Қоғам • 04 Наурыз, 2021

Қоғам қайраткері Болатхан Тайжанды еске алу іс-шарасы өтті

641 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елші, қоғам қайраткері Болатхан Тайжан  туралы  сөз болғанда 1963 жылы Мәскеуде құрылған жас тұлпарлықтарды еске алмай кетпеу мүмкін емес.

Қоғам қайраткері Болатхан Тайжанды еске алу іс-шарасы өтті

 Жазушы Бақытжан Әлпейісов  «Жас тұлпар дүбірі» атты деректі пове­сінде «Алаш идеясы жастұл­пар­лықтарды дүниеге әкеліп, қазақ жастарын оятты» дейді. Ал замандастары болса Болатхан Құлжанұлы мемлекетке, ұлтқа, халыққа қызмет етуде еңбегі жағынан ХХ ғасырдың басындағы Алашорда арыстарының қатарында тұрғанын, қасында жүрген кезде бұл кісіні онша бағалап үлгермегенін айтып отыр. Бүгін қайраткердің 80 жылдығына орайластырылған конференцияда бас қосқан достары,  әріптестері   оның өмір-дерегінде айтылмай келген және міндетті түрде назарға алынуы тиіс деректердің көп екенін сөз етті. 

Бала Болатхан алтыншы сыныпта жүргенде КСРО тарихы жайлы «Бұл Ресей империясының тарихы. Оқулықтағы қазақтардың, басқа ұлттардың тарихы жарты беттен аспайды. Ал мен өз елімнің, қазақ халқының тарихын оқығым келеді, орыстардың тарихын оқымаймын!» деген сөзі үшін мектептен қуылғанын біреу білсе, біреу білмейді. Ұлтжандылық, еліне деген сүйіспеншілік Болатхан Тайжанмен бірге өсті, жүрегінде жетілді. Мәскеу Мемлекеттік Халықаралық қарым-қатынастар институтына (ел ішінде «МГИМО» аталған) оқуға түскен соң, Кеңестер Одағы құрамындағы қазақтың бодан тірлігін бұрынғыдан бетер түйсінді. Олай дейтініміз, бір естелігінде жазғандай, орыс мектебін бітірген бозбала «өзін желкелеп жүріп», өзінің ана тілін аз уақытта толық меңгеріп алды. Таза орыс ортасында жүрсе де  қазақшаны қажетсіну арқылы ұлттық ерекшелігін түгендеп алған-ды.

 Болатхан Тайжан 1963 жылдары Араб елдеріне іс-сапарға барған КСРО басшысы Н. Хрущевқа аудармашы болғанын еске алған досы  Таужан Аймұханов     қайраткер өмірінің бізге белгісіз қырын жайып салды. Солардың бірі 1963 жылы Алматыдағы баспалардың бірінен шыққан  Әл-Фараби трактаттарының араб тілінен қазақшаға аударылған кітабы. 

Т. Аймұхановтың сөзіне сенсек, бұл еңбек сол кездегі Әл-Фарабиге қатысты ғылыми айналымда жүрген құнды деректерді жаңа белеске көтеріпті. «Б. Тайжановтың өмір жолы    тәуелсіз қазақ  дипломатиясының тарихы     1991 жылдан басталады деген деректі жоққа шығарады. 1960 жылдардың басында Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының шығыс тану факультетін бітірген Б. Тайжанов Араб елдері, Иеменге дипломатиялық қызметке жіберілді. Аса тыныш емес аймақтарда қылыштың жүзінде жүрді. 1960 жылдары Мәскеу Орталық Азия республикаларынан шыққан студенттерге ЖОО-нан квота бөлді. Ауылда тірі орысты көрмеген қазақ балаларының орыс тілді ортаға сіңіп кетуі қиын екені белгілі. Б. Тайжанов, М. Әуезов бастаған қазақ жастары КСРО Білім министрлігі есігін қағып жүріп, алғашқы бірер жылда емтихан тапсыра алмай калған балалардың оқудан шығып кетпеуіне барын салып бақты. Кейін, 1990 жылдары «Нархоздан» халықаралық экономика факульетін ашып, оған Мәскеу жоғары оқу орындары ұстаздарын шақырды», дейді   Таужан Аймұханов.

Осы конференцияны ұйымдастырған қайраткердің ұлы Мұхтар Тайжанов   қайраткердің алдымен әке ретінде жақын екенін, әкесінің исін әлі күнге дейін сағынатынын жасыра алмады. Дүйсенбі, 8 наурыз күні әкесі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылатынын, сол күні Б. Тайжанов атындағы шахматтан жарыс өтетінін хабарлады.

АЛМАТЫ