Экономика • 29 Наурыз, 2021

Жүйелі жұмыстың жемісі

211 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Коронадағдарыс былтыр ел экономикасын айтарлықтай теңселтті. Сондықтан дағдарысқа қарсы шаралар қабылданды. Бұл салықтық жүктемені төмендетуге және қаржыландыруды арттыруға бағытталды.

Жүйелі жұмыстың жемісі

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, былтыр бизнес саласына ерек­ше назар аударылды. Мәсе­лен, 2020 жылы енгізілген мора­то­рийдің нәтижесінде бизнес субъек­тілерін тексеру 4,6 есе аза­йған. Оның ішінде шағын және микробизнесті тексеру 7 есе кеміді. «Бизнестің жол кар­та­сы – 2025» бағдарламасы бойын­ша шағын және орта бизнес субъек­тілерін субсидиялау 7 млрд теңгеге артты. Сондай-ақ салалық шектеулер алынып тас­талды. «Қарапайым заттар эко­номикасы» бағдарламасы бо­йынша несиелеудің жалпы көлемі 1 трлн теңгеге көбейген. Суб­сидиялау мерзімі 10 жылға де­йін ұзартылып, тауар мен көр­се­­тілетін қызмет тізбесі кеңей­тіл­­ген. Кепілдік беру құралы жақ­­сар­­тылғанын да атап өткен жөн.

– Бизнес-ахуалды жақсарту үшін заңнамалық түзетулердің 8 топтамасы қабылданды. Қазақ­стан Дүниежүзілік банктің Doing business рейтингінде үш сатыға көтеріліп, 192 мемле­кет­тің ішінен 25-орынға ие болды. «Қабылданған шаралар 2020 жылы ішкі жалпы өнім құрылымындағы шағын және орта бизнестің үлесінің 30,5 пайызға дейін өсуін қамтамасыз етті, – деді Әсет Ерғалиев ми­нистр­ліктің алқа отырысында.

Ведомство басшысының айтуынша, былтыр мемлекеттің эко­но­микадағы үлесін төменде­ту және бәсекелестікті дамыту шаралары қабылданды. Жеке­шелендірудің 2020 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру аяқталып, 736 ұйымды бәсекелі ортаға шығаруды көздейтін 2025 жылға дейінгі жаңа жоспар әзірленді. Бұл ретте, мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі 14,9 пайызға қысқарған.

– Тарифтік саясатта тұрғын­дарға арналған тарифтердің өсуін тежеу бойынша жұмыстар атқа­рылды. Осы жылдың басында тұрғындарға арналған тарифтің өсуі тежелді. Оның ішінде, сумен жабдықтау 0,34 пайызға, жылумен жабдықтау 3,75 пайыз­ға, су бұру 1,37 пайызға және электрмен жабдықтау 3,92 па­йызға төмендеді. Бұдан бөлек 2020 жылы төтенше жағдай мен каран­тин кезінде тұрғындарға арнал­ған тарифтер орташа есеп­пен 7,4 пайызға азайды. Нәтиже­сінде, халықтың 1 млрд теңгесі үнемделді, – деді министр.

Инвестиция тарту да кен­желеп қалған жоқ. 2021 жыл­ғы 1 қаң­тарға дейін 1,5 трлн теңге­ге 863 мемлекет-же­ке­меншік әріп­тес­тігі жобасы жасал­ған. Был­­тыр жобалар саны 2018 жыл­мен са­лыс­тырғанда 86 па­йызға өскен.

– Ірі қалалардың төңірегін­дегі инженерлік және әлеумет­тік инфрақұрылымды жаңғыр­ту жұмыстары жалғасты. 23 млрд теңгеге 49 жоба іске асырыл­ды. 112 шақырым автожол, 1 мың шақырым инженерлік желі, 11 әлеуметтік нысан салынды. 19 моноқала мен 7 шағын қалада 670 жұмыс орны құрылып, 200 шақырым жол мен инженерлік желі жаңғыртылды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 90 млрд теңгеге 986 жоба жүзе­ге асырылды. «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша өткен жылы 8,8 мың маманға көтерме жәрдемақы беріліп, 5 мыңы тұрғын үймен қамтамасыз етілді, – деді Ә.Ерғалиев.

2020 жылы салық заңнама­сына бизнесті қолдау мақсатында бірқатар өзгеріс енгізілді. Соның бірі – мүлік салығын төлеуден бо­сату. Жеке кәсіпкерлер жеке табыс салығынан босатыл­ды. Ауыл шаруашылығы өні­мін өндірушілер ауыл шаруа­шы­лығы мақсатындағы жер салы­ғын төлемейтін болды. Әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарын сату мен импорттау үшін қосымша құн салығы мөл­шерлемесі 12 пайыздан 8 па­йызға төмендетілді.