Аймақтар • 18 Ақпан, 2021

Қайтарымсыз гранттың қайырымы мол

269 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбе­новтің айтуынша, биыл Тобыл өңірінде 1 250 тұрғын «Бас­тау» жо­басы бойынша кәсіп­кер­лік негіз­дерін меңгеру курста­рында білім алады. Курсты тә­мам­даған­дар­ды мемлекет «Биз­нестің жол картасы-2025», «Ең­бек» бағ­дар­ламалары арқылы қол­дап, кәсіп бастауға немесе бұрыннан бар кәсі­бін кеңейтуге қайтарымсыз грант қаржысын береді.

Қайтарымсыз гранттың қайырымы мол

 

Негізінен бидай өңдеу өнеркәсібі жақсы дамыған Қостанай облысында енді күріш өңдеп, кеспе өндіруге ден қойған кәсіпкерлер де табылып жатыр. Тобыл өңірі үшін тосындау кәсіпті қолға алып жатқандардың бірі – Жітіқара қаласының тұрғыны Елена Кияшко. Кәсіпкер мем­лекеттік бағдарламаға қатысып, күріш кеспесін өндіретін цех ашу үшін 4 млн 355 мың теңге қайтарымсыз грант қаржысын ұтып алды.

Елена Кияшко былтыр облыстық кәсіп­керлер палатасы жанындағы «Бас­тау» кур­сын тәмамдап, суши-кафетерий ғи­ма­ратын сатып алуға 6 пайыздық жеңіл­дік­пен қомақты несие алған. Биыл кәсібін ке­ңейту мақсатында грантқа өтініш беріп, мем­лекеттік қолдау қаржыға тағы қол жеткізіп отыр.

– Сушиді біраз уақыт үйде дайындап жүрдім. Кейін бір шағын ғимаратты жалға алып, тағамды сол жерде дайындап, тапсырыс берушілердің үйіне апарып беретін болдым. Өйткені дәмхана ғимараты тар, небәрі екі-ақ орындық сияды. Осылайша, біртіндеп тапсырыс көбейіп, жалғыз өзім үлгере алмай бара жатқан соң, кәсібімді кеңейту жағын ойластыра бастадым. Содан аудандық кәсіпкерлікті қолдау бөлі­міндегі мамандардың кеңесімен «Бастау» курсында білім алдым. Бизнес-жобамды сәтті қорғап шығып, 8,2 млн теңге жеңіл несиеге қол жеткізіп, үлкен ғимарат сатып алдым, – дейді кәсіпкер.

Бизнестің қыр-сырын меңгеріп, өнім сапалы әрі қолжетімді болса ғана өтімді болатынын аңғара бастаған Елена Кияшко мұнымен тоқтап қалмай, кәсібін одан әрі кеңейтіп, енді суши тағамына қажет шикізатты өзі өндіріп көрмекке бел байлайды. Өйткені күнде сатып алып жүрген күріш кеспесінің бағасы удай. Бұл өнім бағасына әсер ететіндіктен, кейде тапсырыс берушілер де наразылық танытып жатады. Осылайша, кәсіпкер мемлекет гранты­на екінші рет өтінім беріп, өзі көздеген цех ашу­ға жеткілікті қаржыға қол жеткізіп отыр.

Қомақты қаржы қолына тиген соң қамыр илегіш, бірнеше арнайы үстел, тоңазытқыш, кеспе кесетін құрылғы сатып алған кәсіпкер қазір жеке цехын іске қосуға да­йындап жатыр. Ғимаратын бастан-аяқ жөндеуден өткізіп, жұмысшылар қабылдауда.

– Күріш кеспесі өндірісінің технологиясын Екатеринбург қаласында үйрендім. Біздің кеспелер шетелден келетін өнімнен анағұрлым арзан болады. Мұның сыртында, біз күріш ұнын өзіміз дайындаймыз. Мұндай ұн қымбат тұрады. Оны өзіміз дайындасақ, өндіріске кететін шығын да азаяды, – деді іскер әйел.

Кәсіпкер күріш кеспесі өндірісін негі­зінен өз дәмханасының қажетін өтеу үшін қолға алған. Алайда өнім артылып жатса, қала дүкендеріне де таратып, сатуды жос­парлап отыр.

 

Қостанай облысы