Руханият • 10 Ақпан, 2021

Етікші

1016 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

О. Генри

О. Генридің «Тынымсыз есік» (The Door of Unrest) әңгімесін оқи бастағанда әдебиетте жазыла-жазыла жауыр болған екі- мыңжылдық тарихы ескі фа­булаға, көне канондық сюжетке тағы да жолыққандай екіұдай сезімде болғанымыз жасырын емес. Десе де, өзі айналдырған 36 сюжеттің (Ж.Польти) ма­ңайын мың жылқы таптап өтсе де, мезгіл-мезгілімен ескі оқи­ғаның өзінен де жаңа бір мән табатын, жаңа бір идеямен аша­тын жай да аз кездеспейді ғой. Әңгіменің соңына қарай бір тақырыпты көтерген екі оқи­ға қатар өрби бастағанда барып, кейіпкер өзінің соңғы сө­зін айтқан тұста шығарманың жұм­­­бағы ашылып сала береді. Сол тұста кеуде тұсың шым ете түседі. Тітіркенген бойыңда дызылдап, тамыр-тамырды қуалап белгісіз бір үрейлі ойлар ағыны абдыратып, абыржытып қояды. Жазушының шеберлігі деген де сол емес пе еді өзі?!

Етікші

 

 

Олай болса, провинциялық апталық басылымның бас редакторы отырған кабинетке кіріп, «Қарт Уақыттың кіші бауы­ры» деп суреттелетін бейта­ныс қарияны күте тұрайық. Мі­не, өзі де келді. Алашапқын көр­ген­дей алабажақ киімге, пер­ғауын­дардың мәңгілік тұра­ғы – пирамиданың жасырын бөл­ме­­сіне тап болғандағы ескілік иі­сін­дей иіске арбалып тұрғанда, о кісі қолымызға кәртішкесін де ұсы­­нып үлгерді: есімі – Майкоб Адер.

Содан кейін күкірт тигендей әлдебір кітаптың күңгірт парағын көрсетті, парақта: 1643 жылы Па­рижде он алты ғасыр бойы өмір сүрдім деген бір бейтаныс адам пайда болды. Ол Ғайса пайғамбарды айқышқа керген уақытта Иерусалимде етікші болдым дейді. Есімі – Майкоб Адер. Ғайса Понти Пилаттың жазасын көтеріп, өз айқышын өзі арқалап бара жатқанда осы етікшінің есігінің алдына тынығу үшін отыр­ғанын айтады. Етікші болса пайғамбарға қол көтеріп, есігінің алдынан қуады: «әрі кет, неменеге тосылып қалдың?», дейді. Сонда Ғайса: «Мен кетемін, бірақ сен де мен келгенше күтетін боласың», дейді. Сол бір сәттен бері ол өмір сүріп келеді, Ғайса қайта келгенше, әрбір жүз жыл сайын қандай да бір трансқа ұшырап, қайтадан сол отыз жас­тағы қалпына оралып отырады. Майкоб Адер, мәңгілік тірі адам­ның (Вечный Жид) тарихы осындай».

Осыдан аян болғандай, етікші Майкоб Адер араға тағы үш жүз жыл салып, тағы да газет редакциясына келіп отыр. Қартайған, қажыған.

Етікші өзінің осы екі мың жыл бойы кешкен өмірін, көр­ген адамдарын тәптіштеп айта бас­тайды. Барған жерімнің бәрі­не бәлекетім тиеді дейді. Ол бар­ғанда Рим өртенді, империялар құлады, су тасқыны болды деген­дей...  Айтпақшы, етік­шіміз Ақсақ Темірді көрдім дейді. Жақсы кісі еді, Самарқанға қойыл­ды, жерлеуіне қатыстым деп отыр.

Әлгі газеттің редакторы се­кілді оқырман да осы бір ию-қию оқиғалар тізбегін оқып отырып, алуан ойға қалады. Бұл шынымен де сол лағнетке ұшыраған етікші ме, ол қайда барса, сонда ұшатын жеті құс – айқыш ағашын жерге қадаған жеті адам ба?! Редактор да аң-таң, біз де аң-таң.

Оқиға О.Генри қаламына тән өрнекпен өрби берсін. Біз соңына өтейік. Редактор бұл етік­ші жайлы елден сұрастыра жүріп, қалашықтың көне тұр­ғын­дарының бірі Селлерске жо­лығады.

Ескібет кісінің айтуынша, бұл осында келген жылдары да Майкоб етікші болған екен. Жай етік­ші емес, оқымысты етікші. Майкоб біраз уақыт кәдімгі қа­лыпты адамдай қарекетін қылып, қамын жасап жүріп, ара-тұра ішіп кетеді. Ішкен кезінде ол елдің бәріне өзінің Иерусалимнен келген етікші екенін айта бастайды. Ішімдік тыйылған күні, сөз де тыйылады. Осыған бағып, мас адамның мазасыз шақтағы мағынасыз сөздері екен деген де ойға қаламыз. Бірақ мұның өмірінде бір кілтипан бар.

Осыдан отыз жылдай бұрын Майкобтың жаз гүліндей жай­қалып өскен қызы болған. Бұл қалашық құдай жолына құлай беріл­ген қауымның мекені. Қыз болса, қылықты екен, ер­кін жүріп-тұрғанды ұнатқан сы­ңайлы, жеңілтектеу болса керек. Әкесі қызын үйден қуып жібереді. Араға жылдар салып, қыз қайта оралады, бұл жолы тақуа қалашықтың маңдайына таңба салғандай болып, үлде мен бүлдеге, алтынға оранып келеді. Қалашық қауымы қызды қуғындап, тас лақтырып, тарпа бас салады. Қашқан қыз әкесінің үйіне келіп, есігін соққылайды. Есік­ті ашқан Майкоб Адер өзінің қызын көргенде, ашуға булығып, қызына қол көтереді де, итеріп жіберіп, есігін жауып ала қояды.

Бұл не? Лағнетке ұшыраған етікшінің әрбір жүз жыл сайын­ғы өмірінде баласы болып, пай­ғамбарды қуғандай сол балаларын да қуатын қарғысқа тап болғаны ма? Жоқ, менің ойымша, О.Генри көне оқиғаны қисық ай­на тәрізді көрсетіп отыр. Әрбір адам, ата-анасына, бауырына, қауы­мына қол көтерсе, я оны қу­даласа, ол да пайғамбарды ұрып қарғысқа ұшыраумен тең бол­­ғаны ғой?.. Жазушының айт­қысы келгені осы мораль ма, тұра тұрыңыз, моральды Толс­тойға қалдырайық, ал бұл әңгі­менің шешімі – оқырманның өз ен­шісінде.

 

Толстой

Бәрін ойға алған, бәрін ойға алу арқылы бәріне айналған Тол­стой, бәрін жазған, бәрін жазу арқылы бәрінде жазылған Тол­стой, кең Толстой, кемел Толстой бұл тақырыпты да қалдырмапты.

Жалпы, Толстой етікшілікті өнер ретінде үйренген, жазу­шы болмаса, етікші болар еді де­гізген, етікші образына бір­неше мәрте оралып отырған.

Әдебиеттегі етікші образы, етікшілер туралы шығармаларды оқығанда Лев Толстойдың екі әңгімесі ұшырасты: «Чем люди живы?» және «Где любовь, там и бог». О.Генридің Майкоб Аде­рінің қалай жүрегінен құ­дайды жоғалтып алғанын айт­қандықтан, жүрегінен құдайды тапқан етікші туралы айту да қажет. Сондықтан «Махаббат қайда болса, құдай сонда» әңгі­месіндегі Мартын Ав­деичке тоқ­талғанды жөн көр­дік.

Етікші Мартын жертөледе тұрады, сондықтан оның терезе­сінен көшеде жүрген адамдардың басы емес, аяғы ғана көрінеді. Бі­рақ етікшіге сол да жетеді, ол кісіні аяқ киімінен таниды. Мұн­да да үлкен пәлсафа жатыр.

Қысқаша баяндасақ, Мартын әйелін жерге тапсырады, бір баласы қалады, бірақ сол Капитошка да бір күні сырқаттан көз жұмады. Осы тұстан Мартынның ішкі қара­ма-қайшылығы басталады. Қарама-қайшылық қарсылыққа ұласады. Құдайға деген ішкі қарсылыққа. Ол шіркеуге баруды доғарады. Сондай шақтың бірінде бір құдайшыл жерлес қария кісі ұшырасып, шер тар­қатысады. «Сен өмірді енді өзің үшін сүргің келмесе, құдай үшін сүр. Саған өмір берген сол емес пе?! Дейді ол.

Мартын Авдеич қасиетті кі­тап­тарды парақтап, діні қайта бекіп, жүрегіндегі жегідей жеген қайғы мен шері жеңілдей ба­с­тайды.

Аян дейміз ғой, Мартынге бір уақта дауыс естіледі: «Мен саған қонаққа келемін» дейді. Со­дан бастап Авдеич құдайдан хабар күтеді, күнде терезеден телміріп, көз алмайды. Қар кү­реп жүрген қарт көршісіне шай береді, баласын құшақтап боранда тұрған келіншекке ас беріп, жамылғы ұсынады, бір қап алма арқалаған кейуана мен оның алмасын ұрламақ болған баланы татулас­тырады, не керек, соның бәрімен әуре болып жүрсе де, құ­дайдан хабар күте береді. Әбден қара кеш кіріп, қараңғы көз байлап, қалжыраған уақытта бөлмесінде әлгі өзі көмектескен адамдардың елесі пайда болады. Соның әрбірі «Мартын, ә, Мартын, сен мені танымадың ба? Бұл – мен ғой» деп, жоқ болып кетеді. Мартын құдайды солай табады.

Майкоб пен мартын образын­дағы қарама-қайшылық олардың ғажайып үйлесіміне айналатын­дай. Екі етікші – құдайды жоғалт­қан және құдайды тапқан. Мұнда Толс­тойдың христиан дінінде ай­ты­латын пайғамбарды ұрған етікші (Вечный Жид) образын пайғамбар белгісіне қамқор бол­ған етікші образына алмастыруын көреміз. Толстой әрине ол етік­ші жайлы білді. Ол етікші жай­лы әңгіменің қай діннің де негізгі өзегі – мейірім мен ке­ші­рім концепциясына сәйкес бол­май, қарсы көрініп тұрғанын да аңғарды. Сондықтан да Толстой құдайды тапқан етікші образын тудырды деп ойлаймыз.

 

Карай

Түрік жазушысы Рефик Халид Карайдың Хасаны, жат жер­ге жалғыздықтың қасқа құ­лынын жайдақ мініп кетіп бара жатқан жетім бала; кешкі Ыстан­бұлдың оттары теңізге ша­ғылысып жалт-жұлт етіп, сол оттар жас баланың жанарын­да әлдебір жасыған үміттер мен жасқаншақ армандардың кө­мескі сәулесіндей ойнап, біресе ұмытыла бастаған әке көздерінің нұрындай, біресе енді көрінбес ана көздерінің шуағындай есін алмай ма, елегзітпей ме, жас жүректі парша-парша етіп тілгі­лемей ме, дүние-ай.

Хасан қайда барады? Хасан қалай өмір сүреді? Хасанға кім қорған болады? Иә, Хасанға өзінің туған жері – Түркияда емес, Арабияда абзал болады дей­ді оны шығарып салып тұр­ғандар. Ұйпа-тұйпа шаштары ұйқы-тұйқы беймәлім күндерге қарай көтерілген жалау деші, жалау деші – жыртылған.

 Ал Хасанның өзі мәз. Бес жасар балаға біреудің саусағын көрсеткені де ойын емес пе?!

Хасан кемеден түсіп, пойыз­ға мінеді, жүйткиді пойыз ат­қақтаған жүректей асығыс соғып. Жалпы, осы бала жүрегі неге жүр­дек соғады екен? Бала жүрегі неге ауыздан шығып кетердей ал­қынып соғады? Неге біз есейген сайын жүрек соғысымыз сая­бырлай бастайды, санап соғып, қан суытады? Содан ба екен, есейген соң біздің алып-ұш­пайтынымыз, құшақты айқара ашып адам құшпайтынымыз, содан ба екен, қатаятынымыз, қаты­гезденетініміз, Әуезовше айт­қанда, қанымызды ішімізге тартып, сұрлана қалатынымыз.

Пойыз жүйткіген сайын жап-жасыл дала сарғая бастай­ды, төгі­ліп жатқан жеміс тара­зыға түседі, сайранды өлке са­ғым­данады. Осы бір дүниеге сырттай қа­рағанда, өзгеріп жат­қан дала емес, баланың өмірі еке­нін ойлай қаласың.

Рефик Халид Карайдың «Eskici» деген әңгімесіндегі әлгі ескі-құсқы сататын, етік жөн­­дейтін егде жастағы ер кісі мен жат жерге келген бес жасар баланың образынан ескі мен жаңа­ның бетпе-бет келуі, жастық пен қарттықтың, алғашқы арман­дар мен ақырғы тоқтамның, Түр­киядағы бұрынғы дәстүрлі қоғам – империя мен жаңа қоғамның жас бейнесі емес пе екен деген ой­ға қаласың.

Неге десеңіз, Карай бұл шы­ғар­масын 1938 жылы жаздым деп көрсетіпті. Бұл жыл – жазушы Карайдың ұзақ жылдарға созылған қуғындалуынан, нақты айтқанда, жер аударылуынан кейін Ататүрік жайлы мақтаулы мақала жазып, кешірім алып, ата жұртына қайтып оралған жылы.

Хасан Арабияға барғанда түрік тілінде түсінісер жан таппай, тілсіз баладай, үнсіз моладай күн кешеді. Осы үнсіздік – жазушының сонда енді Осман империясына емес, Сирияға қараған Бейрутте жүруі, жер аударылғандағы жан дүниесінің үнсіздігі емес пе екен деп те ойлайсың. Хасан мен кәрі етік­шінің кездесуі – тұтас бір драма. Етікшінің жұмысына қарап тұрған бала бір кезде, өзінің қайда жүргенін ұмытқандай, тү­рік тілінде «тіліңе шеге батпай ма?» дегендей етікшіге қарап сөйлеп жібереді. Сонда етікші де түрік тілінде: «Сен түрік ба­ласысың ба?» деп  тіл қатады. Ал енді Хасанның тілін байлап көріңіз, сонша уақыт іші толған бала жамыраған төлдей жаныға шулап, жалғыз өзі самбырлап, сағымға бөленген сары даланы басына көтергендей болады. Талай жыл бойы туған тілінде сөз естімеген етікші де баланы қуаттап, қоштап қойып, құлақ құрышын ана тілінің аңсарлы сөзіне қандырады.

Қоштасар сәт келгенде, қыс­тығып қалған бала көңіл қиғылық салғандай көз жасына ерік береді, тоқтамай солықтап, өксіп жылайды. Жат жерде жер ауғандай болып жолыққан екі түрік баласы жыламай енді қайтсін?! Ақыры баланы жұбатпақ болған етікшінің өзі де қосылып, еңкіл­деп жылап жібереді. Әңгімеге осы көздің бір тамшы жасымен нүк­те қойылады.

Карай осы әңгімеде тіпті өз өмірінің екі кезеңін жазып та отырғандай әсер қалдырады.

 

Чехов

Чехов, неге екені, өзінің «Сапожник и нечистая сила» әңгімесінен ұялатынын айтады. «Мне стыдно за него» дейді.

Жарайды, осы әңгімені оқы­ғанда бірден Лафонтеннің етікші жайлы әпсанасы ойға оралды. Бір бай алыпсатар болады, күндіз күлкі, түнде ұйқысыз қазынасын уайымдайды, ал көршісі – жарлы-жақыбай етікші, күнімен күліп жүріп, еңбек етіп, түнімен ән салады. Бай кедейді шақырып алып, бір қап алтын береді. Енді кедей ұйқы мен күлкіден қалады. Сонша азаптанған байғұс етікші әлгі алтынды ақыр соңында қай­тарып беріп, қайғысыз өмірін қа­йыра сатып алғандай күн кешеді.

Чеховтың Федор Ниловы да сол, бірақ бір өзгешелігі: ке­­дей етікші, бірақ жаны ты­ным­­­сыз, жүрегі тынышсыз. Себебі басқалардың байлы­ғын қыз­ғанады. Жоғарғы аудандар­дың бірінд­е тұратын көк көзіл­дірік киген кісіден тапсырыс алып, соны түні бойы тігеді. Өзі әл­гі кісіден аздап үрейленетіндей. Еті­гін тігіп отырып, қалғып ке­теді. Қалғып кетіппін-ау деп, қара­са – етік даяр тұр, түнді тіліп өтіп етікті алып барады. Көк көзілдірікті кісіге етікті кигіз­бек болғанда, оның аяғы – тұяқ екенін көреді. Шошынған Нилов, өз қорқынышын жеңіп, жанын әзәзілге сатқандай, жа­ңағы кісіден тілек сұрайды. Ақыры, бай болады. Байлық опа бермейді. Лафонтен етікшісіндей ұйқы мен күлкіден қағылады. Не керек, ақыры оянып кетеді, оян­са – бәрі де түс екен. Ал әлгі көк көзілдірікті кісі келіп етігін сұ­рап тұр.

Мұнда бір нәрсені байқадық. Жан де Лафонтен өзінің көп мы­сал­дарын Эзоптан алған. Ал Эзопта етікші образы – алдамшы, қу, өтірікші адамның бей­несінде жиі кездеседі. Чехов етікшісі өзінің жанын дүние үшін әзәзілге сатып жіберуге дайын тұрғаны таңсық та емес. Бұл Чехов қаламына тән тәсіл ғой. Ал Толстой етікшісі, әрине – басқа.

 

Тарази

1982 жылы жазылған Жак Лобтың ғылыми-фантастикалық комиксін 2013 жылы төрт дүркін «Оскар» сыйлығының иегері оңтүстіккореялық режиссер Пон Чжун Хо «Қысты көктей өту» («Сквозь снег») атты заманақыр тақырыбына арналған үздік фильмге айналдырды. Сәтсіз экологиялық эксперименттен кейін жер бетін қар басып, мұз құрсап, арнайы жасақталған пойыз­ ішіндегі адамдар ғана тірі қа­лады. Олар жер шарын 18 жыл бойы айналып жүреді. Осы фильмде ақырғы вагонға тиелген (иә, орналасқан емес, тиелген) әлеуметтік иерархияның ең төменгі сатысындағы адамдар азапты тірлік кешеді. Ақыры, бүлік бұрқ қалады. Бүліктің басында төменгі шектегі адам­дардың бірі жоғарғы таптың өкі­ліне қарай өз бәтіңкесін лақтырып кеп жібереді. Бәтіңке бас жарады. Сонда әлгі жоғарғы тап өкілі бәтіңкені қолына ұстап тұрып, бы­лай дейді: «Бұл – бәтіңке емес, анархия. 44-ші размерлі хаос. Бұл – өлім. Бізді қорғап және сақтап тұр­­ған не нәрсе? Киім бе, қалқан ба? Жоқ, ол – тәртіп. Әркім өзіне белгі­­ленген нақты орында болуы керек».

Осыны көрген сәтте фильм тү­гілі, тіпті комикстің өзінен жиырма жылдай бұрын жазылған Әкім Таразидың «Етікші» деген фельетон-әңгімесі еске түсті. Та­рази «етікшісі» тек қана 38-ші размерлі етік тігеді. Кім білсін, қолында сол размердің ғана қалы­бы болуы да мүмкін. Бірақ жазу­шының көркемдік шешімі басқа.

Әкім Тарази осы әңгімесін «мені әдебиетке алып келген әңгі­мем» деп бағалайды. Ол жайында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында:

«Менің әдебиетке келуім, бір жағы қалжыңға сүйеп айтсам, етікшіге байланысты болды. Кә­дімгі етік тігетін кісі. Біздің үйдің қасында бір етікші кісі тұрды. Үйінің алдынан арлы-берлі өтіп жүремін. Бір күні «Әй бала, бері кел!» деп шақырып алды.

– Мен етік тігудің шебері­мін. Міне, мына етіктерді қарашы. Мына етік, ана етік. Менің тек бір кемшілігім бар. Мен тек 38-ші өлшем етік тігемін...

...Мен үндемей тыңдап тұр­мын. ­«Неге?» деп сұрасам тағы да қиын боп қала ма деймін. Ал етік­ші көр­шіміз әңгімесін әрі қарай ай­та берді.

– Сен білесің бе? Совет Ода­ғының жауы көп, – деді, – Егер мен 39, 40, 41-ші размерлі етіктерді тік­сем, анау америкалықтар, ағыл­шындар, немістер ойлайды ғой, мынау Қазақстандағы қазақтардың бәрінің аяқтары өсіп кеткен екен деп. Ертеңнен қара кешке дейін жұмыс істейді екен деп ойлайды. Ал егер 38-ден төмен, 35, 36-шы өлшемді етік тіксем, дұшпандарымыз аямайды бізді. «Әй, мыналар жалқау екен, үйден шықпай жатып алады екен. Сондықтан аяқтары өспей қалған» деп ойлайды. Осы себептен де мен ылғи тек қана 38-ші өлшем етік тігемін. Үйге келгесін бәрін әкеме айтып едім: «Қарағым, ол үйге неменеге барып жүрсің. Ол бір есі кіресілі-шығасылы науқас адам ғой» деп қабағын шытты. Кейін ойласам, науқас адам тұрмақ, сау адамның да кеңестік санасының осыдан озып кеткені шамалы екен-ау. Мен оны қайдан білейін, содан кейін сол әсермен «Етікші» деген» фельетон сыпатындағы әңгіме жаздым» дейді жазушы.

Енді қараңыз, батыс жұртшы­лығы кезінде сарказммен «Homo Soveticus» яғни «Совет адамы» деп атаған әлеуметтік тип кеңес­тік социалистік жүйе шектеп берген қалыпта өмір сүргенін көреміз. Ойлау жүйесіндегі қалып оның іс-әрекетіне де тікелей әсер етіп отыр. Осы кейіпкерден байлаулы, көгендеулі, шырмаулы, кісенеулі кісі санасын аңғарасыз. «Адамдардың бәрі тең» дегенде әлеу­меттік теңдік емес, ойлауда, сезінуде, түйсінуде, амалда, қа­ре­кетте «стандартқа» байлану айтылады. Біркелкі бес қабатты сұп-сұр панель үйлерде тұру, мектеп оқушылары секілді бірдей үлгілерде киіну, ұқсас көліктер, ұқсас армандар мен үміттер...

Тарази кейіпкерінің неге 38-ші размерлі етік тігетіні, неге жазушы 38-ші размерді алып отыр­ғаны ойландырды. Өйткені 38-ші размер ер кісінің размері емес, тіпті орта размер де емес. Пон Чжун Хо кейіпкері «хаос 44-го размера» десе, Тарази кейіпкері «38-ші размерлі көнбістік пен қор­қыныш» дейтіндей. Демек, бұл «көнбістіктің» арғы түкпірінде 1937-1938 жылдардағы сталиндік репрессия тұр. «38-ші размерлі үрей» тоталитарлық жүйенің стандартынан басқаша ойлайтын адамдардың барлығын жойған, ат­қан, атаусыз қалдырған кезең­нен мұра болып қалған үрей. Әрқашан сол қоғамдағы адам­дардың ойында 1938 жылғы репрессия тұрды. Тарази етікшісі осы үрейдің көрінісі. Басқаша ойлауға болмайды, басқа раз­мерлі етік тігуге болмайды. Етік­ші сол 1938 жылы әкесін, бауырын, тіпті әулетін репрессияға бер­ген адам болуы да ғажап емес.