21 Сәуір, 2010

МЫҢ ТҮРЛІ МАМАНДЫҚ – БІРЕУІ СЕНІКІ

1232 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ОНЫ ДҰРЫС ТАҢДАУ ӘРКІМНІҢ ӨЗІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ Мектеп табалдырығын аттайын деп отырған түлектер мамандық таңдаудан қателеспеуі керек. Өйткені, ол адамның болашағын айқындайтын басты шарт. Диплом алғаннан кейін жұмысқа оңай орналасатын мамандық бар ма деген сұрақ төңірегінде бізде жауап іздеп көрдік. Қазақстанда қазіргі уақытта бір адамға екі экономист, бір заңгерден келеді екен. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау миистрлігі жариялаған бос орындарға конкурс бойынша оларға сұраныс дәл қазіргі уақытта 4 адам ғана. Бұл жағынан заңгерлер көбірек сұранысқа ие, оларға арналған бос орын алтау. Өз резюмелерін тіркеп жұмыс іздеп жүрген заңгерлердің саны – 6865, ал тіркелмей басқа мамандықта қызмет жасап жүргендер қаншама. Бұл көрсеткіштен аталмыш мамандықтың Қазақстанда жетіп, тіпті артылып жатқандығын байқаймыз. Алайда осы екі “атышулы” мамандыққа құжат тапсырушылар әлі күнге көп көрінеді. Ал слесарь мен электрик мамандары аз болып тұр. Ғаламтор беттері мен түрлі газеттерде жарияланған бос жұмыс орындарында слесарь мен дәнекерлеушіге сұраныс 3869 болса, электриктерге 400 бос орын бар. Ал ауылдық жерлерге компьютер жөндеушілер мен мұғалімдер ауадай қажет екендігін біреу білсе, біреу білмейді. Тек қана Атырау облысында компьютер мамандарына арналған 30 бос орын бар. Ән сабағынан беретін мұғалімдерге арналған бос орындар 24 болса, аргоншілерге қажеттілік 30 екен. Және басқа да осындай техникалық мамандықтардың мемлекетімізде үлкен сұранысқа ие екені белгілі болып тұр. Ал біздің халық әлі де балаларын дипломат қылғысы келеді. Әрине, баласының жоғары білімді дипломат болғаны кімге ұнамасын. Бірақ кейін жұмыс таба алмай далада сеңделіп қалмасына кім кепіл. Қазіргі кезде жоғары оқу орын­дарында 610264 тәлімгер оқитын болса, кә­сіптік лицейлерде 115 504 жас білім алуда. Статистикалық агенттіктің деректеріне сүйенсек, қазіргі уақытта кәсіптік лицейді бітіргендердің 80 пайызы жұмысқа орналасады екен. Ал жоғары білім алған азаматтардың өз күшімен 48 пайызы ғана жұмыс таба алады . Олай болса жұмыс таба алмаған былайғы қауымды орталық базарлардан іздеп көрген жөн шығар. Осыны анықтау үшін біз Астананың орталық базарына жол тарттық. Бұл жерде арбакештерден бастап күзетшілерге дейін қазақтар. Көбісі ауылдан көшіп келіп, мамандықтары бойынша жұмыс таба алмай, осында жал­данып жұмыс істеп жүр екен. Ең таң­қаларлығы солардың ішіндегі сатушылар мен арбакештердің 40 пайызы жоғары оқу орындары дипломының иегерлері. Және тең жартысы қаржыгерлер мен есепшілер екен. Мамандықтары бойынша жұмыс таба алмай, осындағы дүңгіршектердің қожайындарына жалданып жұмыс жасап жүр. Бір мәселені шешуге келгенде екінші мәселенің ұшы көрініп қалды. Яғни жоғары білімді немесе орта білім алған азаматтар шетелден келген адамдарға жалданып жұмыс жасап тұр. Бұл жабайы базардың болашағы жоқ екендігі жасырын емес. Ал барлық базар еуропалық стан­дартқа сай жабық ғимараттарға көшкенде бұл жақта күн көріп отырған азаматтар қайда бармақ? Жастық шақта қара жұмыс жасауға болады, ал кәріліктің ауылы жақындағанда не істемек? Осы мәселелер туралы олардың өздері не дейді? “Мен Көкшетау қаласында есепші мамандығына оқыдым. Өз маманды­ғым­мен жұмыс таппадым, өйткені барлық жерлер дерлік жаңадан бітіріп келгендерді алмайды. Маған ақша керек болғандықтан Астана қаласына жұмыс істеуге келдім. Қазіргі қожайынымыз әзірбайжан ұлтының өкілі, Түркиядан аяқ киім алып келеді, біз соны сатамыз”, дейді 24 жастағы Жаннұр есімді қыз. Жаннұр сияқты күнделікті ішіп-жеміне табыс тапқанына мәз болып жүргендер мұнда толып жатыр. Былтырғы жылы “Жол картасы” бағдарламасының аясында мамандықтары жоқ адамдарды белгілі сомада стипендия төлеп, тегін мемлекет қаржысына оқытқан болатын. Алайда осы жерде тұрғандардың он пайызы ғана сол берген мүмкіндікті пайдаланған. Оның жартысы ғана жұмысқа орналасқан. Мемлекет адамдардың мамандық түрлерін игеріп, жұмыс істеулеріне белгілі бір жағдайлар туғызып отыр. Сол мүмкіндікті уақытында пайдаланбаған халық ертең кімге өкпелейді?.. Назым ӘШІМХАН, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 4-курс студенті.