Маңғыстауда мал шаруашылығымен бірге балық шаруашылығының да маңызы зор болып, талай жатақтың аузына ас салып, талай көпестің байыған үстіне байи түсуіне сеп болғаны тарихтан белгілі. Теңіз бен балықшылыққа қатысты сан алуан хикаялар, балық шаруашылығы саласының қайраткер еңбеккерлері туралы қызғылықты әңгімелер, теңіз айдынында болған оқиғалар туралы шежірелі сырлар – Маңғыстау өңірінде ұмытылмайтын естеліктердің бірі.
Балықшыларға қойылатын ескерткіш те осы мақсатта болмақ.
– Бұл біздің өткен тарихымызда елеулі еңбегі сіңген ардагерлерге деген құрметтің символы болуы тиіс. Өскелең ұрпақтың жадында өткен тарихымыз жаңғырып тұруы үшін аталған демалыс орны мен еңселі ескерткіштің алар орны, атқарар рөлі зор, – дейді Түпқараған ауданының әкімі Айбек Қосуақов. «Балықшылар» демалыс орнында кіреберіс арка, спорттық шынығу алаңы, балалар алаңы, автотұрақ пен шатырлы орындықтар және еңселі «Балықшылар» ескерткіші орнатылады. Мүсінші Б.Салаев туындысының биіктігі – 3,60 метр болса, тұғыр биіктігі 2,20 метрді құрайды. Тағы бір қуаныштысы – «Балықшылар» демалыс орны биыл пайдалануға беріледі.
Иә, Маңғыстау балықшылары қандай құрметке де лайық. Жаңалық жақсы болғанымен, ел арасында ескерткіштің сұлбасы талқыға түсті. Бірі аулауға тыйым салынған бекірені ұстап тұрған балықшыға шүйліксе, екіншісі бір шабақ та қаппаған бос ауға мін тақты. Келесілерге екеуі екі жаққа қараған балықшылардың тұрысы ұнамаса, біреулер балықшылардың киіміне сын айтты.
Жалпы ескерткіш мәселесінде күні бүгінге дейін «әп, бәрекелді!» дейтіндей қошеметке ие болып көрмеген Маңғыстауда осылайша тағы бір ескерткіш бой көтермек. Бірақ әп дегеннен әңгімесі мәзді емес...
Маңғыстау облысы