Экология • 18 Наурыз, 2021

Улы көлдің «жыры» аяқтала ма?

645 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әдетте жыр мен жыршы туралы айтылатын «таңды таңға ұрып жырлау» деген тіркесті Маңғыстаудағы Қошқар ата улы көліне қатысты «жылды жылға ұрып айтқан жыр» деп өзгерте қолдануға болады.

Улы көлдің «жыры» аяқтала ма?

Қоршаған ортаға – табиғатқа, тұрғындар денсаулығына аса қауіпті нысанның тұмшалануы, қауіпсіздендірілуі жергілікті тұрғындар үшін жылдарға ұласқан шешуі қиын мәселе болды. «Мынадай қаражат бөлініпті, міне жұмыс басталады, әне аяқталады, алғашқы кезеңі бітті, келесі кезеңі келесі жылға қалдырылды, миллиондаған-миллиардтаған қаражат бөлінді» дегендей сыдыртпа жауа­п, сырғытпа сөздермен созбаланған қалдықтар қоймасын тұмшалау ісі бүгінде басы ашық күйінде тұр.

Каспий теңізінен 7-8 шақы­рым, Ақтау қаласынан 3-4 шақы­рым қашықта орналасқан, жалпы ауданы 77 шаршы шақырымды, ал қалдықтардың ауданы 66 шаршы шақырымды құрайтын атышулы «Қошқар ата» қалдықтар қоймасы – кеңестік кезеңнің «сыйы». Деректерге сүйенсек, қой­мада өңірде тасы өрге до­малаған Каспий аймақтық тау-кен металлургия комбинатының үш за­уытының 105 млн тоннадан астам қалдығы жиналған жә­не қалдықтар арасында жи­ынтық белсенділігі 11,2 мың кю­ри 51,8 млн тонна әлсіз радиоак­тив­ті қалдық бар делінеді. Ма­мандардың айтуынша, оңтүстік-шығыс бөлігінде күкірт қыш­қылы зауытының өндірістік қал­­дықтары, оңтүстік бөлігінде химия-гидрометаллургиялық за­уыттың радиоактивті қатты қал­дықтары төгілген.

Бас басылым бұл тақырыпты ұдайы көтеріп келеді. Өйткені «қаупі айқын әрі қорқынышты болса да улы көлді тұмшалау жұмысы баяу жүргізіліп, бірнеше жылдарға созылды». 2020 жылы 27 сәуірде «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған  «Қошқар ата» – улы көл (қалдықтар қой­масы халықты қажытып тұр)» атты мақалада «Тікенекті сымдармен қоршалып, айнала ор қазу «күнелтуге керек» деп темір-терсек жинаған келімді-кетімді мен өріс іздеп жайылып келген малға кедергі болуы мүмкін, алайда жолындағыны жұлқи тұрғызып, жұлмалай үйіріп әке­тетін жел мен шаңның жолына тосқауыл бола алмайтыны анық. Бірақ темір-терсек сатамын деп үсті-басын белгісіз жара қаптап, емші мен дәрігерден дауасы түспек түгілі, нақты қандай ауру екенін айыра алмай денесі, терісі іріген күйде о дүниеге ат­танғандар жоқ емес. Бұл, сол «Қошқар атадағы» радиоактивті қалдықтың әсері екені бүгін белгілі. Аталған маңға жайыла­тын малдың еті мен сүтінің қауіп­сіздігіне, төңіректі мекен еткен тұрғындардың денсаулығына еш әсері болмайтынына еш­кім кепілдік бере алмайды. Бір қы­зығы, алдымен қалдық көмілген жер­дің үсті қалыңдығы 25 см темір бетонмен жабылып, оның үстіне бір метр қалыңдықта то­пырақ төселіп, 20 гектардан ас­там аумақ бетондалды. Жан-жа­ғынан ор қазылып, ұшпайтын қиыршық тас аралас топырақ төгілді, ағаштар отырғызылып, бір кездері қалдық қоймасының шаңытуын бәсеңдету мақсатында жыл сайын Ақтаудың кәріздік тазарту қондырғысынан 8-8,5 млн текше метр су айдалып та жатты... Деректерге көз жүгіртсек, қалдықтар қоймасының оңтүстік және оңтүстік-батыс бетінде 2015-2017 жылдары 8,2 гектар жасыл қорғаныш белдеуі өсірілсе, одан кейін 2017-2019 жылдары 30 гектар аумаққа, 2018-2020 жылдары 50 гектар аумаққа жасыл қорғаныш белдеуі құрыла бастады. Республикалық бюджеттен бөлінеді деген қаржыға қатысты мәлімет те осал емес – 2018 жы­лы – 2 млрд, 2019 жылы – 3 млрд, 2020 жылы 3 млрд теңге, жал­пы төрт жылға улы көлді зарарсыздандыру үшін 17,5 млрд теңге бөлінеді делінген. Бұл 2017 жылғы дерек, ал қойманы зарарсыздандыру жұмысы одан арғы жылдары қолға алынды, демек бұл жылдарда қанша қаражат бөлінді деген сұрақ туындайды?» деген жолдарды бүгін де қайталап мысалға алғымыз келіп отыр. Себеп – бөлінген қаражаттың молдығы, бірақ біткен істің болмауы өз төңірегіне көп сұрақты шиырлатады, әлде «бөлінеді» деген қаражат бөлінбеді ме, бөлінсе де улы көлді біржолата зарарсыздандырудың жұмырына жұғым болмады ма  – ол жағы осы істің тізгінін ұстаған құзырлы орындардың көкейінде.

Осылайша «улы көл» деп уайымнан у ішіп жүргенде Маң­ғыстау облысы әкімдігі баспасөз қызметінен «Қошқар ата»  қалдық қоймасын қалпына келтіру жұ­мыс­тарының бірінші кезеңі бас­талды деген жылымық хабар жетті. Талай жылды тоздырып, талай күнді оздырып, талай қиялды тізілтіп, талай үмітті үзілтіп маң­­­ғыстаулықтарға мұң болған «Қош­қар ата» қалдықтар қоймасына қа­тысты бұл әңгіме көңілге қон­ды. Баспаөз қызметінің мәл­іме­тіне сүйенсек, жоба биыл жыл басында Үкіметтен қол­дау тауып, рекультивация жұмыс­та­ры­на республикалық бюджеттен 3 жылға 15,5 млрд теңге қарас­ты­рылған.

«Қошқар ата» қалдық қоймасы деп аталатын экологиялық аймақ –  372 мыңға жуық адамның мекені. Сондықтан радиоактивті және улы көл мәселесін шешу  жақын маңдағы елді мекендердің тұр­ғындарының денсаулығы үшін елеулі қауіп төндіретіндіктен жұ­мысты жедел бастауды қажет етеді.

Мамандардың айтуынша, рекультивация жұмыстары шамамен 3 жылға дейін созылады. Қалпына келтіру жұмыстарын Мемлекеттік сатып алу бойынша конкурсты жеңіп алған «Павлодар өзен порты» АҚ жүргізеді. 2020 жылға республикалық бюджеттен 100 млн теңге көлеміндегі қаражат қолдау тауып,  конкурс жарияланып, нәтижесінде «Павлодар өзен порты» АҚ-ы жеңімпаз болып анықталды. Олармен 15,5 млрд теңгеге 13.03.2020 ж. №65  келісімшарт жасақталған екен. Алайда конкурсқа қатысқан екінші және үшінші өтінім беруші тараптар конкурс нәтижелерінің қорытындысына келіспей, сот органдарына арызданғандықтан жобаны іске асыру тоқтатылып, бөлінген 100 млн теңге көлеміндегі қаражат республикалық бюджетке қайтарылған.     

– Алдымен зарарсыздандырылатын жер түгел тегістеліп, беткі қабаты 30 см қалыңдықта үйінді топырағымен жабылады. Биыл жыл соңына дейін 4 мың гектардан аса аумақ рекультивациядан өтеді, – деді Маң­ғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Д.Құсбеков.

Бұған дейін аталған апатты аймақты зарарсыздандыру ісінің кешігуін құзырлы орындар «заманауи озық технологияларды пайдалануды күтіп жүргендігімен» түсіндірген кездер де болған. «Озық технологияны күтуді» кенет тоқтатып, биыл жұмысты бел­сенді қолға алуына және құммен бүркемелеуіне қарағанда «заманауи технологияның» қалдықтар қоймасына «тісі батпағандықтан», сол баяғы топырақпен тұм­ша­лауды тиімді деп тапқан болуы керек. Қалай болғанда да істің толықтай және сапалы орындалып, халық денсаулығына қауіп төнбеуі маңызды. Қолға алынған биылғы «бірінші кезең» де дабырамен басталғанымен соңы нәтижесіз бұрынғы бастама­лардың, «кезеңдердің» қатарын толықтырып тұрып алмаса деп тілейміз.

 

Маңғыстау облысы