1960-жылдардың аяғы мен 1970-жылдар аралығында елде жұмыссыздық пен тұрғын үй дағдарысы белең алған. Дәл осы кезде Сингапур мемлекетті түбегейлі жаңғырту бағдарламасына белсенді кіріскен-ді. Елдегі өнеркәсіп саласын аяққа тұрғызып, ірі мемлекеттік тұрғын үй кешендері дами бастады. Одан бөлек, білім беру мен инфрақұрылымды дамытуға қыруар инвестиция тартылған. Нәтижесінде, 90-жылдарға қарай Сингапур нарықтық экономикасы дамыған, халықаралық сауда байланысы орныққан табысты елдердің біріне айналды. Қазір ол Азиядағы жан басына шаққандағы ең жоғары ішкі жалпы өнімге ие елдердің бірі және БҰҰ-ның адам әлеуетінің даму индексі (HDI) бойынша 11-орынға жайғасқан. Сингапур – трансұлттық корпорациялар үшін де қолайлы елдердің біріне айналды. Бұған елдегі сыбайлас жемқорлықпен күрестің жақсы нәтижелері себеп болған.
Көптеген маманды елдегі еркін нарық пен социалистік принциптердің үйлесім тапқаны таңғалдырады. Еңбек нарығында иммигранттарды құшақ жая қарсы алған. Сол шеттен келген жұмысшылардың еңбегі елеулі екені айтылған. Елдегі салық деңгейі де төмен. Нәтижесінде, халықтың жалақысы жоғары, ал үкімет жанама салықтардан жеткілікті табыс табады. Сингапур экономикасының бір бөлігі социалистік принциптерге негізделіп, ол бойынша мемлекеттік тұрғын үй жобалары өте табысты жүзеге асқан. Халықтың 90 пайызының өз баспанасы бар. Бұл үйлер үкіметтің арнайы бағдарламасымен берілген. Көп сарапшыларды саудаға капиталистік көзқарас қалыптастырған елде тұрғын үйге келгенде мүлдем басқа социалистік пікірдің белең алуы таңғалдырады. Сингапурдың тұрғын үй саласын әлемде ең табысты шешілген жүйе деуге барлық негіз бар. Елдегі денсаулық сақтау жүйесі де баспана мәселесі секілді мемлекеттен қыруар қаржы алады. Тұрғындар мен жұмыс берушілер арнайы медициналық сақтандыру жүйесіне табысының бір бөлігін аударып тұрады. Ал саланың барлық шығынын үкімет толығымен өз қалтасынан жабады. Осылайша, АҚШ пен Ресейдің ұстанған бағытының қосындысы Сингапурда үйлесім тауып, елді өркениет биігіне көтерді.