Аймақтар • 03 Ақпан, 2021

Вакцинациялауды жүзеге асыру үшін қалада барлық жағдай жасалуда

135 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов №1 қалалық клиникалық ауруханада денсаулық сақтау саласы өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Вакцинациялауды жүзеге асыру үшін қалада барлық жағдай жасалуда

Күн тәртібінде өткен жылы денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстар, 2020 жылдың қорытындысы бойынша МӘМС шеңберінде медициналық көмекті қаржыландыру, 2021 жылға арналған сатып алу жоспары мәселелері талқыланды.

Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позилов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Л.Алимова атқарылған жұмыстардан хабардар етті. Жиынға қалалық медициналық ұйымдарының басшылары, медициналық колледж директорлары, басқарма бөлімдерінің басшылары мен бас мамандары қатысты.

Қала әкімі денсаулық сақтау саласында жүзеге асқан жұмыстарды таразылап, алдағы басым міндеттерді атап өтті.
– Коронавирус инфекциясына қарсы күрес жолында жаңа тәжірибе жинадық және сабақ алдық. Көптеген көрсеткіш бойынша оң нәтижеге қол жеткіздік. Қалаға 3 компьютерлік томография орнатылып, қазіргі уақытта қала тұрғындарына 21 КТ аппараттары қызмет етуде. Өкпені жасанды желдету аппараттарының саны 310 данадан 615-ке жетті, 800-ден астам төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілді. Дәрігерлердің орташа жалақысы 30 %, орта медицина қызметкерінің жалақысы 20 % өсті. 2021 жылы медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру және коронавируспен күреске қатысқан медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу жалғасады.

«Ұжымдық иммунитетті» құру ғана КВИ пандемиясын тоқтата алады, ең дұрыс тактика – мүмкіндігінше көп адамды вакцинациялау. Қала тұрғындары вакцинация қиын жағдайдан шығудың жолы екенін түсінуі керек. Оны сапалы жүзеге асыру үшін қалада барлық жағдай жасалуда. Егу науқаны өте ұйымдасқан түрде жүргізіледі деп сенемін, деді қала әкімі.

Шаһар басшысының айтуынша, биыл медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жабдықтауға 6 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Қалалық перзентхана аумағында 200 төсек - орынға арналған перзентхана корпусы құрылысының, 5 нысанның күрделі жөндеу жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде.

Денсаулық сақтау саласында шешуді талап ететін өзекті мәселелер де бар. Шаһар басшысы ана өлімін азайту, медициналық қызметтерді цифрландыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығының алдын алу жұмыстарын ширату керектігін мәлімдеді.