Қоғам • 20 Наурыз, 2021

Бұлақ көрсең көзін аш!

205 рет көрсетілді

Ұлы далада жарық дүние есігін ашып, Ұлы далада небір ықылым заманнан бері ұлт болып, ел болып қалыптасқан халқымыз табиғаттың әрбір құбылысының қабағына қарап, дүлейімен алысып, күнгейімен қуана қауышып күн кешкен. Яғни табиғаттың төл перзенті болған. Аспандағы Күннің де, астындағы Жердің де қадірін білген.

Жаратушының адам баласына берген осынау нығметтерін құт, береке деп білген. Оны үнемдеп шашпай төкпей керегіне жаратқан. Жаратушының су, ауа, жер, өсімдік, мал тәрізді нығметтерін аялай білген. Ұлы Жаратушы адам пешенесіне жазған осынау нығметтерді сақтаудың, молайтудың қыр-сырына қаныққан. Қы­зы­ғын көрген.

Халқымыз ертеден-ақ Жаратушы сыйға берген бұл байлықтармен қарым-қатынас жасай білген. Ауа, су, жер, төрт түлікті сондықтан да аялаған. Осынау табиғат сыйын аялай білгенде ғана армансыз күн кешетінін ұққан. Бұларды кие тұтқан. Ол байлықтарды ысыраптамаған. Керісінше көбейткен. Сол мол байлықтың бірі су еді. Сусыз өмір тұл еді. Су жаңбыр болып жауады. Бұлақ болып ағады. Топырақ оны ішеді. Одан өрген өсімдікті мал жейді. Малды адам жейді. Онсыз өмір тоқтайды. Соны түйген далалықтар жер, су, ауа, өсімдік, малды, жылуды кие тұтты. Адам адам болу үшін олардың көзін ашты. Көбейтті. Жер-Ана бізді бұлағымен емізеді. Сол бұлақтың көзін ашу әр пенденің міндеті. Әсіресе, бүгінгідей Ұлыстың ұлы күні – Наурыз күндері далалықтар табиғат – ана сүтіндей су көзін ашуды ұрпағына үлгі еткен. Бір бұлақтың көзін ашсаң өмір атты мың бұлақ салтанат құрмақ. Көсегесі көгеріп тірлік бүршік атпақ. Сен қадаған тал шыбық күні ертең бүршік атып мәуелемек. Игілікке айналмақ.

 Дана халқымыз сондықтан көктем келе бұлақ көзін ашқан. Жылу мен жер, су тірлік бастауы деп білген. Тірлік көзі ашылса, өмір көші тоқтамаған. Сол салттың арқасында халық бар болған. Біз бар болғанбыз. Ендеше, ылғи да бар болайық!

 

Смағұл ЕЛУБАЕВ,

жазушы

Соңғы жаңалықтар

Халықтың табысы өскен

Қоғам • Бүгін, 22:45

Өркениет өзегі – Ұлық ұлыс

Тарих • Бүгін, 22:35

Қазақтың қайырымдылығы

Қоғам • Бүгін, 22:22

Ұрланған 28 көлік табылды

Оқиға • Бүгін, 15:11

Атырауда 23 адамды шаян шаққан

Аймақтар • Бүгін, 13:35

Ұқсас жаңалықтар