Пікір • 26 Наурыз, 2021

Барлығы ел мүддесіне бағытталуы қажет

162 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 25 ақпанда жер дауына қатысты мәселеге нүкте қойғанын үлкен тарихи жетістік деп айтар едім. Себебі «жер жекеменшікте болуы керек» деген нарықтық экономиканың құйтырқы шарттарына бағынбайтын, жерді сатуды ананы сатумен тең көретін арлы ел екенімізді дәлелдей білдік. Ендігі кезекте жер реформаларынан туындайтын өзгерістер мен толықтырулардың тек қана халық мүддесіне бағытталуын қамтамасыз етуіміз қажет. Ол үшін Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысының күн тәртібіне бірнеше мәселені енгізу керек.

Барлығы ел мүддесіне бағытталуы қажет

Біріншіден, жердің Қазақстан азаматтары үшін 49 жылға жалға берілуін бекіту қажет. Онымен қоса жалға алу құқығын сақтай отырып, жердің атадан балаға мұра болып қалуын қамтамасыз еткен жөн және 49 жыл пайдалану құқығы біткен соң сол жер пайдаланушы немесе оның ұрпағы әрі қарай пайдалануға алу үшін басымды құ­қық­қа ие болуы қажет. Ол үшін Жер ко­дек­сінің 37 мен 97-баптарын қайта қарау ке­рек.

Екіншіден, жер шетелдіктерге беріл­ме­сін деп дабыл қағып жүргенде, қазіргі жер пайдаланушылардың Қазақстан рези­дент­ті­гінен шығып, шетел азаматтығын алып жат­қанын байқамай қалдық. Өкінішке қа­­рай, ондай фактілер бар. Жақын арада тиісті материалдарды комиссия назарына ұсына­мыз. Шетел азаматтығын алып жат­­қан­дардың қолда бар мыңдаған гектар жер телімдерін банктерге кепілдікке қойып, қыруар ақша алып, кейін қайтара алмай шетелге қашып кетпесіне кім кепіл? Сондықтан керітартпалықты қойып, тиісті механизмдерді қарастырған абзал.

Үшіншіден, жерді жалға алғандардың ашық тізімі болуы керек. Тіпті жер пайда­ла­нушы заңды тұлғалардың құрыл­тай­шы­ла­рының кім екенін, қай жердің азаматы екенін жердің нақты иесі – халық білуі шарт. Президентіміз халыққа жасаған соңғы Жол­дауында «қоғамдық бақылаудың рөлін күшей­ту керек» деп қадап айтты. Сондықтан «елдің көзі – елу» деген принципті жер мәсе­ле­сінде пайдалануымыз керек.

Төртіншіден, жер – өндірістің не­гіз­­гі құралы. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық ахуалын көте­ре­тін де осы жер. Сондықтан да ауыл шаруа­шы­­лығы жерлерінен түсетін салықты төр­тін­ші деңгей болып есептелетін ауыл бюд­­жетіне тікелей түсуін қарастыру қа­жет. Қа­зіргі кезде ауыл бюджеті алты түрлі са­лық­тан құралады. Алайда оның жиын­ты­ғы ауыл әкімдері аппаратының бір айлық жа­ла­қысын қамтамасыз етуге де жетпейді. Осыған орай Жер реформалары аясында Салық кодексіне де тиісті өзгерістер енгізу ке­рек деп есептеймін.

Бесіншіден, аудан әкімдіктеріндегі жер комиссияларын жою қажет. Цифрландыру қарыштап тұрған заманда коррупцияға да, адами факторға да жол жоқ. Жерді жалға беру процесі әділ әрі жеңіл болуы керек. Фермерлердің цифрландыру саласында тәжірибесі мен біліктілігі аз, сондықтан шаруаларды тегін оқытуды қолға алғанымыз жөн. Сонымен қатар жалға берілетін ауыл­шаруа­шылық жерлерін, шабындық болсын, мейлі жайылым болсын, негізгі актив ретінде қарастырып, оның кепілдік бағасын еселеп өсіру қажет. Бұл шаруалардың несие алу мүмкіндігін жеңілдететіні сөзсіз.

Бұл – Қазақстан фермерлер қауым­дас­ты­ғы көтерген мәселелердің бірсыпырасы. Жер мәселесі туралы ұсыныс дайындайтын мем­лекеттік комиссия халықтың қойып отыр­ған талабына көңіл бөліп, оны билікке қос­пасыз дұрыс жеткізу маңызды.

 

Жигули ДАЙРАБАЕВ,

«Қазақстан фермерлері қауымдастығының» төрағасы