Экономика • 09 Ақпан, 2021

«Эко-даму» бағдарламасының екінші кезеңі басталды

691 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Эко-даму» бағдарламасының II кезеңі еліміздің 12 облысындағы ерекше қорғалатын 28 табиғи аумаққа жақын орналасқан 771 ауылды қамтиды. Бағдарлама бюджеті – 288 млн теңге. Бағдарлама ауылдық жерлерде қоршаған ортаға зиян келтірмейтін және экожүйелерді сақтауға ықпал ететін жобаларды дамытуға бағытталған. Оған экотуризм, орман, балық, аңшылық, құс шаруашылығы, қоян шаруашылығы, ара шаруашылығы және жайылымдық жерлерді пайдалану жатады.

«Эко-даму» бағдарламасының екінші кезеңі басталды

Ауыл кәсіпкерлері бизнес-жобаларды дамытуға 6%-бен 5 жылға дейінгі мерзімге несие ала алады. Несиенің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,7%-дан аспайды. Ауыл кәсіпкеріне Ұлттық банк белгілеген 100 АЕК-тен 5400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде несие беру жоспарланған. Бағдарламаға қатысуға өтінім беру үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының облыстардағы филиалына бару керек. Қосымша ақпаратты www.fagri.kz сайтынан алуға болады.

Айта кетелік, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағ­­дар­ламасы, Экология, геология және таби­ғи ресурс­тар министрлігінің Орман ша­руа­шылы­ғы және жануарлар дүниесі коми­теті мен Ауыл шаруашылығын қаржылай қол­дау қоры қол қойған келісім нәтижесінде 2014-2015 жыл­дары «Эко-даму» несиелеу бағдар­ла­ма­сының бірінші кезеңі жүзеге асырылған болатын.

«Бұл ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мен БҰҰ Даму бағдарламасы арасындағы алғашқы келісім емес. 2008-2013 жылдары «Табиғи орта» бірлескен жобасы іске асырылды, оның аясында ерек­ше қорғалатын табиғи аумақтарға жақын орналасқан ауылдардың 154 тұрғыны жал­пы сомасы 221,4 млн теңгенің шағын не­сиесін алды. 2008 жылдан бері БҰҰ ДБ-мен ын­тымақтастықта 561,6 млн теңгенің 221 жо­басы қаржыландырылды, оның ішінде қор­дың қаражаты – 216,6 млн теңге. Мұндай бағ­дар­ламалар ауыл тұрғындарына қоршаған ор­таны сақтай отырып, микробизнес ашуға және дамытуға, жаңа жұмыс орын­дарын құруға мүмкіндік береді», дейді «Ауыл ша­руа­­шы­лығын қаржылай қолдау қоры» АҚ бас­­қарма төрағасы Жандар Омаров.

«Эко-даму» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі тең экономикалық мүмкін­діктерді қамтамасыз ете отырып, гендерлік теңдікті сақтау. Сондықтан бұл бағдарламада несие алушы әйелдерге басымдық беріледі. Мәселен, Алматы облысының Кербұлақ ауданында тұратын жеке кәсіпкер Батжан Омарханова 2002 жылдан бері мал шаруа­шылығымен айналысып келеді. Ол 2015 жы­лы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Эко-даму» бағдарламасы арқы­лы 2 млн теңге несие алып, ұсақ мал басын көбейткен болатын. Қазіргі уақытта алған несиені өтеп беріп, кәсібін одан әрі дамытып жатыр.