ес, әкесі соғысқа қатыспаған. Бірақ ақынның нәзік лирикасының артында соғыс жылдарындағы жұрттың күйзелісі, балалығы ұрланған жеткіншектің ішкі мұңы сығалайды. Соғыс аяқталғанда 15 жаста болған жасөспірімнің ақындыққа жеткенде нәзік лирикаға бой ұруының сыры осы тақырыпты іштей ұнатпағанынан деп түсінуге болады. Дегенмен, ақынның өз басынан өткен жетімдікті сипаттаған «Өгей шешесінде» соғыс зары, жоқтау бар. «Мен туыппын ақпандатқан боранда...» өлеңінде туған жерге деген сағыныш, адам мен табиғаттың байланысы ғажап үйлесім тапқан.
Алға қаласында Ізтай Мәмбетовтің туған әпкесі – 94 жастағы Айман әжей тұрады. Орта бойлы, тап-тұйнақтай, мәдениетті, жады өте мықты кейуана кезінде Алға, Мұғалжар аудандарының мектептерінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген екен. Көзі көрмей қалған кейуана бізге туған інісі жайлы көпшілік біле бермейтін естеліктерімен бөлісті.
Аштық пен балалық
Ізтай 1929 жылы Алға ауданының Бесқоспа ауылында дүниеге келген. Ақынның шын есімі – Ізбасқан, бірақ жастайынан еркелетіп Ізтай атандырған. Әкесі –Тілеулі, шешесі – Күнзила.
«Әкем ұзын бойлы, сымбатты, атжақты, қыр мұрынды, көзі көк, мінезі біртоға, көп сөйлемейтін жуас адам еді. Оқымаған. Бірақ ел ішінде балуандығымен аты шыққан. Шешем де Бесқоспадан».
1930 жылы әке-шешесі Бесқоспадан Ақтөбеге көшіп келіп, базардың жанындағы Тамды көшесінен баспана сатып алады. Айман ол кезде төрт жаста, Ізтай бір жасқа да толмаған.
«Үй дегеніміз төргі бөлме мен от жағатын пеші тұрған кіреберісі бар, төбесін лай балшықпен жапқан қоржын там. Ата-анам Бесқоспада адамдар аштан өліп, жағдай қиындағанда қалаға көшкен сияқты. Үйіміздің артында ұзын терең сай бар еді, оның арғы басында үлкен диірмен орналасқан. Жақын маңдағы ауылдар диірменге арбамен тары тасиды. Әкем осы жерге жүкші болып жұмысқа кірді. Ертеден қара кешке дейін қанар қаптарды диірменге тасып қажыған әкем күнде кешкілік бір кесе тары әкеледі. Шешем оны қол диірменге тартып ұн қылады. Қорегіміз осы ғана».
Еңбегі бір кесе тарыға байланған әкенің ойына «балаларымды өлтіріп алармын» деген қорқыныш кіріп, ауыл аралап, жұмыс іздемекке бел байлайды. Жұмыс болғанда, ел ішінде жиі өткізетін ас пен тойда белбеуін буып, күреске шықпақшы болған. Бірақ 1930-жылдары қайдағы ас пен той? Жұрт бұрынғыдай той жасап, түнде ақсүйек ойнамайды, жаназа шығарылмайды, Құран оқылмайды. Әкесінің шешесіне «Құран оқығандарды ұстап алып, 5-ші түрмеге қамап жатыр» деп сыбырлаған сөзі кішкентай Айманның құлағында өмір бойы қалды.
1932-1934 жылдары Ақтөбе қаңырап қалды. Көшеде бұрынғыдай адам қарасы көрінбейді. Тек бұрыш-бұрышта шаң-топыраққа былғанып жатқан лимонад, квастың бос бөшкелері ғана көзге түседі. Айман мен Ізтай қол ұстасып №6 мектепке сабаққа бара жатқанда, базардың жанында, үйлердің қақпасы алдындағы сәкіде бүк түсіп өліп жатқан талай адамды көрген.
Өгей шеше
Соғыс жылдары Ақтөбеде нан карточкамен беріледі. Жұмыссызға күніне 300 грамм, ал жұмыс істейтін адамға 500 грамм ғана тиісті. Жұрт нан алу үшін дүкен алдында ұзын-сонар кезекке тұрады.
«1944 жылы шешеміз қайтыс болды. Мен ол кезде 18-демін, Ізтай 15 жаста. Үйде сіңлілерім – Айжан мен Дәния, одан кейінгі 4 жастағы Темірхан бар. Темірхан туғаннан аурушаң болды, жата береді. Айжан мен Дәния мектепте оқиды. Шешем қайтыс болған жылы әкем үйленді. Өгей шешеге тап болдық, қарағым. Өгей шешеміз қатаңдау болса да, үш балаға жақсы қарады. Сол жылдары не күйеуі, не баласы жоқ қыз-келіншектерді бірден майданға, не қара жұмысқа алып кететін. Содан қорыққан болар, ол кісі бес баласы бар әкеме тиді».
Ізтай 1947 жылы анасына арнап алғашқы өлеңін жазған. Айман апай осы өлеңнің қолжазбасын сақтап келген. Қазір жатқа оқиды:
Қайран менің мәңгі ұйқыдағы
ана-Айым,
Сағынғаннан сарнап әнге салайын.
Сен бар кезде албырт едім, жас едім,
Тентектіктің істеп едім талайын.
Қайран ана! Жер жамылғы төсенген
Сенсіз ана, үш жыл болды-ау,
өсем мен.
Қызығымды көрсетпеді-ау сұм ажал,
Тоқтар ма еді?
«Тоқта, ажал!» десем мен.
Керегеде асық ойнап, доп қудым,
Үйді көрмей күні бойы көп жүрдім.
Сонда маған бір ұрыспай, кейімей,
Еркелетіп бір болсам да көп қылдың.
Солай-солай 14 жасқа шыққанда,
Айналамды жаңа ғана ұққанда,
Жұлып кетті бақытымды гүлдеген,
Неғып тұрдым ажал сені жұтқанда?!
Сорғалады екі көзден қанды жас,
Жұбатқанда ер мен әйел аралас.
Жұбансам да, жыласам да ажалға
Ішкен-жеген болды-ау маған арам ас.
Жыры осы аңсап жазған ұлыңның,
Аяғы осы, аз ба, көп пе жырымның.
Кешір ана, тентек болған кезімді,
Сұрайды сенен жетім
қалған құлының».
Ақтөбе қаласындағы №6 қазақ орта мектебін алтын медальмен бітірген жас жігіт Алматыға КазГУ-ге оқуға баруды армандайды.
Ақынның жұртқа танылған кезде жазған «Өгей шеше» өлеңі қазақ поэзиясын дүр сілкінткен ерекше құбылыс болды. Мұнда ұрланған балалық, соғыстың зары мен зардабы жасырынған.
«Анам жоқ! Қалдым жетім,
жас моншақтап,
Он төрттен жаңа ғана асқан
шақта-ақ.
Көп өтті көңілсіз күн керуені,
Кенет кірдің сен үйге жасқаншақтап.
Жатырқап сонда саған кілт қарадым,
Жабылған болар жайсыз
бұлт-қабағым.
Үндемей қалғанымды көрсе-дағы,
Жанына үңілмеді жұрт баланың.
Дөңбекшіп көз ілмедім түніменен,
Жетті деп «Өгей шеше күні» деген,
Елестеп туған анам жарқын жүзі,
Қалықтап кетпей қойды үні менен.
Сәл ұйықтап қалған екем
таң алдында,
Ояттың «бар, – деп,
Ізтай, сабағыңа!»
Дір етті алғаш сонда бала жүрек,
Бір сезім жалт еткендей жанарыңда.
Сан рет шұғыла шашып
шығыс таңы.
Апталар айды қуып жылыстады,
Шешіліп сөйлеспестен
жүрдік ұзақ,
Әке де аңдамады жұмыстағы.
Ұмытпан інім мені шақырғаны,
Жығылып, жасын төгіп
жатыр жаным.
Есімде сен де сол сәт жетіп келіп:
«Апыр-ай, қарағым!» деп аһ ұрғаның.
Мен үнсіз екеуіңе қарап едім,
Тұрғызып, жұққан шаңын қаға бердің.
Сипадың маңдайымнан еркелетіп,
Сонда алғаш келді сені ана дегім.
Есімде алыс жолға аттанғаным,
Онда да саған сырды ақтармадым.
Өз анам өскенімді көрмеді-ау деп,
Жанымда жабырқаулы
жатты арманым.
Жасырды көз жасымды алагеуім,
Бір сүйіп маңдайымнан қала бердің.
Мен кеттім, ізіме үнсіз
тұрдың қарап,
Сонда алғаш іштей сені ана дедім.
Аузынан жырып алып сары шалдың,
Барыңды маған сақтап,
маған салдың.
Сағынып жүрдім сені, өзім сезбей,
Жаныңа тез жетуді сан аңсадым.
Өзіңмен көрісуге құмарландым,
Бітердей көңілдегі бар арманым.
Сағынған жас жүректің жалынымен
Сонда алғаш «Анажан!» деп
жыр арнадым...
Қуандың өскеніне талабымның,
Қуандым, құрбылардай аналы ұлмын.
Бір ыстық дәстүрі ғой
туған жұрттың
Баламды бауырыңа алып
бала қылдың.
Жан анам көз жұмса да ерте менің,
Құрбыңның қатарына сен теңедің.
Сен-дағы өз анамсың, өгей емес,
Келеді кеш болса да еркелегім».
Құбылыс
Айман апай Ақтөбедегі үш жылдық оқытушылар институтын 1948 жылы бітірген бойы Орынбор облысының Ақбұлақ ауданының орта мектебіне жолдамамен жіберілген. Сол жылдары уақыт тапса, кішкентай екі сіңлісі мен інісін қарауға Ақтөбеге асығатын. 1947 жылы мектепті алтын медальмен бітірген Ізтай сол жылы КазГУ-ге оқуға барғысы келген. Бірақ қаражат болмады, әрі әкесі алысқа жібергісі жоқ.
«Алматыға жасы 21-ге келгенде, 1950 жылы ғана кетті. Бір көйлек, бір шалбары ғана бар, сырт киімі сырып тіккен күпәйке ғана. Алматыға кетемін дегеніне әуелі әкем ренжіді. Інім тыңдамады. Артынан КазГУ-ге оқуға түскенін хабарлады. Бәріміз қуандық», дейді Айман әже.
Алғашқы махаббат
Жазғы каникулда Ізтай Ақтөбеге келетін. Ол кездегі қала жастарының бас қосатын жері – Пушкин саябағы. Түрлі ағаштар мен жұпар иісі аңқыған, қып-қызыл қызғалдақтары жайнап тұратын әдемі демалыс орнында жаз бойы жастардың би кеші болады. Сондай күндердің бірінде осы саябақта Ізтай Айман апайын Құрмаш деген қызбен таныстырды. Шашы тобығына дейін түскен әдемі, ұяңдау келген Құрмашпен Ізтай бір мектепте оқып, бір партада отырған. Екі жас мектеп бітіргеннен бері сөз байласып жүріпті. Университеттің жоғары курсында оқитын ақын жігіт қыздың әке-шешесінің үйіне барып, рұқсат сұрайды. Бірақ егде жастағы кісілер қыздарын алысқа жіберуге көнбейді. Құрмаш сол жерде жыласа да, әке-шеше жібімейді.
Ізтай оқу бітірген жылы Мұғрипа апаймен бас қосқан. «Мұғрипамен бақытты өмір сүрді, төрт баласы болды. 1974 жылы 1 наурызда Алматыдан «Ізтай жүрек талмасынан қайтыс болды» деген хабар келді. Әкем сол бойы орнынан тұра алмай, жатып қалды. Алматыға баласымен қоштасуға бара алмады», дейді апай. Мұғрипа апай 2006 жылы 70 жасында қайтыс болды.
Өз замандастары – Қуандық Шаңғытбаев, Ғафу Қайырбеков, Хамит Ерғалиев, Тахауи Ахтановпен біріне аға, біріне іні болып сыйласып, қазақ поэзиясының уығын бірге көтеріскен ақын 60-шы жылдары Мұғалжар ауданының «Ақкемер» ауылында тұратын Айман апайына өлеңмен былай деп хат жазыпты:
«Айманым менің, Айманым.
Менің де аз ба арманым?!
Жасыма әлі көрерміз,
Еңбектің қызып жанғанын»,
дейді.
Тағы бір өлең-хаты:
«Алыстан жылы хат келді,
Сағыныш орап ішіне.
Түсірдім сонда есіме,
Балалық өткен жас шақты.
Есімде менің апажан,
Мектепке бірге барған кез.
Көшеден сонда қара қыз,
Тұрушы еді анам күлімдеп,
Білмедік, сірә екеуміз,
Сағыныш барын өмірде».
Пугачевтің қазақ жасағын басқарған Кәрім туралы деректі қайдан алды?
Поэзиясы, жалпы шығармашылығы жүйелі түрде зерттелмеген Ізтай Мәмбетовтің лирик ақын ғана емес, жақсы аудармашы әрі тарихи дастандар жазған. Оның «Көктемір», «Пугачев нөкері», «Пушкин мен Әміржан» атты поэмалары осы күні де жүйелі зерттеуді күтіп тұр.
«Пугачев нөкері» поэмасында Царицын түбіндегі Пугачевтің соңғы шайқасында ерлік көрсеткен қазақ Кәрімнің тағдыры суреттеледі. Ақтық шайқаста Пугачев әскерінің оң қанатын басқарған Овчинников өліп, Пугачев казактармен Еділ өзенінен жүзіп, арғы жағалауға өтпекші болады. Сол қанатын басқарған Кәрімнің атына оқ тиіп құлап, өзі жараланады. Содан ол Еділдің орманына кіріп тығылады. Екі-үш жыл орман ішінде «адам көрсе бірде барып, бірде қаша жүріп», жазалау басылғанда еліне оралмақшы болып Еділде тұрған кемеге тығылып мінген. Бірақ осы жерде әлдекімдер Кәрімді Хиуаға құлдыққа сатып жібереді. Пугачев нөкері 20 жыл құлдықта жүріп, құм ішінен әзер қашып, еліне оралады. Ізтай Мәмбетовтің Пугачев отряды қатарында соғысқан қазақ жігіттері туралы деректі қайдан алғанын Айман әжейден сұрағанымызда, ол Кәрім батырдың Орал жақтың қазағы екенін білетінін ғана айтты.
Ізтай қайтыс болғаннан кейін 1983 жылы Алматыдан «Ақпан» атты таңдамалы өлеңдер жинағы басылып шықты. Содан бері лирик ақынның өлеңдері қайтып баспа бетін көрген жоқ. Тек бірер жыл бұрын Ақтөбеде өлеңдері мен поэмалары қайта шығарылды. 2019 жылы Алға ауданында ақынның 90 жылдығы аталып өтіп, журналист Шара Елеусіз ақынның бұрын еш жерде жарияланбаған өлеңдері мен хаттарын құрастырып, «Табанталда қалған із» атты жинақ шығарды. 2006 жылы Алға аудандық балалар кітапханасы Ізтай Мәмбетовтің есімін иеленді. Осы кітапхана директоры Ақшолпан Ізтілеуова жыл сайын аудан мектептері арасында Ізтай оқуларын тұрақты өткізіп жүр.
Айтарымыз, Ізтай Мәмбетовтен қалған қолжазбалар, бұрын еш жерде жарияланбаған өлеңдері әлі де туыстарының қолында бар. Соның бәрі жинақталып, толық шығармалар жинағы етіп қайта басылса, үлкен еңбек болар еді.
Ақтөбе облысы,
Алға ауданы