Өздеріңізге мәлім, 2019 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша Мемлекет басшысына есепті орган құрылғаннан кейін, ең озық шетелдік тәжірибе бойынша жедел-іздестіру бөлімімен қатар құрамына превенция, парасаттылық және серіктестік департаменттері кіретін ауқымды алдын алу блогы құрылды.
Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға және оның алғышарттарын жоюға күш салуға мүмкіндік берді.
Агенттіктің жаңа корпоративті стилінің қабылдануы мен қолданылуы қоғаммен тиімді байланыс орнатуға ықпал етті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте қоғамдық бақылауды кеңейту бастамасы ретінде қоғам өкілдері Агенттіктің консультативтік-кеңесші органдарының жұмысына және тәртіптік, этикалық тәжірибе, мемлекеттік сатып алу рәсімдері мәселелерін талқылауға, сонымен қоса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіруге, Агенттіктің апталық аппараттық мәжілістеріне қатысады.
2018 жылы басталған органның қызметін оңтайландыру арқылы алдын алу және құқық қорғау міндеттерін ұтымды реттеумен кәсіби команда құрылды.
Атап айтқанда, қосалқы қызметтерді орталықтандыру және оңтайландыру (кадрлық, қаржылық және заңгерлік) іске асырылды.
2020 жылы ауданаралық бөлімшелерді қысқарту жалғасты - 13-тің тағы 9-ы таратылды (2019 жылы 41 болды), елдің ірі аймақтарында 4-еуі қалды (Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстары).
Басшылық 453-тен 253-ке дейін 2 есеге қысқарды.
Басшылар мен орындаушылардың арақатынасы 1:8-ге жетті (оңтайландыруға дейін - 1:2).
Оңтайландыру шараларының арқасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бос орындар қоры 25%-ға жеткізіліп, жедел-тергеу бөлімі күшейтілді.
Сонымен, 2019 жылы квазимемлекеттік сектордағы, құқық қорғау және сот органдарындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын анықтау және тергеу жөнінде 2 жаңа департамент құрылды.
2020 жылы мемлекеттік органдардың жоғары басшылық құрамы арасында қылмыстарды анықтайтын мақсатты бөлімше құрылды.
Үнемделген қаражат материалдық-техникалық базаны нығайтуға, қызметкерлерді қаржылық қолдау мен ішкі бизнес-процестерді цифрландыруға бағытталды.
Төрағаның цифрландыру жөніндегі көмекшісі – жаңа лауазымы енгізілді.
Оның басшылығымен ішкі процестер мен сыртқы коммуникацияларды цифрландыру мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы цифрлық қызметті талдау платформасын іске асырудың бірінші кезеңі аяқталды.
Жобаның міндеттері - кадрлық процестерді цифрландыру (Antikor-HR), ведомстволық есептілікті автоматтандыру (Antikor-Stat) және алдын алу жұмыстарын жүйелеу (Antikor-Prevent).
Жаза тағайындау барысында қамауға алуды көздемейтін, электрондық бақылау құралдарын қолдану басталды (2020 жылы 5 күдікті тәулік бойы бақылауда болды).
«Е - қылмыстық іс» жобасының аясында тергеушілердің жұмыс орындары жабдықталып, мәліметтер қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. 2020 жылы 121 қылмыстық іс электронды түрде тергелді.
Елбасының, Мемлекет басшысының қолдауы мен бос орындар қоры Агенттік пен оның аумақтық органдары қызметкерлерінің еңбекақысын екі еседен астам арттыруға мүмкіндік берді.
Агенттік қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізілуде. Қазіргі таңда жеке құрамның 80%-ы тұрғын үймен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Агенттіктің жедел-тергеу құрамының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін белгілеу туралы Заңға қол қойды. Өткен жылдың соңында баспанаға мұқтаж 260 қызметкерге төлем есептелді.
Нұр-Сұлтан, Көкшетау және Талдықорған қалаларында 121 қызметкер пәтерлерді нарықтық бағадан төмен бағамен сатып алу үшін құрылыс салушылармен келісімшарт жасасты.
105 қызметтік пәтер бөлінді. Жеке компаниялармен салыстыруға болатын еңбекақының және әлеуметтік қамсыздандырудың жоғары деңгейі азаматтық сектордан және басқа мемлекеттік органдардан жоғары білікті кадрлардың келуін қамтамасыз етті.
7 қызметкердің Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінде, 15 - ұлттық қауіпсіздік органдарында, 29 - прокуратурада, 17 - азаматтық секторда жұмыс тәжірибесі бар. Қазіргі таңда олардың әрқайсысы Агенттіктің ұйымдық құрылымында негізгі қызметтер атқарады.
Агенттіктегі мемлекеттік қызметтің тартымдылығын бізге жұмысқа тұруға ниет білдіргендердің саны да айғақтайды.
Осылайша, «Б» корпусының бос лауазымдарына орналасуға арналған конкурстарға орташа есеппен бір орынға 21 үміткер қатысады. Бұл басқа орталық мемлекеттік органдарға өтініш берушілердің орташа көрсеткішінен 3 есе көп, бір орынға 7 адам.
Кей жағдайда Агенттікте қызметтің беделіне ерекше мән беріледі. Өткен аптада ғана Парасаттылық департаментінің сарапшысы лауазымына конкурсқа қатысуға 101 үміткер өтініш берді.
Кадрлық трансформациялау тұрғысынан қызметкерлердің білім сапасына зор көңіл бөлінеді. Қазіргі уақытта Агенттікте шетелдік жоғары оқу орындарының 32 түлегі жұмыс істейді, оның 12-сі «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыған.
2 қызметкер PhD дәрежесіне ие, тағы екеуі оны алуға дайындалуда, 10-ы ғылым кандидаты, 127-сі магистр.
7 адам шетелдік жоғары оқу орнында білім алуда, оның ішінде 6-ауы «Болашақ» бағдарламасы бойынша. Сонымен қатар Сот төрелігі академиясында - 2 адам, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында - 3, Құқық қорғау органдары академиясында - 2 адам докторантура және магистратура бағдарламалары бойынша оқиды.
Агенттіктің 5 қызметкері Президенттің жастар кадрлық резервінің мүшелері, бұл ведомствоның саны аздығын ескергенде, мемлекеттік органдар арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып саналады.
Өз қатарымыздың тазалығын қамтамасыз ету мақсатында жеке құрам тарапынан құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу бойынша жүйелі түрде сауалнама жүргізу, кенеттен тексеру және сот залынан қызметкерлерге қатысты үкімдер жариялау арқылы қажетті шаралар кешені тұрақты түрде жүргізіледі.
Мәселен, 3 жылда өрескел тәртіп бұзушылықтар үшін жағымсыз себептермен 15 қызметкер жұмыстан шығарылды.
Агенттік Төрағасын қосқанда барлық басшылар, егер қарамағындағылар кемінде бір сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасаған жағдайда, өз еркімен жұмыстан босату туралы міндеттеме алды.