Бірінші кезең еліміздің шығысында басталды. Әскери бөлімдер жауынгерлік әзірлікке келтірілді жәіне жауынгерлік міндеттерді орындау ауданына марш жасады. Қазақстанның оңтүстік-шығысынан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бөлімшелері жеткізілді. Тексеруге ұшқышсыз ұшатын аппараттардың есептоптары, барлау-сигнал беру құралдарының кешендері, артиллериялық бөлімшелер, армиялық және әскери-көлік авиациясы тартылады.
- Жыл сайын кешенді тексеруді тапсыру шарттары күрделеніп, жетілдіріліп отырады. Біз қарулы жанжалдарды, қару-жарақтың жаңа түрлерін қолдануды, ұрысты жүргізудің қазіргі заманғы тәсілдерін мұқият талдаймыз және осының бәрін оқу-жауынгерлік міндеттерді жоспарлау кезінде ескереміз, - деді оқу-жаттығу жетекшісі полковник Болат Жорабаев.
Тексеру кезінде басқару органдарының жұмысына, қарсыласты мұқият барлауға, артиллерияның оқ атуын түзетуге және ұшқышсыз ұшатын аппараттарды пайдалана отырып, авиацияны бағыттауға ерекше назар аударылады. Диверсиялық-барлау іс-қимылдарын жүргізу, күндіз және түнде армиялық тактикалық оқ ату жаттығуларын орындау, ұшу мен торуылдағы жауынгерлік оқ атулар бойынша іс-қимылдар бағаланады.
Әскери қызметшілер тактикалық-арнайы, инженерлік, әскери-медициналық даярлық, мина-жарғыш ісі бойынша жеке сынақтар, байланыс және әскери топография бойынша нормативтер тапсырады.
50 километрлік рейд жасау және оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында дене төзімділігі мен психологиялық жүктемеге төзе білуі тексеріледі.
«Алтын жебе – 2021» кешенді тексеруі 9 сәуірге дейін жалғастырылады және барлық өңірлік қолбасшылықтардың, десанттық-шабуылдау әскерлері мен әскери-әуе күштерінің бөлімшелерін қамтиды.