Театр • 21 Наурыз, 2021

Қостанайда «Мақта қыз» ертегісі сахналанды

471 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Наурыз мерекесі қарсаңында Қостанайдағы І.Омаров атындағы қазақ драма театры «Мақта қыз» ертегісін сахналады. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринның балаларға арналған әйгілі шығармасын қазіргі заманға сай түрлендіре отырып, сахнаға икемдеп қайта жазып шыққан қаламгер – ақын, драматург Абылай Мауданов.

Қостанайда «Мақта қыз» ертегісі сахналанды

- Бұған дейін ұлы ағартушының аталмыш ертегісінің желісімен облыстық қуыршақ театры үшін шағын қойылым сценарийін жазған едім. Биыл соның мазмұнын кеңейтіп қайта жазып шықтым. Бастысы, қазіргі балалардың таным-түсінігіне сиятындай, қарапайым әрі қызықты оқиғаларға негіздей отырып жеңіл жазуға тырыстым. Қазақ драма театрының режиссері Дос Құбаш музыкалық және би көріністерімен әрлеп, әдемі қойып шықты. Қойылымда ауылға – ата-әжесіне қаладан қыдырып келген бала ұялы телефонынан айырылған соң, шөптің қалай жиналатынын, сиырды қалай сауатынын, ағаштың қалай өсетінін, жұмыртқаның қайдан шығатынын өз көзімен көріп, ауылдың шынайы тұрмыс-тіршілігімен танысады. Жалпы, мерекелік қойылым кішкентай көрермендердің көңілінен шықты, соған қуандым, - деді Абылай Мауданов.                                                                                                                                                                                                                          в

Балаларға арналған мерекелік қойылымның бір ерекшелігі – сахнадағы кейіпкерлер мен залдағы балғын көрермендер қосылып ән салып, би билеп, ертегі әлеміне бірге саяхат жасайды. Театр тарту еткен мерекеге балаларын ертіп келген ата-аналар да дән риза. «Наурыз мейрамы болған соң, немеремді жуантайын деп, сонау Денисов ауданынан келіп тұрмыз. Бүгінгі қойылымнан тамаша әсер алдық. Немереме де ұнады.  Сахнадағы ертегі кейіпкерлерімен бірге кішкентай көрермендердің барлығы би билеп, уақыттың қалай өткенін білмей қалдық. Осыны көріп, қуанып отырмын. Өзім де «Қара жорғаны» билеп, көңілім көтеріліп, бір сергіп қалдым.  Осы сәтті пайдаланып, барша қостанайлықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын! Аспанымыз ашық, отбасымыз аман болсын! Балаларымызға бүгінгідей тәлім-тағылымға толы, көңілді әрі әсерлі қойылымды тарту еткен қазақ драма театрына алғысымыз шексіз!» деді  көрермен әжейлердің бірі.