Мәселен, шыныны, қағазды, пластик пен сұрыпталмайтын қалдықтарды бөлек жинауға арналған бір текшелік 4 ыдыс, құрылыс қалдығы үшін 8 текшелік 1 контейнер орнатылды. Тіпті арам шөп пен бұтақтарды салатын торлы контейнер де қарастырылды. Қалдықтарды сұрыптау қоқысты одан әрі өңдеу үшін бөлуге жол ашады.
– Өндірістік цехтардың әкімшілік-тұрмыстық корпустарында үш секциялы 57 эко-ыдыс, ал жыл соңына дейін тағы 39 данасы кеңсе ішінде орнатылады. Жаңа ыдыстарды пайдалану тәсілі оңай. Өйткені қалдықтар түріне байланысты әр түсті контейнерге салынады. Мәселен, қағаз салатын ыдыстың түсі – көк, пластикке – сары, шыныға – қызыл, сұрыпталмайтын қалдықтарға арналған ыдыс сұр түске боялған. Әр ыдыста қалдықтарды сұрыптау ережелері мен шектеулер туралы толық ақпарат бар, – деп ақпарат таратты кәсіпорынның қоғаммен байланыс қызметі.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды, сондай-ақ зауыт аумағынан шығаруды мердігер мекеме атқарады. Сұрыпталмаған қалдықтар «Спецавтобаза» ЖШС-ның қоқыс полигонына, ал сұрыпталатын қоқыс арнаулы кәсіпорындарға өңдеуге жіберіледі.
Қоғаммен байланыс қызметінің мәліметінше, «АМӨЗ» ЖШС аталған экологиялық жобаны енгізіп, мұнайлы өлкедегі қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлесін қосып отыр. Зауытта «Жасыл кеңседен» басқа Экологиялық кодекстің талабына сәйкес бірқатар іс-шараны жүзеге асыру қолға алынып отыр. Оның ішінде Tazalyq жобасы да бар. Бұл жобаның аясында механикалық және биологиялық тазарту құрылыстарын қайта жаңарту, булану алаңдарын рекультивациялау жүргізіледі.
Атырау облысы