпен жүзеге асатындығымен ерекшеленетініне мән берді. Қоғамдағы шиеленісті шешуде судья «қауіп пен қатерден қоғамды алып шығушы, оны реттеуші, қалпына келтірудегі рухтық энергияны табушы тұлға» деп түйіндеп, «әділеттілік адамға жіберілген құдайдың сыйы, табиғат пендеге адамшылықты сақтау үшін әділдікті сыйлаған. Егер ол болмаса адам хайуан деңгейіне түсіп рухсызданады, ал бұл қасиет судья үшін ақиқат болуы шарт» деген еді.
Сәкеңнің сот жүйесін жаңғырту турасындағы көптеген ұсынысы Тұңғыш Президент – Елбасы тарапынан қолдау тауып, соңғылары «100 нақты қадам» Ұлттық жоспарында жүзеге асты.
Сот жүйесін дамыту үрдісінде академик Зиманов халқымыздың тарихынан қайнар көз іздеп, билер соты әлем жауһарларына қосуға болатын қазына екенін «Қазақтың Ата заңдары» атты он томдық еңбегі арқылы келесі ұрпаққа мұра етіп кетті. Билер институтының құдіреті мен оңтайлылығы уақыт пен кеңістіктен тыс көшпелі мәдениетті сақтап, мына ұлы далада тәртіп пен мемлекетшілдіктің кепілі болғанын нақты көрсете білді. Көшпелілер өмірінде қоғамдық қарым-қатынасты билер соты институты реттеп отырғанын, «әділ би − тұғырлы тұлға» болғанын, «елге бай – құт емес, би – құт» деген қағидаттың биіктігін көрсетті.
Ұлы далада сөз құдіреті үстем болған дала заңы тірлігінің қазығына айналған «алтын ғасыр» болғанын, ол туралы орыс, Еуропа, Шығыс зерттеушілерінің өз еңбектерінде айтып кеткенін бұрын білмейтін көпшілікке жеткізді. Ұлттық рухани мәдениеттің басты қыры билер соты екенін әлем жұртшылығына паш етті.
Осы проблеманы 2008 жылы өткен «Қазақ билер соты – бірегей сот жүйесі» атты халықаралық ғылыми конференцияда жан-жақты дәлелдеп шықты. Конференция материалдары үш тілде ғылыми еңбек ретінде жарық көрді.
Академиктің мақсат-идеясы билер сотының адамзат тарихындағы қайталанбайтын реттеуші функциясын аша отырып, республика соттарын келешекте атамұра сот жүйесінің құндылығымен, болашақтағы еліміздің әділсот атқару тәжірибесін билер институтының озық үлгілерімен сусындатып, оның прецеденттік моделіне жақындастыру ұстанымы болды.
Атақты заңгер осылайша қоғамның назарын билер сотының тарихи құндылығына бағыттай білді. Соның әсерінен құқық зертеушілер және практиктер осы мәселеге арнап жүздеген мақала, зерттеулер жариялады. Ондағы мақсат билер сотының қуаты мен тегеурінді реттегіш әлеуетін заманауи рецепция жасау мүмкіндігін қарастыру еді. Бұл мәселе өзінің маңыздылығын әлі жойған жоқ. Біз жас мемлекет ретінде қоғамдық қатынастарды реттеу механизімінің оңтайлы нұсқаларын әлі де қажет етеміз.
Менің өзіме Салық Зиманұлы университет қабырғасында дәріс оқып, білім кенішіне жетелесе, кейінен докторлық диссертацияма ғылыми кеңесші болып, ұстаздық миссиясын тоқтатқан жоқ. Бірлесіп жазған еңбектеріміз бен жүзеге асырған шараларымыз тәуелсіздік тұғырын бекітіп, оның даму үрдісін ғылым жетістігімен ұштастыруға бағытталды. Республикада әлемдік модельдерге сай тәуелсіз жаңа сот жүйесін құрудың басында тұрдық.
Бүгінгі таңда заң ғылымы жан-жақты дамыған, мықты ғалымдары мен қабілетті мамандары жеткілікті салаға айналды. Ол қоғамның дамуына, еліміздің тәуелсіздігін заңдастыруға, мәртебесін бекітуге сүбелі үлес қосып отыр. Осы биіктік шоқысында Салық ағаның көреген тұлғасы, ғылыми мектебі, азаматтық парасат келбеті тұрады.
Көзі тірі болғанда асыл азамат, ұлы тұлға С.Зиманов биыл 100 жасқа келетін еді. Академик М.Қозыбаев айтқан «осы жұрт С.Зимановты біле ме екен?» деген терең өсиетті ой, болашақта Зимановтанудың басты бағдары болып қалатыны ақиқат, өйткені ғалым мұрасы – халықтың рухани мұрасының таусылмас мол, терең қазынасы екені даусыз.
Салық Зиманов Алашорданың ізін басып, сарқытын ішкен, Ұлы Отан соғысында қан кешіп, мұз жастанған батыр, теңдессіз ғалым, кемеңгер тұлға еді.
Қазақ юриспруденциясының дамуы мен қалыптасуына алпыс жылдан астам тікелей атсалысып, оның патриархына айналған, «Заңғар – Зимановтың» халқына тастап кеткен бай ғылыми мұрасы, айтқан болжам, тұжырымдары әлі талай уақыт қазақ мемлекетінің іргесін бекітіп, туын желбіретер жасампаз ұрпағымызға ұстаным болары сөзсіз.
Қайрат МӘМИ,
Конституциялық Кеңес Төрағасы