Қоғам • 01 Наурыз, 2021

Адамдардың татулығынан асқан құндылық жоқ

473 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлтына, тіліне, дініне қарамай, өзге этнос өкілдерін бауырына басқан қазақ халқының дархан мінезі, кеңпейіл болмысы кейінгі ұрпаққа үлгі деп білемін. Адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы, сыйластығы, түсіністік сияқты құндылықтардың да әрдайым орны ерекше.

Адамдардың татулығынан  асқан құндылық жоқ

Бұл ретте Алғыс айту күнінің маңы­зы зор. Бұл айтулы күн еліміз­дегі бейбітшілік пен татулықты дәріп­тейтін айшықты мейрам. Алғыс айту арқылы адамдар арасындағы түсініс­тік пен сыйластық нығая түседі. Қа­шанда этносаралық келісім – ел дамуы­ның өзегі, ел бірлігі – өркендеуі­міздің басты шарты болып қала береді.

Мейірімділік, қайырымдылық сияқты игі қасиеттер қазіргі кезде де қоғамда көрініс табуда. Әсіресе, коронавирус індеті кезінде еліміздегі азаматтар өзінің ауызбіршілігін, татулығын көрсетті. Бір-біріне жанашыр бола білді. Мәселен, рес­пуб­ликалық «Біз біргеміз!» қайы­рымдылық акциясы аясында Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер қауымдастығының мәдени орталығы 1 100 000 теңгеге 120 отбасыға азық-түлік себеттерін және 100 000 теңгеге 2000 медициналық маска таратты. Аталған бірлестіктің өкілі Руслан Исмазовтың бастамасымен Алматы қаласында тұратын аз қамтылған отбасыларға 4 500 000 теңгеге 35 тонна азық-түлік түрін­дегі гуманитар­лық көмек жіберілді. Мұның барлығы да қазақ жеріндегі татулықты, бір­лік­ті көрсетеді. Сондай-ақ елімізде бас­тау алған «Біз біргеміз!» акция­сы аясында Жамбыл ауданы­ның тұрғындарына 1 000 000 теңгеге 7 тонна азық-түлік таратылды. Осы ауданға қарасты Гро­деково және Жалпақтөбе ауыл­дарын­дағы дүнген этносының өкілдері ауылдардағы бақылау бекетінде тұрған медицина, әскери және құқық қорғау органдары­ның қызметкерлеріне күніне түскі ас ұйымдастырды. Сонымен қатар Қордай ауданы, Сортөбе ауылының әкімдігі мен еріктілері бірлесіп, Сортөбе, Қаракемер, Ауқатты, Қара­сай және Еңбек ауылдарындағы 305 отбасына 1 200 000 теңгеге және Ауқатты, Масанчи мен Бұлар батыр ауылдарындағы аз қамтылған 72 отбасына 220 000 теңгеге қайырымдылық көмек көрсетті.

Жалпы, еліміздегі бастау алған әрбір жоба біз үшін өзінің өміршең­дігі­мен, мағынасымен құнды. Бұл бас­тама­лардың бәрі де бізге мемлекеттің беріп отырған мүмкіндігі. Сонымен қатар елдің ауызбіршілігін, татулы­ғын айғақ­тайтын дүние. Бір-біріне қайы­рым­дылық жасау арқылы адам баласы ұлт­тың болмысындағы ұлы құнды­лық­­тар­ды сақтап қалады. Сон­дай-ақ бұл ұр­пақтар сабақтас­тығына да қажет дүние.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін барлық мүмкіндікті қарастырып келеді. Еліміздегі түрлі оқиғаларға байланысты жедел шаралар қабылдап, оның оң шешілуіне тиісті тапсырмалар беруде. Әсіресе, Қазақстанда тұратын өзге этнос өкіл­деріне деген құрметтері ерекше.

Қарапайым халық арасындағы бір-бірін жақсылыққа шақыру, татулыққа үндеу, бейбітшілікті насихаттау сияқты үрдістер бізбен қатар, болашақ ұрпаққа да пайдалы дүние деп білемін. Қай кезде де адамдар бір-бірін құрметтеп, бір-біріне алғыс айтып жүрген жерде ешқандай да келіс­пеушілік болмайды деп ойлаймын.

Біз үшін татулық пен бірліктен асқан құндылық жоқ. Себебі Қазақстан – бәріміздің ортақ Отанымыз. Ортақ Ота­ны­мызда бейбітшілік пен татулық сал­танат құрған кезде, әрқайсысымыз осы құндылықты әрі қарай дамытуға, ұс­тап тұруға міндеттіміз. Сондықтан Алғыс айту күні мерекесі де елдің ын­ты­мағын арттыратын айтулы күннің бірі.

Мемлекеттің тұтастығынан, адам­дардың татулығынан асқан құн­дылық жоқ. Мен де ел тәуелсіз­дігінің мәңгі, баянды болуын тілеймін! Қазақ еліне алғыс айтамын! Елімізде әрдайым бейбітшілік пен тыныштық болсын! Үнемі адамдарға алғысымызды айтып жүрейік! 

 

Аиша ИДЫБО,

«Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер ассоциациясының мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы