Акцияны Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты (ҚазОРҒЗИ), «Обырмен бірге күрес» қоғамдық қоры және Takeda биофармацевтика компаниясы ұйымдастырды. Акцияның басты мақсаты – қоғамның назарын осы жаһандық проблемаға аудару және халықты онкологиялық ауруларды ерте анықтауға және емдеуге шақыру, халықты қатерлі ісік туралы ақпараттандыру.
«Қазір онкологияны емдеу ісі дамыған. 10-15 жыл бұрын жазылмайды деген диагнозды бүгінде емдеуге болады. Әлемде онкологиялық ауруларды емдеудің озық әдістемелері игеріліп, Қазақстанда белсенді қолданылуда. Оның барлығы ТМККК шеңберінде әр азаматқа қолжетімді. Алайда тұрақты онкоскрининг, сондай-ақ ауруды ерте анықтау арқылы ұзақ емнің алдын алуға болады», деді «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқарма төрайымы Диляра Қайдарова.
Қазіргі уақытта елімізде халықаралық хаттамаларға сәйкес келетін онкологиялық ауруларды емдеудің заманауи түрлері жүргізілуде. Мақсатты терапия, иммунотерапия және гендік инженерия әдістері белсенді қолданылады. 2010 жылдан бастап сүйек кемігін трансплантациялау жүргізілуде, 2012 жылы Қазақстанда онкопсихологтардың жеке кәсіби қызметі пайда болды.
Маңызды жетістік ретінде аурудың сатысы мен таралуын дәл анықтауға, емдеудің оңтайлы режімдерін таңдауға, жеке терапияны қолдануға, радиациялық немесе химиотерапия курсын тағайындауға, емдеу тиімділігін бақылауға және негізсіз операцияларды болдырмауға көмектесетін МРТ және ПЭТ-КТ диагностикасын, молекулалық-генетикалық зерттеулер мен телепатологияны енгізуді айтуға болады. Жергілікті жерлерде онкологиялық аурулардың ерте белгілерін анықтайтын және анықталған аурулары бар пациенттерге алғашқы көмек көрсететін емханалардың қызметкерлері ауқымды жұмыс атқарады. Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде қатерлі ісіктің кең тараған түрлерімен ауыратын науқастарға үйде паллиативтік көмек көрсету бойынша мобильді бригадалардың жұмысы жандандырылды.
Сонымен қатар онкология туралы науқастардағы ақпараттың жетіспеушілігі проблемасын шешуге ғана емес, сондай-ақ терапияға төзімділікпен байланысты психологиялық және әлеуметтік проблемалар мен мәселелерді еңсеруге көмектесуге арналған қазақстандық науқастарға пациент мектебі форматында қолдау бағдарламалары қолжетімді болып отыр. Бұл жұмыста онкологтарға қоғамдық ұйымдар мен әлеуметтік жауапты бизнес баға жетпес көмек көрсетеді.
«Біздің миссиямыз – қатерлі ісікпен ауыратындардың өмірін сақтап қалу және өмір сапасын барынша жақсарту үшін бүкіл қоғамның күш-жігері мен әлеуетін біріктіру», деді «Обырға қарсы бірге күрес» қоғамдық қорының атқарушы директоры Гүлнар Кунирова.
Айта кетелік, жыл сайын елімізде 36 мыңға жуық адам қатерлі ісікке шалдығады. 190 мың қазақстандық онкологиялық есепте тұр.