Әдебиет • 26 Наурыз, 2021

Асқар Сүлейменовке оралу

5258 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

1.

«Ол байғұс өлген шығар, өлмесе бір жерде мұғалім боп жүрген шығар».

Ескі жұрттан қалған тәмсілді бекер еске алып отырғам жоқ.

«Асқар Сүлейменовтің «Бесатар» повесі он алтыншы жыл туралы емес».

Есін елес алғандай күбір еткенін өз құлағыммен естідім.

Асқар Сүлейменовке оралу

 

«Ол повесть отызыншы жылдардағы Созақ көтерілісіне арналған».

Мұндай сөзді өзгеше ойлайтын адам ғана айта алады.

Миымда қайнаған бұл ойларды бөліп-жарғым келмей отыр.

Бірақ басы біріге ме, мәселе сонда!

Мәмбет Қойгелдіні іздеп, керегелі кеңсеге бармадым.

Қаланың тау жақ бетіндегі көк қақпалы үйге бардым.

Осы үйден екінші рет кітап алып кетіп тұрмын.

Ойыма жоғарыдағы тәмсіл түсті.

Дін аман жүрген дыңдай ғалымға мұның түк қатысы жоқ.

Бірақ Мәмбет Қойгелдінің көп дүние­ні тәрк еткені рас.

Қоғамға ойын жеткізіп, идеясын өткі­зетін дәруіш дерсің.

Сонда?!.

Мұндай сұрақты маған жиі қояды, кейде өзіме өзім қоямын.

Кейбіреу көңіліңнен сызылады, кей­біреу қайта орнығады.

Мәмбет Қойгелді көңіліме өзгеше ойымен келіп орнықты.

Мағжанның «Алқа» манифесінен бас­талып,

Асқар Сүлейменовтің «Бесатарына» шоқтай тасталған,

осынау қарсылықты көңіл күй бұл далаға қайдан келген сонда?

Кенет Түркістан-Созақ идеясы жүректі тіліп өткендей болды!

Түркістанның тәуелсіздігі үшін Созақ көтерілісі бұрқ еткендей!

«Отызыншы жылдары төбе-төбенің басында мергендер отырған».

Мәмбет Қойгелді мұны Асқар Сүлей­меновтің өз аузынан алыпты.

Асқар Сүлейменов қайта-қайта Созақ көтерілісін айта беріпті.

Он алтыншы жыл туралы бір ауыз сөз болмапты.

 

2.

Ол Асекеңнің бойын Созақ көтері­лісі­нің рухы билегенін сезген.

Тарихты білетін жазушы көп, бі­рақ әдебиетті білетін тарихшы некен саяқ. Әдебиетті Есенберлиннің «Көшпен­діле­рінің» деңгейінде білетіндер басқа да, Мағжан Жұмабаевтың «Алқа» манифесінен тартып білетіндер басқа.

Қоғамның әр саласынан хабардар тұлғалар жау тигендей азайып кеткен.

«Бесатарды» талдауға сондай жан-жақты адам болмаса, басқада хал кем.

Мазасыз тарихшының бір ойы осы шығармадан тиянақ тапқанын іш білер.

Көп жыл өтсе де адамға да, қоғамға да маза бермейтін шығармалар болады.

Көп жыл өтсе де өлмейтін, өшпейтін идеялардың тамызығы секілді!

Сондай бір күмән мазамызды кеті­ріп, «Бесатарды» қайта қолға алдық.

«Бесатарды» он алтыншы жылға таңған сөйлем санаулы-ақ екен.

«Түркістан босағасын келін болмай кесір боп 16-жылдың шілдесі аттады».

Бұл сөйлем шығарманың басында берілген прологтың соңында тұр.

Ендеше сюжетке көк бауырдай жабысып қалған ештеңесі жоқ.

Сюжеттен тыс, басқа арнаға салу үшін қолдан қосылғандай әсер береді.

Баспагерлер де әдейі бөлектегендей қисық қаріппен теріпті.

«Иноземцев, 1916 жыл, 7 шілде, сәске». «Сәруар, 1916 жыл, 8 шілде, бесін».

Осындағы уақыт бірлігінде біртүрлі шарттылық басым сияқты көрінеді.

Ол кезде шығарманы бірден ширық­қан оқиғадан бастау дәстүрге енген.

Алдын ала «мен мына оқиға туралы жазбақ едім» деп түсіндіру салтта жоқ.

Бәлкім бұл тақырыпшалар да сырт көз үшін әдейі берілген болар.

«Елдің жарлық жайлы құлақтан­ғанына бүгін оныншы-ақ күн».

Демек әлі Жарлыққа қарсылық туа қоятындай уақыт та болған жоқ.

М. Тынышбаев та Жарлықтың Жеті­суға 8 шілдеде жеткенін айтады.

Ендеше «Байтақ даланың басқа түкпірлерінен хабар жоқ» деуге де ерте.

«Ал мына тағы қазақты солдатқа міндеттейтін жарлық шыққалы...».

Осы сөйлем ғана ойымыздан қайта­рып, тосылтып-ақ тастағандай еді.

Бірақ «Солдатқа бала бермейміз» деген ұран естілмегені таңырқатты.

Жазушының көтерілістің қайдан басталғанын білмеуі де мүмкін емес.

«Ал бұл өңір болса от тиген қалың қаудай жанып барады»...

 

3.

Адасқан қаздай қаңқ етер бір сөз іздеп қолыма бір алғанда екі ақтардым.

«Созақ үстіндегі Мәлік батырға кісі шаптыру керек» дегенді таптым.

«Бұл өңірдің жетелі қазағы алдын кеспейтін Мәлік батыр» бертінде де бар.

«Бесатарда» одан басқа Созақ көте­рілісіне меңзейтін бір сөйлем де жоқ.

Тіпті солай болғанның өзінде киелі Қазығұрт неге таңдалды?

Қазығұрттың кермесін керген Кере­гетас­ты неге айналсоқтай берді?

Жазушы сонда ішін от жалап, «ойын» көрсететін сахна іздегендей!

Иә, оқиға Созақта болып, Қазығұртқа декорация үшін көшірілгендей!

Он алтыншы жыл тым жабық тақы­рып болған жоқ, әйтпесе.

Ал Созақ көтерілісін жазбақ тұрмақ, атын атауға да болмайтын.

Осыдан оншақты жыл бұрынғы бір сұх­батта былайша пікірлесіптік:

«Мен: Мүсірепов шығарманың қарыс-қарыс астарын қалай байқаған?

Мәмбет аға: «Бесатардағы» әдеби көр­кемдік ұстанымды түсінген.

Мен: Бірақ сіз айтқан ерекшеліктерді ашып айта алған жоқ қой...

Мәмбет аға: Айта алмайды, ол кезде айтуға да болмайды!».

Ендеше оқиғаның өтетін орнын ғана емес, жылын да ауыстыру керек!

Бәрібір ол да қарсылық, бұл да қарсы­лық, ол да, бұл да көтеріліс!

Таспа тілді суреткер талыстай тері­ден таспа тілгендей тілді.

«Бесатарды» оқиғаны суреттеп емес, іштегі зарды ақтарғандай етіп жазды.

Ондағы әр сөйлемді оқыған сайын автордың тісінің шықыры естілетіндей!

«Мына баланың іші кекке толып қалыпты» деп Ғабең де күбір еткендей!

Қас суреткер Ғабең біз білмейтін бір сырды ішінде әкеткен сияқты.

Ғабең қынымен әкелген қылышты Асқар Сүлейменовке солай сыйлапты.

Трофей!..

 

4.

Ғабең құмдағы көтерілісшілерге бі­тім­гершілікке барғандардың бірі!

Бұл деректі архив ақтарған Мәмбет Қойгелді жетігірек біледі.

Өкімет құмдағы көтерілісшілер қа­руын тапсырса тимейміз депті.

Мақсат көтерілісшілерді астындағы аты мен қаруынан айыру болған.

Ғабеңнің «Голощекин бәрімізді алдап соқты» деген сөзі бар-ды.

Ғабит Мүсіреповтің «Бесатарға» іші бұрғаны содан да болуы мүмкін.

«Бесатарды» ай мен күнге балаған әйгілі «Кітап аты – «Бесін» туды.

«...Авторы – Асқар Сүлейменовке» қынаптағы қылыш сыйланды!

Осының бәрі текке ме деп еріксіз ойланасың.

Құмдағы көтерілістен түскен «трофей» иесін қайта тапқандай!

Әккі Ғабең «Бесатарда» не жазыл­ғанын кітап бетін ашпай білгендей!

«Алдымда Сүлейменұлы Асқардың «Бесін» атты кітабы жатыр».

От ұстағандай «не жайлы жазғаны емес, қалай жазғаны» деп аулақтатады.

Көкірегіне қатқан шеменді жібіткен шығарма осылай алдына келіпті.

Көтерілісшілермен қайта кездестір­гендей күй кештірген секілді.

Әйтеуір Ғабеңнің көңілі осы шығар­ма­ға алабөтен құлаған.

Эссесін де мойнындағы парыз бен қарыздың өтеуіндей етіп жазды.

«Бесатар» он алтыншы жыл жайлы болса бұлайша тебіренбес еді.

Он алтыншы жыл өзі де қалам тарт­қан таныс тақырып, таңсық емес!

Ал Созақ көтерілісінің дерті де, серті де он алтыншы жылғыдан бөлек.

Повесте там-тұмдап берілген соғыс тактикасы да өзгеше.

Отызыншы жылғы соғыс, дерті ішке түскен психологиялық соғыс.

«Бесатар» қарсылық пен жазалау психологиясын ашқан шығарма.

Кектілік те, тектілік те сынға түскен символдық дүние.

Мұнда нақтылықтан гөрі, шарт­тылық басым.

Жыл, ай, күн, мекен атауларын алып тастасаңыз да бәсі түспейді.

Жазушы дәл он алтыншы жылды көрсетуді мақсат етпеген.

Сондықтан да мұнда он алтыншы жылғыдай ашық соғыс жоқ.

Бәлкім «көтерілістің алдындағы
аху­ал» дейтіндер табылар.

Онда көтерілісшілерді жазалау оқи­ға­ларын қайда қоясыз?

Жазушы неліктен осы жазалау түр­леріне қатты мән берді?

Бес азаматты қабаттап қойып, оқ қан­шасынан өтеді деп атқан!

«Біреуің ойнап атасың, біреуің шындап атасың, қай әкеңнің құны қалды!».

Қидың шоғы маздаған жер тандырға шалқасынан жығып тулатқан!

«Бүлдірген өздері – қарсылық көрсет­кен өздері!».

Қойдың басын үйткендей от қойып сақал-мұртын үйткен!

«Бунтшылардың ұясын нұсқа дегенде, жақ ашпаған өздері!».

Айналып келгенде абыройын түсіру, үрейін ұшыру, рухын сындыру!

«Мұндай тағы елге тыныс алар жағ­дай жасасаң тісі өседі!»...

 

5.

Ақ патшаның тұсында да солай болғанын он алтыншы жыл көрсетті.

Кеңес заманында да солай болғанын қызыл террор тұсында көрдік.

Кейін атышулы жерлесіміз Жири­нов­ский­дің аузынан да естідік.

Сонымен «Бесатардағы» Крейгель де, Иноземцев те, Голоножкин де есте.

Жазалаушы отрядтың басшы-қос­шы­лары ұмытылмастай образға ай­налған.

Ал Созақ көтерілісін басқан Ольшан­ский, Никитенко, Малышевтер ше?

Созақ көтерілісінің рухында өскен А.Сүлейменов естімеген есімдер емес.

«Бесатардағы» протестік көңіл күй осы ортада қалыптасқаны һақ.

Мұндағы әр эпизод, әр деталь, әр штрихтан қарсылық лебі еседі.

«Бесатарда» тұтқын алмасамыз деп айлаға басқан қорқаулық көрініс береді.

Созақ көтерілісінде де астындағы атын түсіп берсе тимейміз деспей ме?!.

Қаруынан айырып қарсылығын, пырағынан айырып аптығын баспақшы.

«Бесатардағы» Крейгельдің тақы­мын­да кеткен Қарала соны меңземей ме?

Созақтағы соңғы шайқаста өлген-жіткеннен басқа 290 ат қолға түскен екен.

«Құлын дауысымен Қазығұрт шың­ғырды, шыңғырған әлде Қарала ма?!».

Қарала жазушы үшін бәрі, – қанат та, қарсылық та, қасірет те!

Жылқыдан айырылғаннан кейін ұлы ашаршылық басталды!

Қазақ ұмытпаған қайғыны, Созақ та ұмытқан жоқ!

Бойын қарсылық кернеген бекзада жазушы сол ортада өсті.

Оның қандай бесік жырымен тербел­генін бір Алла ғана біледі.

Отызыншы жылғы көтерілістен,

Отыз екінші жылғы ашаршылықтан,

Отыз жетінші жылғы қуғын-сүргін­нен қандай жыр қалуы мүмкін?

Көтерілісті басуға Ташкент пен Алма­ты­дан екі эскадрон шығыпты.

Эскадронның жолын тосып төбе-төбенің басында мергендер шоша­йыпты.

Соған қарсы таулы батарея бөлім­шесі іске қосылған екен.

Жан-жақтағы ОГПУ отрядтары да бес қаруын сайлап дайын отырыпты.

«Бесатардағы» «Каратель отрядтың қадау-қадау бекіністерінен» несі кем?

Созақ көтерілісіне ұзын саны бес мың көтерілісші қатысқан деседі.

Жалаң қылышты көтерілісшілерді пулеметпен, зеңбірекпен атқылаған.

Соңғы тамтығы Созақ кентіндегі Жаңа­базарда қырылысқан екен.

Біразы оққа ұшып, біразы тұтқынға түсіп, қалғаны құмға сіңіп кетіпті.

Бірақ қу жандарына құм да пана болмай, 1938 жылға дейін қуғындалыпты.

Жазушы Асқар Сүлейменов дәл сол 1938 жылы шыр етіп дүниеге келіпті.

 

6.

«Бесатар» қоғамға қарсылық идея­сын өткізу үшін жазылған шығарма.

Мұндай идея Мағжан манифесі барда тақырдан пайда болмақ емес.

М.Қойгелді А.Сүлейменовті протес­тік жазушылықтың жалғасы дейді.

Оны оқып отырсаң күрес ой мен мида жүріп жатқандай елестейді.

Сыртын берсе, ішін бермейтін кейіп­керлер галереясын кезгендейсің.

Сюжет қаламның ұшында емес, кейіпкердің мыйының ішінде дамиды.

Адамның екіге жарылуы таң емес, бірақ өз ішіне түсуі таңсық ол кезде.

Өз ішін өзі қазған кейіпкер ой тұт­қынына айналған сайын жұмбақ.

Сана тұтқынына айналғандар уақыт пен кеңістікке тәуелді емес.

Автордың он алтыншы жылға ес­керт­кіш орнату мақсаты болмаған.

«Бесатардың» «Қилы кезең» сияқты аталмауының бір себебі сонда.

«Қилы кезең» азаттық әдебиеті болса, «Бесатар» – қарсылық әдебиеті.

«Бесатарда» нақтылықтан гөрі, сим­волдық бейнелер басым.

Крейгель де беті ашылған жаудан гөрі, символдық образға ұқсайды.

«Көзіңізге қан толған» десе, «Қан толмаған көз бар ма қазір?» дейді.

Жазушы Иноземцевке қатысты да қиямет күнінің драмасын қойдырады.

Повестің ең шұрайлы тұсы да осы тұс екенін айта кеткен артықтық етпес.

Иноземцев «мен атпадым» дейді, Мұқағали «онда мен атқан екем» дейді.

Ол «шоққа мен жықпадым» дейді, бұл «онда мен жыққан екем» дейді.

Ол «сақалын мен үйтпедім» дейді, бұл «онда мен үйткен екем» дейді.

Мұқағалидың Иноземцевтің образына кіруінің де символдық мәні бар.

Қала берді «Бесатар» атауы да сим­вол­дық атау екені айтпаса да түсінікті.

«Бесатар» біздегі қарсылық әдебиеті­нің символы деп танылуға тиіс.

Бұл шығарманың табиғаты бәлкім, сонда ашылатын шығар...

 

7.

Т.Әлімқұлов ол өзі жайлы жазғанда «не жазғанын түсінбедім» деген екен.

С.Бердіқұлов «Асекеңе ел түсінетін­дей аудармашы табыңдар» деп әзілдепті.

Ғ.Мүсірепов «теңеулері рабайсыз ауыр құрылған сөйлемдері барын» айтқан.

Бүгінгі замандастарымыздан да «оны түсініп оқу қиын» дегенді естіп жүрміз.

Бірақ шығарма табиғатын таныған­нан кейін тілі де бізге түсінікті бола түсті.

Шындығында мұндағы қара сөзді диалог пен монологтың мысы басып тұр.

Асқар Сүлейменов екі сөздің басын қосса, драма тудыратын тұлға емес пе.

Жүрегінің түгі бар бір режиссер қол­ға алса, театр да бір жырғап қалары һақ.

Оған тән қуатты сөз энергетикасы сахнада тіпті атойлап кетеріне шүбә жоқ!

Осы тұста Мәмбет Қойгелді айтқан тағы бір естелік еріксіз еске түсе кетті.

«Асекеңмен театрға барғам, – деді ол, – «Ұлан асу» атты қойылым болған».

«Спектакль де біткен, – деді ол, – халық та кетпей қол соғып тұрып алған».

«Себебі, сонда еденге шаншылған қылыш сахнада дірілдеп тұрып қалған!».

«Осы деталь Асқар Сүлейменовтің нақ өзі!» деді ол сұқ саусағын шошайтып.

Біз де сол сәтте Асқар Сүлейменовпен қайта қауышқандай күй кештік.

Тәуелсіз елде тәуелсіз ойды осылай да бір толғап көруге бел шештік.

Ойымыз анық, сөзіміз қанық, тіліміз түсінікті, идеямыз да ұғынықты!..

 

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК