Қоғам • 30 Наурыз, 2021

Адал мемлекеттік қызметшіге кім араша түседі?

388 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекеттік басқару жүйесі ретке кел­ті­ріліп, оның күретамыры ретіндегі мем­лекеттік қызметтің басты бағыт-бағ­дар­лары айқындалған. Адал қызмет іс­тей­мін дегендерге барлық мүмкіндік жасалған.

Адал мемлекеттік қызметшіге кім араша түседі?

Қалың бұқара ортасынан іріктеліп, екшеліп шыққан, мемлекеттік қызметші болуға ла­йық­ты, кәсіби тұрғыда білікті, терең білімді, биік моральдық қасиеті бар, таңдаулы адамдар ара­мызда баршылық. Жақсы қасиеттерге ие, мем­лекеттік қызметші болуды мемлекет пен ха­лыққа қалтқысыз қызмет ету деп түсініп, өз кү­­шіне сеніп жүрген білікті мамандарды жұрт саяси элита деп те атайды.

Осы ретте мемлекеттік қызметке қоғамның кілең бетке ұстарлары тартылып жатса, мораль­дық тұрғыда азғындаған, жемқор, туған елі мен халқының абыройы мен оның береке-бірлігі тіптен алаңдатпайтын, отан­шылдық сезімінен жұрдай адамдар мемлекеттік қызметке қайдан келеді деген сұрақ туындайды. Бәлкім, мұн­дай­лар азаматтық қоғамның енжарлығы сал­дарынан, мемлекеттік қызметтегі адал аза­мат­тардың алдын орап, әртүрлі әлеуметтік ар­тық­шылықтар мен жеңілдіктерге қол жет­кі­зіп отырған шығар. Осындайлардың ықпа­лы артқан кезде қоғамда заң да, әдеп те айдалада қалып, мансап пен пайда іздеп келген «принципсіз» адамдардың «күні туады». Бұлардың кесірінен ұлттың тағдырына жауап беру, оның мүддесін көздеу сияқты түсініктер ұмыт бола бастайды.

Біреулер ұлттың байлығын еселеуге күш салса, екіншілері оны ұрлап, талан-таражға салуда. Мемлекеттік қызметші болуға лайықсыз адамдар ел алдындағы міндеттерге сай келмей, халық мүддесінен қол үзіп, мемлекетін са­ту­ға дейін баруы мүмкін. Сөйтіп, елді іштей ірі­тіп-шіріте бастайды. Бұлардың қаты­суы­мен дүниеге келген қоғам дамуының стратегиясы, әлеуметтік-экономикалық және сая­си бағдарламалар мен оларды жүзеге асы­ру барысында мемлекет қоржынына қол сұға­тын саңылаулар сақтала бермек. Ал бұлар әшкереленген жағдайда оның жаман аты барлық мемлекеттік қызметшіге, оның ішінде қыз­метіне адал азаматтарға да кір келтіреді. Сондықтан, адал мемлекеттік қызметшілерді ың­ғайсыз жағдайда қалдырмай, олардың ар-намысының, құқығының қорғалуына көңіл бөлген жөн. «Бір қарын майды шірітіп жүрген құмалақтай» жемқорлардың кесірінен олардың қоғам алдында, бала-шағаларының алдында қадірі кетіп, жемірлердің санатына ілігуі орынды болмас.

Әділінде, мемлекеттік басқару жүйесі осындай адал, отаншыл мемлекеттік қызмет­кер­­лерге арқа сүйейді. Сондықтан кінәсіз кінә­лі болып жүрген адал мемлекеттік қыз­мет­шілерге араша түсіп, оларға қолдау көр­сету арқылы ғана әділеттілікті қалпына кел­ті­руге және халықтың билікке деген сенімін қай­та­ру­ға болады.

Қазіргі қалыптасқан ахуал, түптеп келгенде, еліміздегі кадр саясатының әлсіздігін көрсетеді. Әңгіме жалпы мемлекеттік дең­гей­дегі кадр саясаты туралы емес, жеке-жеке алғандағы мемлекеттік органдар мен меке­мелердің, ары кетсе салалық деңгейдегі мамандарды даярлау мен іріктеу тұрғысында бо­лып отыр. Аталған қызмет бір жерде кадр бөлімі, ал келесі біреуінде тіптен «кадр сая­с­аты» бөлімі деп те аталуы мүмкін. Бірақ мазмұндық жағынан, оның тиімділігі немесе сол мекемедегі жетекші рөлі мен ық­пал­ды­лығы тұрғысында олар «кадр саясаты» деңгейіне жете бермейді. Яғни әзірге аты бар да, заты жоқ. Иә, олардың жақсы статист ретіндегі орнына күмәніміз жоқ. Дегенмен, бұл қызметтер әдетте қосалқы рөл атқарады, басшылықпен қатар немесе өздігінше дербес (саясат демей-ақ қояйық) жұмыс жүргізіп, олардың директорға қарсы сөйлеп, яки үміт­кер­лер бойынша принципті түрде ерекше пікір айтқанын естідіңіз бе? Сондықтан да олар кадрлардың дайындығының төмен деңгейі үшін жауапкершілікке тартылмайды. Себебі таңдау оларсыз-ақ жүргізіле береді. Сыбайлас жемқорлық бойынша істі болған мемлекеттік қызметкерлерге қатысты сол мекемелердің кадр бөлімдері тарапынан ресми түрде ашық мәлімдеме жасалғандығын да естіген жоқпыз.

Мемлекеттік мекемелердің кадр саясатында сабақтастықтың болмауы, адамдармен тәр­тіп бұзушылықтың алдын алу, алдынғы буын мамандарының тәжірибесін талдап, түсіну және практикалық жұмыста қолдану сияқты мәселелер қаралса да, олар формальды сипат алатынға ұқсайды.

Зейнетке шыққан мемлекеттік қызметшілер арасында тәжірибесі мол, көргені көп білікті және нағыз кәсіпқой адамдар аз емес. Бұл санат­тағылардың сапалық жағын, қоғамдық орта­дағы алатын орны мен беделін, халықпен тіл табыса білу қабілетін, адамдарға ықпал етіп, қоғамдық пікір қалыптастырудағы әле­уе­тін ескерер болсақ, олар – өте зор әлеу­меттік, қоғамдық-саяси, мәдени-тарихи және рухани жасампаз күш. Әлемдік жаһандану заманында мұндай құндылықты ескермеу және тиімді пайдаланбаудың өзі үлкен ағаттық болар еді.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

қоғам қайраткері,

саясаттанушы