2013 жылы оқуымды бітірген соң туған ауылыма оралып, еңбек жолымды бастадым. Әуелі №1 Шұбарқұдық мектеп-гимназиясында сызу пәнінен сабақ беріп, екі жылдан соң Темір аудандық көркемсурет мектебінің директоры болып тағайындалдым. Содан бері аудан балаларына сурет өнері, кескіндеме, дизайн бойынша қосымша білім береміз. Көркемсурет мектебінде 150 бала білім алады, 8 үйірме жұмыс істейді. Біз оқушыларға сурет, дизайн, кескіндеме, мүсін өнерінің қыр-сыры туралы мүмкіндігімізше тереңдете үйретеміз. Оқушыларымыз өте ынталы, шығармашылықпен жұмыс істегенді жақсы көреді. Бір әттеген-айы, аудандардағы шығармашылық орталықтарының материалдық-техникалық базасы сын көтермейді. Бізге сурет техникасын жан-жақты үйрететін компьютерлер, түрлі жабдықтар қажет. Мәселен, саз балшықпен құмыра, басқа да керамикалық заттар жасау техникасын үйреткіміз келеді. Бірақ оған арнайы кәсіби құралдар мен арнайы дайындалған шикізат керек, оған ауылдағы құм-саз жарамайды. Міне, осындай түрлі жабдықтар болмағаннан кейін баланың барлық мүмкіндігін аша алмай жатамыз.
Дегенмен, Көркемсурет мектебінің ұстаздарының арқасында Темір ауданының балалары жан-жаққа конкурстарға қатысады. Біздің мектептің оқушылары сурет, кескіндеме өнері бойынша халықаралық жарыстарға барып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Украина, Беларусь, Түркияға барып қатысып келді. 2018 жылы осы білім ордасы Қазақстандағы ЮНЕСКО клубы мәртебесін алды. Жалпы, Темір ауданында 4 қосымша білім беру мектебі жұмыс істейді.
Ауыл балалары өте талантты, зерек, қайырымды, сенгіш. Оларды жастайынан өнерге, спортқа, білімге баулыса, балалармен ерінбей жұмыс істесек, талай жастың бағын ашар едік. Жастайынан шығармашылықпен айналысқан балалар өте мейірімді, көпшіл, жаңа ортаға тез бейімделгіш, өскенде де тығырықтан жол тауып шыға білетін болып өседі. Өйткені кез келген шығармашылық орта, қосымша білім беру мекемесі баланы тұлға ретінде қалыптастырады әрі болашақ мамандығына жол ашады. Мұндай бала өзін кез келген ортада қалай ұстауды біледі, бос жүріске салынбайды, уақытын үнемдейді. Және бір байқағаным, қосымша білім беру ұйымдарында дәріс алатын баланың мектептегі оқу үлгерімі де бірден жақсарады.
Мен нағашыларымды жақсы көремін, өз тегімді де ұмытқан жоқпын. Ата-анамыздан кішкентайымыздан ұлтқа бөліну деген сөзді естіген жоқпын. Ең бастысы – өз Отаныңа, еліңе адал қызмет ету керек деп ойлаймын. Биылғы қаңтарда өткен сайлауда Темір аудандық мәслихатына депутат болып сайландым. Бұл маған артылған үлкен сенім, үлкен жауапкершілік. Депутаттық қызметімде бала тәрбиесі, оқушылардың шығармашылығын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарғым келеді. Ең бастысы елді мекендерде тұратын балалардың оқуы мен заманауи білім алуы үшін мүмкіндіктер жасау керек деп ойлаймын.
Темір ауданының өркендеп-көркеюі үшін қолдан келгенді аямаймын. Біздің адамдар өте мейірімді, досқа адал, қолымнан келмей жатқан іске қолғабыс жасайды. Сол үшін де өз елімді, өз жерімді, жерлестерімді жақсы көремін.
МАКСИМ ЧИРКОВ,
Темір аудандық көркемсурет мектебінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты
Ақтөбе облысы