Сөз жоқ, ақын шығармалары – ұлтымыздың рухани дүниесіндегі шоқтығы биік, қайталанбас дара туындылары, әрі ғасырлар бойы маңызын жоймайтын тәлімі мен тағылымы мол сарқылмас бай қазынасы. Олай болған күнде, Абай мұрасын сақтау, насихаттау, зерттеу жұмыстары Мемлекеттік орталық музейінде (әрі қарай МОМ) де назардан тыс қалған жоқ (МОМ-і ұлттық тарихи-мәдени құндылықтарды сақтайтын әрі дәріптейтін орын ғана емес, 2005 жылдан бері сан салалы іргелі ғылыми-зерттеу жобаларын жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан белді ғылым ордасы болып саналады).
Бүгінгі таңда музей қорындағы сирек кездесетін қолжазбалар мен басылымдар коллекциясы қорында Абайдың жеке өмірі, шығармашылығы және қоғамдық-саяси қайраткерлігі туралы бірсыпыра жазба ескерткіштер сақталынып отыр.
Ұлы ақынның мерейтойына байланысты Мемлекеттік орталық музей ғалымдары араб және латын қаріптерімен жазылған оның өмірбаяны мен шығармашылығы туралы 5 түпнұсқа қолжазбаны ғылыми-инвентарлық каталогтар ретінде жарыққа шығарды. Ғылыми зерделеуден өткен бес қолжазба екі кітаптан тұрады:
«Абайдың өмірбаяны мен шығармашылығы туралы түпнұсқа қолжазбалар» (Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі қорынан) атты ғылыми-инвентарлық каталогтың 1-кітабына араб әріптерімен (қадымша) қазақ тілінде қара қарындашпен жазылған Абайдың өзінің «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» туындысы; Тұрағұл Ибраһимұлының (1875-1934) «Қазақтың атақты ақыны Абай Құнанбайұлы» атты араб әріптерімен жазған еңбегі және Мүрсейіт Бікіұлының (1860-1917) қолжазбасы енгізілді. Аталған қолжазбалардың факсимилесі мен кирилше нұсқалары қатар беріліп отыр.
«Абайдың өмірбаяны мен шығармашылығы туралы түпнұсқа қолжазбалар» (Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі қорынан) атты ғылыми-инвентарлық каталогтың 2-кітабына Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевтің (1900-1984) араб әріптерімен жазылған қолжазбасы; «Мүсірәлі ақсақалдың айтуынша» атты латын әріптерімен қазақ тілінде жазылған еңбегі енгізілді. Аталған қолжазбалардың факсимилесі мен кирилше нұсқалары қатар беріліп отыр.
Абай шығармашылығына қатысты ғылыми-инвентарлық каталогтарды құрастыру барысында аталған түпнұсқа қолжазбалар мен олардың кирилше нұсқаларындағы өлеңдер мен қара сөздердің барлығы жолма-жол нөмірленіп, яғни екеуі бір-бірімен сәйкестендіріліп берілді. Қолжазбалардың түпнұсқаларының факсимилелері тиісті кирилше нұсқаларымен бірге тұңғыш рет жариялануы бұл жинақтардың басқа басылымдардан ерекшелігін көрсетіп қана қоймай, оның танымдық тағылымын айрықша арттырар бірегей жайт деуге əбден болады. Сонымен қатар түпнұсқа қолжазбалардағы сөздер қалай дыбысталып, жазылса, кирилше нұсқаларында да дәл солай берілді. Каталогтарда материалдардың осындай тəсілмен ұйымдастырылып берілуі абайтану саласындағы болашақтағы текстологиялық зерттеулерге айрықша жеңілдік туғызары сөзсіз. Әсіресе ақын шығармаларының текстологиясын əлеуметтік жəне гуманитарлық ғылым салаларындағы əлемдік жетістіктер аясында одан əрі дамыту үрдісіне соны серпін берері хақ.
Сондай-ақ музей ғалымдары тарапынан Алтын Орданың 750 жылдығына орай «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музей қорындағы шығыс монеталары» атты иллюстрацияланған ғылыми каталогтың 2-томы жарық көрді. Бұл шығыс нумизаматикасы каталогына бірнеше әулеттерге қатысты (исламға дейінгі кезең – Сасандықтар мен Түргештер, ислам кезеңі – Самандықтар, Шыңғыс ұрпақтары (Моңғол империясы), Шағатай, Жошы, Қырым Гирейлері, Синьцзян көтерілісшілерінің (Рашиддин мен Йақуб-бек), Мың әулеті, Жоңғар билеушілері және Қажарлар) 592 сақтау бірлік алтын, күміс және мыс монеталарының ғылыми сипаттамалары мен фотосуреттері енгізіліп отыр. Нумизматикалық материалдар – Қазақстанның кең байтақ аумағында VII-XIX ғасырларда болған ақша айналымы мен оның дамуы жайында құнды мәліметтер береді және баға жетпес ақпараттық деректер.
Сонымен өткен жылдың соңында белгілі ғалым, этнограф Нұрсан Әлімбайдың тікелей басшылығымен атқарылған тынымды жұмыстардың нәтижесінде «Абайдың өмірбаяны мен шығармашылығы туралы түпнұсқа қолжазбалар (Мемлекеттік орталық музейі қорынан). Ғылыми-инвентарлық каталог. 1-кітап. – Алматы: «Интеллсервис», 2020. – 820 б.»; «Абайдың өмірбаяны мен шығармашылығы туралы түпнұсқа қолжазбалар (Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі қорынан). Ғылыми-инвентарлық каталог. 2-кітап. – Алматы: «Интеллсервис», 2020. – 560 б.»; «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейі қорындағы шығыс монеталары. 2-том. Иллюстрацияланған ғылыми каталог (қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде). –Алматы: «Интеллсервис», 2020. – 420 б.» атты еңбектер жарық көрді.
Жаңа жылдан бастап ғылыми айналымға түсетін бұл кітаптар ғалымдар, ізденушілер мен қалың оқырман қауымға арналады.
Мыңмен жалғыз алысқан Абай өмірі, оның өшпес мұрасы кейінгі ұрпақ үшін өр әділеттілік пен зор адамгершілікті және асқақ рух пен кемел парасаттылықты үздіксіз дәріптеудің әрқашанда жарқын үлгісі болып қала бермек.
Жасұлан БЕЛТЕНОВ,
Мемлекеттік орталық музей музейлік деректану және қолжазба бөлімінің жетекшісі