Руханият • 20 Наурыз, 2021

Ұлттың үні Әнші Бағланованың батырлығы туралы

2294 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter парақшасында «2022 жылдың 1 қаңтарында қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 толады. Ол – Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның Халық қаһарманы. Майдан даласында ән салған Р.Бағланова қазіргі күнге дейін еліміздегі және шетелдегі әнсүйер қауым арасында кеңінен танымал. Оның есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырдым», деп жазған еді.

Ұлттың үні Әнші Бағланованың батырлығы туралы

Тарихи тұлғалардың ұлылығын әр кезеңнің ұрпағы өз көзқарасымен танығанда ғана тұғыры бұрынғыдан да биіктеп, салмағы арта түседі екен. Жақында жарқын мысалын көрдік. Ән мен әдемілікті басына тәж етіп қондырып, үстінен қынама бел жарасымды камзолдары мен бүрмелі көйлектерін, басынан үлпілдеген үкілі тақияларын тастамай, ұлттық дәстүрді серік еткен Алаштың ай маңдайлы аруы Роза Бағланованың Аралға араша сұрап, бозторғай болып шырылдаған азаматтық үнін естіп, бүкіл қоғам «шын батыр екен» дестік. Өршіл рухтың шарболаттай беріктігін көріп сүйсіндік, атақты адамның өз атын кісілігімен көтеретіннің куәсі болдық.

Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған әйгілі әнші, КСРО халық әртісі, «Халық қаһарманы» Роза Бағланованың әлдебір жиынның биік мінбесінде тұрып Арал теңізінің қасіреті туралы өр рухпен айтқан өткір сөзі жазылған бейнетаспа соңғы бір жыл бойы әлеуметтік желінің бетінде кеңінен тарады. Бейнетаспаға зер салсақ, жиын өткен жер мыңдаған адамды сыйдырған съездер өтетін салтанатты сарайларға ұқсамайды, шағындау зал секілді, бірақ туған жеріндегі сұмдықты шырылдап айтып тұрған әншінің сөзін ұйып тыңдап отырған адамдардың ма­ңыздылығына қарағанда, арнайы шақырылған ауқымды мәслихаттардың бірі. Өзіміз білетін белгілі қаламгерлер Мұхтар Шаханов, Рахманқұл Бердібаев, Сайын Мұратбеков және Социалистік Еңбек Ері Жәлел Қизатов отыр. Жай­­шылықта жұрт алдына ән салуға шық­­қанда жадырап, жайнап кететін Роза Тәжібайқызы салмақты мінезбен сөйлегенімен, мінбеге арнайы баяндама жазып әкеліп, әзірленіп шықпағаны бай­қалады. Алдында жайылған ақ қаға­зы жоқ, сонда да Аралына арнаған сөзін жүрегінен суырып алып, түйдек-түй­дегімен сілтеп жатыр, сілтідей тынған залды семсер сөздің қуаты кескі­леп тастағандай әлде барлығы әнші­ні ал­ғаш көріп тұрғандай немесе оны жаңа қырынан танығандай, сондағы орыс-қазағы жым-жырт қалпы кірпік қақпас­тан көз алмай қадала қарап қалған.

Әншінің орыс тілінде сөйлеген сөзін дәлме-дәл келтірсек, мәтіні былайша өріледі: «Мен соғысты көрдім. Алайда Аралда болып жатқан жағдайды бір ауыз сөзбен тоқтату мүмкін емес. Соғысты тоқтатуға болады, атом бомбасын тоқ­татуға болады, аспандағы ұшақты тоқтатуға болады, бірақ мұны тоқтату мүмкін емес. Біз мұнда айтып жатырмыз, ал анда табиғат өз дегенін жасап жатыр. Біздің «ұлы ғалымдарымыз» тұтас ұлтты жатырында өлтіріп жатыр. Ұлтты өлтіріп жатқан ғалымдар туралы не айтуға болады? (Қол шапалақтау). Басқа уақыт болса, біз мұны зиянкестік дейтін едік, ал егер ол зиянкестер КСРО академиктері, Социалистік Еңбек Ерлері, екі, үш мәрте лауреаттары болса, не дейміз? Қараңызшы, қазақ елінің жерінде не бар: Семейде – полигон, Байқоңырда – космодром, Аралда – у. Сонда қазақтар қайда барып өмір сүруі керек? Егер бұл жағдай шетелде, Америкада болса, олар тұтас ұлтты өлтіріп жатыр деп айғайлайтын еді» деген тұсына келгенде Роза Бағ­ланованың сөзі мінбеде емес, Арал же­рінен түсірілген бейнекөріністермен сүйемелденеді. Оның сөзі кадр сыртында қалып, кадрда жал-жал құмның ішіндегі жалғыз ауылдың жатаған үй­лері мен аптап ыстықта ойнап жүрген балалар көрінеді. Бірер секунд қана пайда болған Аралдағы осы ауыл көрі­нісінен кейін қайтадан мінбеде тұрған әнші көрініп, сұқ саусағын көтеріп шамырқана сөйлеген қайсар қыздың жан шырылы былай жалғасады: «Мен ол жерлерде болдым. Маған оны көру өте ауыр болды. Нәрестелердің көзі жоқ, таңдайсыз туылып жатыр, басында ша­шы жоқ, аяғы, қолы жоқ балалар туы­лып жатыр. Бұл не сұмдық? Кімнен сұрауымыз керек? Кімге барып айтуымыз керек? Тұтас ұлттың жан азабын, қайғысын, қасіретін естірту үшін, бізді тыңдау үшін қандай тиісті орындарға дейін баруымыз керек?».

Бұл 1988 жыл. Жетпіс жыл мызғы­маған Кеңес Одағының сірескен сүңгі мұ­зы мен тоңының ептеп жібіп келе жат­қан жылымық шағы болса да, әлі толық­тай  ерімеген кезі. Жаннан без­б­ей, жеңбек жоқ. Түгел дүниені уы­сында ұстап, темір­дей тәртібімен тіті­ренткен Кеңес Одағының кезін­де шар­тарапты шарлаған атақ-даң­қы мен абырой-беделін жиып қойып, ұлтының басындағы ауыр ахуалды шымбайға бататындай шырқырап айтып жатыр апамыз. 1986-1990 жылдар аралығындағы КСРО-ның саяси және қоғамдық өмі­рін­дегі күрт өзгерістер алғашқы демократия нышанын тудырып, бұл қазақ­стандық режиссерлердің ашық сыни көзқарасының қалыптасуына әсерін тигізгеніне, міне, осы фильм дәлел. Арал мен Қазалының төл пер­зенті Роза Тәжібайқызының намыс ширықтырған мінезбен елінің басын­дағы қасіретті айтып сөйлеген екі минут­тық сөзінде, сол кезеңнің өлше­мімен қарағанда, асқан ерлік жатыр.

Қалай болғанда да, танктің үстінде тұрып ән салған ерлігін бейбіт күні тағы да қайталап, елі мен жерінің қасі­ретіне араша тұра алар азаматтық даусын барша халқына естірткен ержүрек қа­сиеті қоғам үшін үлкен жаңалық болып қа­былданды. Тіпті әлеуметтік же­лі қолданушыларының бірі «бұдан кейін елім үшін сөйттім, жерім үшін бүйттім дегендер, үндемей-ақ қойса да болғандай екен» деп жазған екен.

Әрине тәуелсіздіктің елең-алаң уа­қы­тында Семей полигоны, Арал, Бал­қаш мәселелері демократиялық дүм­пу туғызып, ұлттық қасірет ретінде ұран салып қоғам бетіне шықты. Ғасыр­ға жуық уақыт жиналып қалған қазақтың қайғысы жарыса жарияланып жатқан кезде жанашырлықпен айтылған да, жал­пылама төгілген де сөз көп еді, бі­рақ әншінің мына айтқаны бәрінен де ас­қақ естілгенін мойындау керек. Бұл не жиын, кімдер, қайда ұйымдастырған, қан­дай мақсатта өткізілген? Қатысып отыр­ған адамдар кімдер?  Бұл қоғамға қалай жарияланды?

Роза Бағланованың қарашаңырақ, қара орманын күзетіп отырған баласы Тә­жен мен келіні Маралға хабарластық. Енесінің іздеушісі, жоқтаушысына айнал­ған Марал келіннің айтуынша, бейнетаспаны қоғамға Айдар Жоранов атты азамат жариялаған. Телефонын алып, дереу Айдармен хабарластық. Айдар жас болса да,  Р.Бағланованың өмірін, өнерін, шығармашылығын 2011 жылдан бастап мұқият зерделеп келе жатқан жас зерт­теуші. «Бейнетаспа Орталық мем­лекет­тік кино-фотоқұжаттар, дыбыс жаз­балары архивінің құпия құжаттар қорынан алынған. Мен ол жерде әнші өмі­рінің кезең-кезеңін қуалай отырып, үш ай отырып жұмыс істедім. Үшінші ай дегенде «Реквием по Аралу» деген осы бейнетаспаға тап болдым. Өкінішке қарай, алғаш бұл бейнені Мәскеуден алып келгенде қысқаша аннотациясы жазылған үзіндісі ғана тапсырылған. Бейнетаспаны көшіріп алып, өзімнің YouTube арнама салдым. Интернет ар­нада жарияланған күннен бастап, Роза апамыздың екінші өмірі басталды деп нық сеніммен айта аламын. Себебі мың­­даған адам қарап, жүздеген пікір жазы­­лып, жастар Бағланованың өміріне қызы­ғушылық танытып, сауалдарын жол­­дап, тағы да ақпараттар, деректер жария­­лауымды сұрады», дейді Айдар Жоранов.

А.Жоранов ұсынған №4484 архив аннотациясына көз салсақ, Арал тағ­дырына арналған бұл бейнетаспа үзін­дісін түсірген режиссер де, сценарий авторы да С.Махмутов, редакторы В.Рерих деп көрсетілген екен. Тоқ­та­ңыз! Жадымыз жаңылмаса, Арал мен Семей­­дің мәселесі күйіп тұрған кезең­де, яғни тәуелсіздіктің ақ таңы атар тұс­тағы өлара шақта экологиялық апаттар­дан демігіп тұрған қазақ даласының қасі­ретін жырлаған бірнеше фильм жарыққа шыққан еді ғой, бұл сол фильмдердің біріндегі кадр болмасын? Іздестіре келе, долбарымыз дәл шық­ты, бұл белгілі кинорежиссер С.Махмутовтың «Арал туралы реквием» атты деректі фильмі екен. Жерден жеті қоян тапқандай қуанып, түнделетіп Сағатбек ағаның телефонын іздестіріп, кеш те болса үйі­не қоңыраулаттық. «Иә, – деді ардагер режиссер жайбарақат үнмен, – бұл менің фильмімнен алынған кадр. Сол жылдары Мұхтар Шахановтың ұйыт­қы болуымен Арал – Балқаш мәсе­лелері жөніндегі халықаралық комитет құрылып, жұмысын бастаған кез. Социа­листік Еңбек Ері, «Новый мир» жур­налының бас редакторы Сер­гей Залыгин жер бетінен жойылып бара жатқан Арал теңізінің мәселесін көтеріп, «Арал-88» деген  ғылыми экспедиция ұйымдастырған еді. «Советтік Қазақстан» киножурналына жай ғана сюжет түсіру үшін осы ұйымның мү­шелеріне ілесіп, мен де Аралға баратын болдым. Аралға барған соң адам айтса сенгісіз күрделі мәселелермен бетпе-бет келдік. Сол кездегі «Қазақфильм» кино­студиясы Кинохроника бөлімінің бастығы Анар Қашағановаға телефон соғып, тақырыптық жоспарға бе­кітіп, кино түсіруге рұқсат беруін сұ­радым. «Өзің дұрыс дүние туады деп есептесең, жақсы, түсіргеніңе қарсы емеспін» деді бастығым бірден келісіп. Идея да, сценарий де аяқастынан туды, мәтін фильмді түсіріп жүрген кезде жазы­лып жатты. Себебі экспедиция «қасі­ретті көзімен көрсін» деп сонау Жапониядан бері қарайғы шетелдік, күллі кеңестік республикалардың ірі ақындарын Аралға алып барған еді. Осы аралықта Мәскеуде «Дни Арала» деген он күндік өтетін болып, тартылған теңіздің жайымен танысқан қонақтардың бәрі енді Одақтың астанасына қарай жол тарттық. Мәскеудегі «Фадеев атын­дағы Әдебиетшілер үйінде» шетел­дік ақындар мен журналистердің қа­ты­суымен халықаралық жиын өтті. Залыгин бастаған экспедиция жұмы­сының қорытындысы осы жиында жария­ланатын болды. Тоталитарлық жүйенің толық күйреп бітпеген кезі ғой, мәскеуліктер «Арал-88»-дің зерттеу нәти­жесін жариялатпау үшін жанын салды. Бірақ шетелдік беделді тұлғалардың тегеуріні қойсын ба, сол жерде Аралдың басындағы ауыр ахуал бүге-шігесіне дейін талқыланды. Біз Қазақстаннан бір топ делегация барған едік, делегацияның арасынан Роза Бағлановаға сөз берілетін болып шешілді. Алайда апамызға да біресе сөз берілетін болып, біресе рұқ­сат етпей, ақыры қайсар мінезіне салмаса, қағаберісте қалатынын білген Бағ­ла­нова тізгіндеуге тырысқандарды тың­дамай, сөзді тартып алғандай, мінбеге жұл­қынып тұрып шықты. Сөйтті де, кеңестің ең жоғарғы құзырлы орындары атынан қатысып отырған шенділердің көзіне шұқығандай, қазақтың кешіп отырған халін, қарт Аралдың қайғысын  ақтарып айта бастады. Жиын айтыс-тартыспен қызу өтті. Осы жиыннан кейін біраз адам­ның басына таяқ тиді, Еңбек Ері болса да,  Залыгиннің беделіне нұқсан келді. Ал Роза Бағланованың ашынып айтқан ақиқат сөзін қатысушылар ықы­лас­пен қолдап, оған өз ұлтының нағыз баты­рындай құрмет танытты. Осының бәрін түсіріп тұрған мен бола­шақ туын­дым­­ның соңғы нүктесін қоюға әншінің осы сөзі жеткілікті болатынын түсініп тұр­­дым».

1980 жылдардың соңында Қазақ­стан­ның «Мемлекеттік кино» (Гос­кино) деп аталатын мекемесінің тө­рағасы С.Махмутовтың Арал – Алматы – Мәс­кеу арасында табанынан тозып жүріп түсірген «Арал туралы рек­вие­мін» қабыл­­дамай тастайды. Арал туралы шын­дықтың бәрін көзімен көріп, бір дәуірде гүлденген өлкенің мыңдаған халқының босып, босап қалған иесіз жері үшін жаны ауырған режиссер месе­лінің қайтқанына қарамастан, фильмін құшақ­таған күйі Мәскеудегі Орталық телекомитеттің өзіне барады. Жолы оң­ғарылып, ондағылар «Қазақстан қа­был­дамаса, біз қабылдаймыз!» деп фильмге жолдама береді. Үлкен өнер құрбандықсыз болмайды, Мәскеуден білім алған, өз ортасында мойындалған, кино саласында қырық жылдық тәжі­рибесі бар  С.Махмутов осыдан кейін бір жыл бойы тапсырыс ала алмай, жұ­мыс­­сыз қалады.  Өйткені «Арал туралы рек­вием» – ұсақ ұлттардың тағдырын жал­­маған қандықол алып империяның бетіне түкірген фильм болатын.

Бізге беймәлім болып келген бір бейнетаспа төңірегіндегі шындық бұлбұл үнді Бағланованың ел еркесі ғана емес, азаматтық ұстанымы бар қайраткер екенін қоғам алдында тағы бір дәлелдеді. «Халық қаһарманы» атағы намысты қыздың ажарын аша түскеніне көптің көзі жетті. Қолына жарамды киім түс­се, жалаңаштың иығына жауып жы­лыт­­қан жомарт қасиетіне батырлық  мі­­не­зінің жарасым тапқанын әйгілі Желтоқ­сан оқиғасы да бір түйіндеп кеткен. Жел­тоқсанның аязында «жастар алаң­­ға жи­налып жатыр» дегенді естіп, талай белгілі тұлғалар бұғып қалғанда, «кеше фашистен де қорыққан жоқпын, таяқ­­талып жатқан балалардан жаным ар­­тық емес» деп асыққаннан аяғына еті­гін қоңылтаяқ кие салып, алаңға келіп «Тараңдар!» деп тоқтау салуы да көкөрім жас­тар арандап, ажал құшпасын деген жанашырлығынан туғаны анық. Аумалы-төкпелі кезең­дердің ызғарына арқасын беріп, құ­рыш қайсарлығымен қарсы тұрған Бағ­ланованың батырлық істері тарихтың белестерінен әлі талай кө­рі­нетіні хақ.

 

P.S. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ендігі жерде қазақтың қаһарман қызын мəңгі есте қалдырудың нақты қадамы ретінде өзі өмір сүрген Алматы қаласындағы Республика сарайы, Нұр-Сұлтан шаһарындағы «Қазақстан» Орталық концерт залы, «Астана» концерт залы секілді ірі мəдени мекеме, өнер орталықтарының біріне Роза Бағланованың есімі берілсе, халқының зор құрметі ғана емес, тарихи əділеттілік пен ерлікке жасалған тағзымы да болар еді.

АЛМАТЫ