Автор кітаптың алғысөзінде баспа тарапынан ұсыныс түскеннен кейін, жазу үстеліне отырмас бұрын, көп ойланғанын, тек болашақ кейіпкерімен кездесіп, танысқан соң ғана оның осындай бірегей еңбекке лайық тұлға, өмір жолының жарқын да тағылымды екеніне көз жеткізіп, іске құлшына кіріскенін жазады.
Тайыр Аймұхаметұлы шынында да еңбегімен ел құрметіне бөленген айтулы азаматтардың бірі. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін Алматының құрылыс ұйымдарында еңбек жолын бастаған ол қызмет сатыларымен тез өсті: комсомол мектебінен өткеннен кейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, КОКП орталық комитетінің құрылыс бөлімінің нұсқаушысы, әлеуметтік-экономикалық саясат бөлімінің сектор меңгерушісі болды. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды, сегіз жыл Қазақстанның Ресейдегі елшісі, төрт жыл Солтүстік Қазақстан облысының әкімі, Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Бас хатшысы қызметтерін атқарды. Бір сөзбен түйіндесек, оның жасампаз істермен өрілген өмір жолы ғибратты. Демек, әйгілі серия авторы таңдауының Тайыр Аймұхаметұлына түсуі әбден орынды. Десек те автор өз еңбегін кейіпкерінің отбасынан, нақтырақ айтсақ, Ұлы Отан соғысынан аман оралып, туған елінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан әкесі Аймұхамет Көпежанұлынан бастапты. Біз сөз етіп отырған еңбекте перзентінің әке тағдырымен сабақтас ғұмыр жолы айшықты бейнеленген. Жиырма үш тараудың әр жолының астарында айтулы тұлғаның ел игілігіне бағытталған ерен еңбегіне қатысты толымды ой, оралымды сөз жатқанын айту бір ғанибет. Айталық, «Елдің ерекше аймағында» деп аталатын он жетінші тарауға Тайыр Аймұхаметұлының Солтүстік Қазақстан облысын басқарған (2003-2007) жылдары атқарған істері арқау болған.
Тайыр Мансұровтың естелігінен: «Тағайындау алдында Президент Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. «Бұл – біздің аса маңызды өңірлеріміздің бірі. Алайда онда біраз проблема қордаланып жатыр. Соңғы екі әкім облыстың уақыт талабына сай дамуын қамтамасыз ете алмады. Халықтың рухын көтеру керек. Олар елдегі жағдайдың жақсылыққа қарай өзгере бастағанын сезінуге тиіс. Солтүстік Қазақстан облысы Ресейдің үш өңірімен шекаралас. Былайша айтқанда, еліміздің «Солтүстік қақпасы». Оны да ескер». «Жақсы. Бірақ мен ауыл шаруашылығы мәселелерімен бұрын-соңды айналысып көрген жоқпын ғой». «Сені жақсы білемін, ек-үш айдың ішінде жағдайға қанығып, бұл саланы да үйіріп әкететініңе сенемін».
Тарихы 1936 жылдан басталатын, елдің шетіндегі, желдің өтіндегі, ажарын ақ қайыңдары мен айдын көлдері ашып тұрған, асты да, үсті де тұнған байлық Солтүстік Қазақстан облысының тізгінін осы уақытқа дейін 23 басшы ұстапты. Өңір шежіресін зерттеумен айналысып жүрген өлкетанушылар мен тарихшыларға болмаса, олардың көбінің есімдері былайғы жұртқа беймәлім. Бұл арада теріскейдегі облысты басқарғандардың бәрінің сайда саны, құмда ізі қалмады дегелі отырған жоқпын. Десек те, аймақты 2003-2007 жылдар аралығында басқарған Тайыр Аймұхаметұлы Мансұров сияқты артына халық айта жүрерліктей айшықты із қалдырғандары көп емес. Ол алғашқы күннен өзіне көрсетілген сенімді ақтауға жанын сала кірісіп, төрт жылдың ішінде қордаланып қалған талай мәселенің түйінін тарқатты. Қазір олардың бәрін тізбелеу мақсат емес. 2004 жылдың 7 қаңтарында өткен облыс активінің жиналысында көтерілген бір мәселе есте қалыпты. Облыстың жаңа басшысы күтпеген жерден: «Мемлекеттік мәртебеге ие болған казақ тілін дамытудың жайы мәз емес, жағдай неге бұлай қалыптасып отыр?» деп залдағыларға сауал тастады. Алдыңғы қатарда отырған орынбасарларында да, басқаларда да үн жоқ. «Оның басты себебі – мектептерде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалімдердің сапалық құрамы нашар», – деп сөзін жалғастырған әкім бұл іске облыстық білім департаменті де, басқа да тиісті ұйымдар оң ықпал ете алмай отырғанын ашық айтты.
Күнде кездесу, күнде жаңа бір ой, тың ұсыныс... Кешікпей нәтижелердің де төбесі көріне бастады. Сөйтіп, облыс орталығының көшелері, қоғамдық-көпшілік орындар кеш түсіп, таң атқанша самаладай жарқырап тұратын болды. Әсіресе, шет аймақ, сырт көшелерде тұратындар көшелерге жарық тартқызып, түйінді істі тез шешіп берген облыс әкіміне дән риза.
Біраздан бері тыныштық құшағында мүлгіп тұрған Петропавл әуежайына да жан бітті. «Петропавл – Алматы», «Петропавл – Астана» әуе қатынасы қалпына келтірілді. Облыстық онкологиялық диспансердің жаңа ғимараты ашылды. Нәтижесінде химия-терапевтік бөлімше 20 орынға кеңейтіліп, емхана бір ауысымда 200 адамға дейін қабылдайтын болды. Бұл проблема облыс әкімдігінің сұрауы бойынша Денсаулық сақтау министрлігімен бірге қаралды. Қазақстан Республикасының онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының, Астана қаласындағы Қазақ медициналық академиясының және Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкерлерін тарта отырып, сыртқы ортаның канцерогендік факторлары бар жоғары онкологиялық себеп-салдарлы байланыстарын зерттеп білу үшін үш жылға мақсатты қаржы бөлінді. Сонымен бірге облыстық онкодиспансерді осы заманғы құрал-жабдықтармен және диагностикалық техникамен, қажетті химиялық және басқа дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылды.
Өмір өзегінің шырмауын шешу қандай қиын дерсің. Соның нақты бір мысалын айтар болсақ, ауызға ең алдымен Петропавл қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы түспек. 1996-1997 жылдары сол кездегі өңір басшылығының пәрменімен аумағы екі мың шаршы метр мұражайдың тең жартысы алыпсатарларға жалға берілген. Соның салдарынан қала мен облыс тұрғындары өлке мен еліміздің тарихына байланысты өздерінің рухани қажеттерін қанағаттандыру мүмкіндігінен айырылған еді. Осындай сорақылықтар, оғаш оқиғалар Тайыр Аймұхаметұлының назарына ілікті де, ол кесімді шешім қабылдады, екі айдың ішінде әлгі қырыққа жуық сауда фирмаларын өзге жерлерге көшіртті. Бұл жерде Тайыр Мансұровтың: «Мұражай дегеніміз – осы өлкенің өткен тарихы, салт-дәстүрі, онымен, әсіресе, жас ұрпақ танысуы керек», деген сөздері көпшіліктің көкейіне қона кетті.
Үкімет әкімнің өтінішін қанағаттандырып, мұражайды жаңғыртуға 104 млн теңге бөлді. Осыдан кейін мұражай ғимаратына күрделі жөндеу жасалып, көркемдеу-мәнерлеу арқылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жаңа экспозициялар қатары көбейді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев облысымызға келген сапарында осы мұражай үйінің қабырғасына орнатылған Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевскийдің барельефін ашып, гүл шоқтарын қойды.
Президент Петропавлға келесі келгенде мүлде жаңарған, жасарған мұражайды аралап, тындырылған істерге ризашылығын білдірді. Нұрсұлтан Әбішұлы осы сапарында облыстық мұражаймен бір күнде іске қосылған Қызылжар орталық мешіті мен православие шіркеуіне де соқты.
Облыс басшысы ретіндегі беташар жаңалығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің еңбекақысын үстемелеуден басталуы оралымды да орынды. Сол тұста белгілі болғанындай, облыстағы қазақ тілі мен әдебиетінің 1397 мұғалімінің тек 891-нің ғана тиісті мамандығы бар болып шықты. Басқалары – бері қойғанда, басқа пәндердің, онда да тіл-әдебиетке маңайлап та жатпайтын пәндердің мұғалімдері. Ал көпшілігі – кездейсоқ адамдар, маман емес, керек десең – кешегі оныншы сынып окушылары. Араларында ана тілінде жаза да, сөйлей де білмейтін қазақтар көп. Мәселенің анық-қанығына әбден көзі жеткен әкім осы мамандық иелерінің беделін әрі тұрмыс деңгейін көтеру мақсатында арнайы грант белгілеу турасында шешім шығарды. Егер қазақ тілінің мұғалімі біліктілікпен жұмыс істеп, көзге түссе, қадір-құрметке бөленіп жүрсе, оларға айлық еңбекақысының 50 пайыздық мөлшерінде қосымша ақы төленетін болды. Ынталандыру ретіндегі тиімді шараға айналған осындай гранттар қазақ тілінің 750 маманына төрт жыл бойы беріліп келді. Республика Білім және ғылым министрлігі және Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ректорының қолдауымен жергілікті университеттің жанынан тарих-филология факультетінің негізінде Тіл және әдебиет институты ашылды.
Тайыр Аймұхаметұлы сияқты жұмыс дегенде уақытпен санасуды білмейтін, басқаның бәрін ұмытатын адамдар бар шығар-ау, бірақ оның жансебілдігі таңғалдырмай қоймайды. Жетім балаларға қамқорлық жасалып жатыр десек те, ол кісі облысқа басшы болып келгенге дейін, олар жайында көп айтыла бермейтін. Тайыр Аймұхаметұлы облыспен танысу барысында осындай балалар тәрбиеленетін мекемелерге де соғып, хал-жағдайларына қанықты. Іле жетім балаларға арналған мектеп-интернатты жөндеуге 10 млн, есту қабілеті төмен балалардың облыстық мектеп-интернатына аударма техникасын сатып алуға 3,2 млн теңге бөліп, Петропавл қаласындағы екі түзеу мектебін облыстық бюджетке көшірді. Осылай жетім балалардың қамқоршылары бір қуанышқа бөленсе, оқу жылының аяғында әкім орта мектептерді тәмамдағалы отырған 117 жетім баламен кездесіп, әрқайсысының тағдырына қатысты мәселелерді талқылады. Кейін балалардың 41-і жоғары оқу орындарына, 35-і колледждерге, 24-і кәсіптік мектептерге оқуға түсті, қалғандары жұмысқа орналастырылды. Осы бастама жақсы дәстүрге айналды, Тайыр Аймұхаметұлы жоғары оқу орындарында білім алғысы келетін жетім балаларға арнайы грант бөлді.
2006 жылды Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин «Ресейдегі – Абай, Қазақстандағы – Пушкин жылы» деп жариялағаны белгілі. Іле Мәскеудің төріне Абай тас-мүсін болып орнықты.Өмірде сөзі мен ісінің арасында алшақтық болмайтын адамдар аз емес. Тайыр Аймұхаметұлы да екі сөйлемейтін басшы, ол көтерген мәселелердің «аяқ-қолының жеңіл» болуының бір сыры да, міне, осында. Аз ғана уақыттың ішінде осыншама істің басын қайырған адамның тағы бір мәселеге назар аудармауы мүмкін емес еді. Күтіп жүрдік. Сол күн де туды: Тайыр Аймұхаметұлы әкімдіктің кезекті бір отырысында Қызылжардағы «Абылай ханның ордасы» қалпына келтірілетінін хабарлады. Бұл өзі сонау Кеңес заманынан бері көтеріліп келе жатқан мәселе-тін. Қолында билігі барлар кезінде халықты емексітіп-емексітіп, жылы жауып қойған. Елбасы әкімнің игі бастамасын қолдап, «Абылай ханның Ақ үйін» қайта жаңғыртуға 508 миллион теңге қаржы бөлді. «Бұл жұмыс 2007 жылы аяқталуға тиіс. Орданың алдына Абылай ханның ат үстіндегі ескерткіші қойылады», деді облыс басшысы. Осылай, Тайыр Аймұхаметұлы талай жылдардан бері жыры таусылмай келе жатқан бұл мәселенің де нүктесін қойып, Қызылжардың төріне ұлы ханға ескерткіш орнатып кетті.
Тайыр Мансұровтың бүкіл елге мәлім үлкен бір еңбегі аласапыран, қиын-қыстау заманда өмір сүріп, еңбек еткен, қуғын-сүргін құрбаны болған қазақтың біртуар ұлдарының бірі Нәзір Төреқұловты халқына қайтарып қана қоймай, әлемге танытқаны дер едім. Ол мемлекеттік іске жегіле жүріп, Отанға қызмет етуге жұмсалған ғұмырының арқауы жемісті идеялар, жасампаз еңбек, шығармашылық ізденістерге толы болған, өте жігерлі, білмекке құштар, ерен еңбекқор, аса дарынды сегіз қырлы, бір сырлы тұлға – Нәзір Төреқұлов туралы барлығы тоғыз кітап жазып, қалың оқырманға ұсынды.
Талғамы күшті танымал тарихшы Святослав Рыбастың жаңа еңбегінде Тайыр Аймұхаметұлының зерттеушілік, жазушылық қырлары жайлы да салмақты сөз сабақталған. Өткен жылы елімізде қазақтың бағына туып, өлшеулі ғұмырларын келер ұрпақ ғибрат алатындай сәулелі істермен нұрландырған бірқатар айтулы тұлғалардың мерейтойлары аталып өтілді. Солардың ішінде Абайдың шоқтығы биік. Данышпан бабамыздың туғанына 175 жыл толды. Осыған орай Тайыр Аймұхаметұлы «Абай» деп аталатын жинақ құрастырып, оқырмандарға ұсынды.
Бұл туралы автордың өзі былай дейді: «Абай тақырыбы, оның шығармашылығы маған ғана емес, менің отбасыма да үлкен жауапкершілік жүктейді. 1992 жылы мен Абайдың «Книгу слов» және Шәкәрім Құдайбердіұлының «Записки Забытого» атты екі кітабын жүз мың дана таралыммен жарыққа шығардым. Бір жылдан кейін «Книгу слов» кітабы тағы сонша данамен баспа бетін көрді. 2010 жылы жарық көрген «Пушкин и Абай» туындысынан қос ақынның өміріне қатысты көптеген ортақ дүниелермен танысуға болады. Ұлы ақынның мол мұрасына ерекше сүйіспеншілікпен қарап, оны халыққа танытуды басты мақсатымыз санаймыз».
Автор деректі өмірбаяндық романының алғысөзінде оқырманына тағдыры ел тарихымен тұтасып жатқан кейіпкері – Тайыр Мансұров туралы тың деректерге құрылған шынайы шығарма ұсынатынына сендіреді.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
қоғам қайраткері,
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы