Соңғы кезде Қазақстанның сыртқы қарызы 160,9 млрд долларға жеткені айтыла бастады. Сарапшылар болса, сыртқы қарыз бен мемлекеттік қарызды бір-бірімен шатастыруға болмайтынын айтады. 2020 жылдың қазан айындағы ресми мәлімет бойынша мемлекеттік сыртқы борыш ел қарызының тек 8,2%-ын немесе 13,2 млрд долларды, ал квазимемлекеттік сектордың сыртқы борышы 12,5%-ды немесе 20,1 млрд долларды құрайды.
Экономист, Public Policy Reseaerch Center директоры Меруерт Махмұтованың пікіріне ден қойсақ, 2000 жылдың басында мемлекеттің экономикадағы үлесі 63 пайыз болатын. Былтыр бұл көрсеткіш 15 пайызға төмендеуі тиіс еді. Бірақ Меруерт Махмұтова экономикадағы мемлекеттің үлесі квазисектордың есебінен жоғары болып тұрғанын айтады. «Бізде дербес компания ашқысы келген заңды тұлғалар ашық нарықта жұмыс істесе, мүмкіндігінше мемлекеттің қанатының астына паналауға тырысады. Олардың экономиканың дамудағы үлесі өте төмен. Квазисекторға шектеу қоймай, мәселені шешу мүмкін емес», дейді М.Махмұтова.
«Қазақстандық миноритарлық акционерлер қауымдастығы» коммерциялық емес ұйымының атқарушы директоры (QAMS) Данияр Темірбаев Ұлттық банктің және екінші деңгейлі банктердің 2008 жылдан бергі уақыттағы ішкі нарыққа деген ұстанымын «крест жорығына» теңейді. Ұлттық банк бұл қатал теңеуді мойындамаса да, өз әрекетін күрделі жағдайды болдырмас үшін қабылданған шешім деп түсіндіріп әлек. «Бұл фактор ішкі нарыққа кері әсер етті: жаңа ойыншылардың ашық нарыққа шығу мүмкіндігі шектеліп қалды. Бұрыннан келе жатқан ойыншылар қаржы нарығының, оның ішінде қор нарығының дамуына мүдделілік танытпады. Бұл фактор «комфортты аймақты еркін жайлап алған» кейбір ойыншылардың шетелдік қаржы ұйымдарымен бәсекелесу мүмкіндігін төмендетіп жіберді», дейді Д.Темірбаев.
Д.Темірбаев айтып өткендей, әлемдік пандемия кезінде экономиканың мемлекеттің көмегіне сүйенгені, мемлекеттің түрлі қаржылық тетіктері арқылы экономиканы көтермелеуі − заңды құбылыс. Бірақ карантиндік шектеулер алынып тасталғаннан кейін мемлекеттің экономикаға араласуының қажеті жоқ. Енді тек қандай бағытта алға жылжу қажеттігін айқындап алған жөн. 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарындағы IPO арқылы жекешелендіруге жататын 8 компанияның тек біреуі – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ» АҚ нарыққа шығарылған. Соңғы жиырма жыл ішінде Қазақстанда мемлекеттік компаниялардың тек 5-еуі ғана IPO-ға өткенін, ұлттық инвестор атануға орта есеппен 4 жылда бір мүмкіндік берілетінін қаперге салды. Олар − «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру (ҚМГ БӨ), «Қазақтелеком», «ҚазТрансОйл» (ҚТО), «KEGOC» және «Қазатомөнеркәсіп». «Мемлекет иелігіндегі компанияларды жекешелендіру кезінде халықтан ештеңені жасырып қалуға болмайды, үлестің кімдерге сатылғаны да, одан түскен қаржы қандай мақсатқа жұмсалғаны да ашық айтылуы керек. Бұл процесті қазір интернет, аукцион жүйесінде IT мүмкіндігін қолдана отырып, жүргізуге болады», дейді Д.Темірбаев.
Сарапшылар мемлекеттің экономикадағы үлесінің көптігінен ішкі нарық көтерем жағдайға жеткенін айтады: 2008-2020 жылдар арасында нарықтық құны 36,7 трлн теңгеге қаржыландырған 18 бағдарлама қабылданды. Тек 2008-2020 жылдар арасында коммерциялық банктер берген корпоративті несиелердің жалпы көлемі 7,3 трлн теңгені құрады. Осылайша, мемлекет әртүрлі бағдарламаларды қаржыландырып келгеннен кейін банк секторы экономиканы қаржыландыруға онша ынталы бола қойған жоқ.
Экономикалық тұрғыдан алғанда, қазіргі жағдай тұрақты. Асып-тасып кетпесек те экономикалық өсім бар. Бірақ сарапшы-кәсіпкер Санжар Боқаев Қазақстан экономикасында әйгілі «голланд ауруының» классикалық белгілері қоюланып бара жатқанын айтады. Бұл кедергі мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтуды белгісіз мерзімге ұзартып жіберуі мүмкін. Сондықтан оның алдын алу шараларын қарастыру қажет. Мысалы, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларды қысқартқан жөн. Бұл ішкі нарықты саны бар, сапасы жоқ компаниялардан тазартады, зейнетақы активтеріне, институционалдық инвесторларға қатысты ұсыныстардың пайда болуына жол ашады. «Әлемдік нарықта мемлекеттік бюджет қаржыландырылған бағдарламалардың тиімділігін тәуелсіз сарапшылар сараптайды. Біздің елде салалық бағдарламаларды дайындауға кімнің қатысатыны белгісіз. Оны қаржыландыру да түрлі ведомстволар арасында кезегімен үлес алып отыратын «қара кассаға» көбірек ұқсайды. Бағдарлама қаржыландырылды, қаржы қалтаға түсті, сонымен іс бітті», дейді С.Боқаев.
Компанияларды мемлекеттің иелігінен ажырату процесінде күмәнді тұстардың көп екенін, бизнес қауымдастық олардың сатылатыны туралы республикалық газеттерден білетінін айтқан ол 40 млрд теңге тұратын компания бар болғаны 3-4 млрд теңгеге сатылатынын атап өтті. «Біз бүгінге дейін осы процестің барынша ашық болуын, сатылымға шығарылған компаниялардың акцияларын ашық конкурста кім сатып алғаны жөніндегі мәліметтерді талап еттік әрі компанияны басқаруға келгендердің біліктілігі де соған сай болса екен дедік. Бірақ ұсыныс сөз жүзінде қалды», дейді С.Боқаев.
Қазақстандағы қаржы нарығындағы квазисектор дегенде ең алдымен микроқаржы ұйымдары еске түседі. Олардың қаржылық капиталы кейбір екінші деңгейдегі банктердің капиталын он есе орап алатынына банк қызметкерлерінің өздері таңғалады.
Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаев былтырғы жылдың соңында Парламент Сенатының отырысында микроқаржылық ұйымдар экономиканың нақты секторын несиелендіруге қатысатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, банктердің шағын және орта бизнеспен жұмыс істеудегі тәжірибесі аз. Есесіне, микроқаржылық ұйымдардың тәжірибесі мол. Сондықтан бұл шешім – ШОБ-ты қосымша қаржыландыруға таптырмайтын мүмкіндік. Міне, осыдан кейін еліміздің барлық аймағында микрокредит ұйымдары құрыла бастады, оған әкімдіктердің қатысу үлесі 49%-ды құрады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқармасы жаңа қаулының жобасын жариялады. Онда халыққа несие беретін ұйымдардың борышкерлер үстінен көретін табысы заңмен реттелді. Сарапшылардың айтуынша, несиенің үстінен берілетін жоғары пайыз коммерциялық банктердің де, МҚҰ беретін кредитке де бірдей қолданылады. Ең жоғары сыйақы арқылы олар аста-төк пайда көреді. Алдағы уақытта бұл тәжірибе жойылуға тиіс. Қолданыстағы «Микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақының шекті мәнін белгілеу туралы» қаулыда сыйақы мөлшері бәріне 30% деп белгіленген. Енді МҚҰ-лардың сыйақысы 20%-ға дейін төмендетіледі.
Сарапшылар осы ретте квазимемлекеттік сектордың атын жамылып, 200 пайызбен несие беріп жүрген институттарды мемлекеттің қарауынан алып, жекеменшік секторға өте бастағанын жаңалықтың басы деп отыр. Осы уақытқа дейін аудан әкімдерінің балансында болған, кейбір жергілікті басшылардың «қалтасын қалыңдатып» келген квазимемлекеттік қаржы ұйымдары да жеке шығуы керек. Егер олар мемлекеттен еншісін алып, еркін айналымға шықса, қаржы саясатын дербес жүргізуге де мүмкіндік болады, дейді сарапшылар.
Экономист С.Жобаев квазимемлекеттік институттарды әкімдердің ықпалынан алу үшін мемлекеттің үлесін 49 пайыздан да азайтып, құрамына тәуелсіз сарапшыларды қосу керектігін айтады.
– Мемлекет экономикадағы үлесін азайтуды квазимемлекеттік ұйымдардан бастамаса, тірліктің бәрі бос деген сөз. «Бәйтерек», «Даму» сияқты қаржы институттарының бәрі – мемлекеттің бақылауында. Оларды жекешелендірмей, «Атамекен» ҰКП-дағы микроқаржылық ұйымдар номенклатуралық тетіктер арқылы қолдан ұйымдастырылған қысымның қыспағынан құтыла алмайды, – дейді ол.
АЛМАТЫ