Руханият • 09 Наурыз, 2021

Сүйінбике

2538 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қарт Қазанның бір қақпасын тіреп тұрған қызыл керіш қыз мұнара, жерден жеті-ақ күнде зәулім көкке тік шаншылған елу сегіз метрлік еңселі ескерткіш уақыт жадынан ешқашан өшпек емес. Әрине, шымқай шатырын шақырайған күн жеп, іргетасын мүк мұжып, есік-терезесін Еділді етпеттей соққан есер жел жұлқылап тұрған зәулім ғимарат кәрі заманалармен бірге әйтеуір бір тозатыны хақ. Алайда сол мұнараның атын асқақтатқан аңыз арудың ерлік рухын, текті перизаттың адамзаттан асқан сұлу келбетін, азаттық үшін жанын пида еткен аянышты ауыр тағдырын ұрпақ санасынан ешкім өшіре алмас еді.

Сүйінбике

Қайбір жылы Қазан қаласына жолымыз түсіп, татар халқының ұлы перзенті ақын Ғабдолла Тоқайдың тойына қатысқанымыз бар. Түркітілдес жас ақын-жазушылардың халықаралық фестивалі аясында Татарстанның көне астанасы – қарт Қазанды еркін аралап, Сүйінбике патшайым туралы сонда көп естідік. Ел ауызындағы ежелгі аңыздарға сүйенсек, Иван Грозный аталған мұнараны Сүйінбикенің тілегі бойынша жеті күнде соқтырыпты. Қаба сақал «қаһарлы» Иван Қазан хандығын талқандаған соң, күйеуі өлген жесір Сүйінбикені зорлықпен әйелдікке алмақшы болады. Алайда ақылды әрі парасатты патшайым өзінің сүйікті шаһары – Қазан қаласын ең биік жерден тамашалағысы келетін тілегін айтып, шарт қояды. Аңыз соңы аянышты аяқталған. Қазан ханы Сапагерейден туған баласы Өтемісгерейді орыстар күштеп шоқындырып, алты жасар ұл қаза болғанын естіген Сүйінбике зарлық әлгі мұнараның жетінші қабатынан секіріп, құлап өледі...

Қазан кремліне қапталдас қаланған Сүйінбике мұнарасы қазір қамал бекіністің ішінде тұр. ХVІ – ХІХ ғасырлар арасында салтанат құрған сәулет ансамбльдерін аралағанымызда Сүйінбике мұнарасының етегінде ескі хан сарайы, сұлтандар барақат тапқан көне қорым жатқанын көрдік. Тегі ноғай, түпкі атасын Едіге биден тарататын Сүйінбикенің аянышты тағдыры бізді сонда ерекше толқытты. Сұлу ханшаның сүйір мұнарасы Алаш баласы үшін де қастерлі құрылыс дер едік. Алтайдан Анадолыға дейінгі Ұлы даланы мыңдаған жыл бойы мекен еткен көшпелі ұлыстардың қай тұлғасы туралы айтайық, олардың бізге қанымен, жанымен етене туыс екенін ерекше сезіп, терең танып тұрамыз емес пе? – Сүйінбике патшайым туралы айтқанда да сонау ежелгі Алтын Орда тарихынан тамыр алатын ата тарихымыз жадымызда жаңғырып, бойымыздағы азат рухымыз оянып кете барды.

Ноғай мен қазақ ежелден қатар қонып, Еділді егіз емген етене жұрт екенін ешкім жоққа шығара қоймас. Оның ар жағын түркі нәсілдерін тұтастырар тарихи желі жалғап жатса, бер жағын Сүйінбике патшайымға қазақ ұлысының көрсетіп келе жатқан бертінгі құрметтері біріктіріп келеді.

Сүйінбикенің сұлу бейнесін әлем бұл күнде әйгілі қылқалам шебері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Камиль Муллашевтың «Сүйінбике-Ханбике» картинасы арқылы таниды. Шебер жазылған шедеврдегі паң патшайымның бекзат болмысы кез келген адамды бірден өзіне баурап алар еді. Тұнық көздердің тұңғиығында бүкіл түркі әлемінің ақсүйек келбеті асқақ бейнеленген атақты картинаны Муллашев 1999 жылы жазыпты. Сүйінбике портретін қарап отырған адам оның ақылды әрі сұлу, парасатты да көреген патшайым ғана емес, арғы тарихы Алтын Ордамен сабақтас көшпелі дала ұлыстарының алып бір дәуірін аяқтап тұрған тұтас замана келбеті екенін аңғарар еді.

Сүйінбикенің суретінен бөлек, оның түгел түркі ұлысына ортақ тұғырлы тұлға екенін ұзақ зерделеп, кітап жазған халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Шәрбану Бейсенованың еңбегін ерекше атауымыз керек. «Сүйінбике Ұлы дала аруы» атты кітапта тарихи деректер түгел қамтылған. Қазан хандығын отаршылдардың озбыр басқыншылығынан қорғау жолында шаһид болған шерлі аруды біз әрдайым есімізге алып отырғанымыз дұрыс. Себебі қазақ даласында да Сүйінбике сияқты ұлты үшін, ежелгі ата қонысын жау қолынан қорғау үшін жан аямай қарсы тұрған патшайымдар көп. Сүйінбикені толық зерделеп, оны қазақ ортасына кең насихаттаған жазушы Ш.Бейсенова тағдырлы тарихи тұлға туралы айта келіп мына бір жүректі езіп жіберердей ауыр деректерді келтіреді. «Орыс билеушісі бойында түркі әйелдеріне тән тектілік бар, ер мінезді, сұлу, ақылды Сүйінбикенің сағын сындырудың амалдарын ойластырады. Оны өлтіруден тіксінсе керек. Сөйтіп, әуелі ұлын тартып алып, христиан дініне енгізеді. Шоқындырып, оған шіркеуде мойнына крест тағады. Александр деп басқа ат береді. Ал Сүйінбикенің өзін 1553 жылы Василий князьдің оң қолы болған, талайдан бері орыс әскеріне болысып, Қазан хандығына қарсы соғыстарда да көзге түсіп жүрген Шах-Әліге әйелдікке береді. Мұның бәрі, әрине, арлы әйел үшін қорлықтың, зорлықтың шегі еді. Алайда, Сүйінбике басынан бақ тайып, қолынан билік кетсе де, елі Руссияға отар болып, бодандыққа түссе де, өз бойындағы рухын өлтірген жоқ», дейді қаламгер Ш.Бейсенова.

Айтпақшы, зерттеуші деректеріне сүйенсек, аталған мұнараны Сүйінбикенің өзі салдыртқан сияқты. «Сүйінбике көп уақыт Сапагерейді жоқтап, дауыс салып жылаумен болады. Жоқтаудың сөзін өзі жанынан шығарып, ескі мақаммен зарлап айтады екен. Қазан хандығында бұрын әйелдің ондай дауыс салып, зарлап жоқтау айтып жылау дәстүрі болмаған көрінеді. Хан мешітінің имамы Құл-Шәріп бастаған ақсақалдар келіп, тоқтау айтса да Сүйінбике жарының қазасынан кейін көпке дейін өкінішін, күйігін баса алмай, ұзақ-ұзақ жоқтау айтуын қоймайды. Оның қайсыбірі бірнеше сағатқа созылатын болған. Ол жоқтаулардың кейбір үзіктері ел есінде әлі күнге дейін сақталған. Оны Сүйінбике бәйіттері деп тебіреніспен атайды. Оның кейбіреулерін халық жырлары басылған жинақтардан таптық. Қайғысын жеңіп, сабырға келген Сүйінбике Сапагерей жерленген хандар қорымындағы биік жотаның үстіне көрнекті белгі тұрғызуды қолға алады. Сөйтіп, сол төңіректегі атақты ұсталарды шақыртып, күйдірілген қызыл кірпіштен өріп мұнара тұрғызуды тапсырады. Бүгінде Қазан қаласындағы көрнекті ескерткіштердің біріне айналған жеті қабатты мұнара сол Сүйінбикенің салдырған мұнарасы болатын. Қазіргі күні ол «Сүйінбике мұнарасы» аталады», дейді Ш.Бейсенова.

Бұл деректерге қарап отырып біз ендігі Сүйінбике сұлу туралы айтқанда оның бекзат болмысты билеуші ғана емес, шерлі шайыр екенін де ескеруіміз керек сияқты.

Айтпақшы, Қазан хандығының қаракөк тұқымы, сұлу Сүйінбикені бізбен жалғап тұрған тағы бір тамаша байланыс елордамыздың «Familу village» қалашығында түркі жұртына ортақ тұлға – Ханшайым Сүйінбике көшесі екенін де айта кеткеніміз жөн.

Сыпыра жырауды, Асан қайғыны, Қазтуғанды, Шалкиізді, Доспамбетті бауырлас түркі ұлыстарына ортақ тұлғалар деп есептейтін болсақ, ендеше Сүйінбике де түбі бір түркінің Тұмар патшайымдары сияқты тұғыры биік тұлға екенін, оның қазаққа өте жақын есім екенін есімізден шығармауымыз керек.

Біз жалпы бауырлас екі елді, кешегі Ноғайлы мен Қазақ хандығын, бүгінгі Татарстан мен Қазақстанды Сүйінбике тарихынан да әрі байланыстырып жатқан талай жәдігер барына сенеміз. Тұмар ханшайымнан бастап, қырғыздардың Құрманжан датқасы, бүгінгі Сүйінбике патшайым, біздің Бопай ханшамыз сияқты ар-намыстарын асқақ ұстаған, еңсесін ешкімге бастырмаған, саналары егемен, қастерлі есімдері ел жадында мәңгі жатталған түркі аруларын біз әрдайым жүрек төрінен төмендетпеуіміз керек.