Қоғам • 31 Наурыз, 2021

Сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру арқылы өзекті мәселелер шешімін табады

640 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Еліміздің өсіп-өркендеуі алдымен оның ұстанған басты бағыт-бағдарына байланысты. Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының жүзеге асуы арқылы аймақтағы өзекті мәселелердің шешімі табылмақ, деп хабарлайды Egemen.kz

Сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру арқылы өзекті мәселелер шешімін табады

Пандемия халықтың әл-аухаты мен кәсібіне кері әсерін тигізді. Ал азаматтарға қолдау көрсету – партияның басты ұстанымдарының бірі. Партияның облыстық филиалы да пандемия кезінде атыраулықтарға қол ұшын созып, көмек көрсетті. Сайлауалды бағдарламаның да көксегені осы. Азаматтарға көмек көрсету, олардың әл-ауқатын жақсартып, сапалы өмір сүруіне жол ашу.

«Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламаның әр бағыты бойынша қазір Атырау облысында жүйелі жұмыс жоспары құрылып, жауаптылар іске кірісті. Жол картасында 7 басым бағыт бойынша 128 іс-шара,        91 көрсеткіш жоспарланып отыр. Аталған іс-шаралардың 34,7%-і «Әлеуметтік қызметке бағдарланған аймақ» бағытына, 26,6%-ы «Экономикалық тұрақты аймақ» бағытына, 15,3%-ы «Жайлы аймақ» бағытына тиесілі. Қалған 23,4%-ын басқа бағыттар құрайды.

Іс-шаралардың басым бөлігін қамтитын «Әлеуметтік қызметке бағдарланған аймақ» бағытында қарастырылған ілкімді істер арқылы  білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік салада сапалы қызметтерге қолжетімділік артады. Сондай-ақ облыс тұрғындарының өмір сұру жағдайын жақсартуға күш салынбақ.

Жол картасында көрсетілген жоспар бойынша жыл сайын жалпы саны 65-тен көп жас маманды ауылдарға, елді мекендерге тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік көмек көлемі ұлғаяды. Әсіресе, баспана, балабақша, сонымен қатар қажетті көмекпен толық қамту жоспарланып отыр. 2021-2025 жылдары аралығында өңірдегі медицина мамандарының біліктілігі мен тәжірибесін арттыру мақсатында 25 дәрігерге шет елдердегі ең озық технологиямен жабдықталған медициналық клиникаларға жолдама беру қарастырылған. Оған қоса, алдағы 5 жыл ішінде 10 медициналық нысанның құрылысы аяқталмақ. Осы уақыт аралығында 3 ауданның орталық ауруханаларына және 7 дәрігерлік амбулаториясына күрделі жөндеу жүргізіледі. Мұндай ауқымды жобаларды жүзеге асыру арқылы мұнайлы өңірдегі өмір сүру ұзақтығы орташа есеппен 75,3 жасқа дейін артады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша Атырау облысында 3,5 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беріп, 7 мың отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Өңір бойынша 7 кәріздік-тазарту имараттарын салу және қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынды.

«Әлеуметтік қызметке бағдарланған аймақ» бағытындағы басты мақсаттың бірі – білім сапасын жақсарту. Облыста үш жастан бастап балалар оқу орындарымен 100% қамтамасыз етілген. Десе де, 5 апатты мектеп, 12 үш ауысымды мектеп бар. Бұл балалардың сапалы білім алуына белгілі бір деңгейде кері әсерін тигізетіні рас. Осы орайда, Nur Otan партиясы өзіне жүктелген міндеттерге баса назар аудармақ. 2021-2025 жылдары облыс бойынша 11 жаңа мектептің құрылысы басталады деп жоспарланған. Сондай-ақ, аудандарда 56 балабақша салу көзделіп отыр. Ал, күрделі жөндеуді қажет ететін білім ордаларында жөндеу жұмыстарын жүргізу алдағы бес жылдың ішінде толық қамтылады. Облыс орталығындағы «Оқушылар сарайы» жұмысын заманауи деңгейге көтеру көзделген. Дуалдық оқытумен бітірген техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектерін 100% жұмысқа орналастыруға, мұғалімдердің пәндік қауымдастықтарын құрып, тоқсан сайын келелі кеңес өткізу арқылы педагог кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстары жол қойылады.

         Өңірде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта құру – партияның басты мақсаты. Қолайлы орта қалыптастыру үшін әлеуметтік және көлік инфрақұрылым объектілерін 75%-ға бейімдеу жоспарланды. Бұған дейін қолға алынған «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық» жобалары әрі қарай өз жалғасын таппақ.

«Экономикалық тұрақты аймақ» бағытында көзделген тұрақты экономикалық даму және халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту жұмыстары басты назарда. Облыстың экономикалық тұрақтылығы өндіріс, ауылшаруашылық, құрылыс және сауда саласын дамыту арқылы жүзеге асатыны белгілі. Мұнай өнеркәсібі саласында жұмыстың тұрақтылығы арқасында пандемия кезінде аймақ экономикадағы шығындар мен жұмысшылардың жаппай босатылуын тежеді. Болашақта өнеркәсіпті дамытуға, отандық өндірушілерді қолдауға, бәсекеге қабілетті және импортты алмастыратын өнімдер шығаратын жаңа өндіріс орындарын ашуға баса назар аударылады. Сонымен қатар, Nur Otan партиясы еңбек жағдайын жақсарту, отандық және шетелдік жұмысшылардың жалақы айырмашылығына жол бермеу мәселесін үнемі бақылауда ұстайды.

«Экономикалық тұрақты аймақ» бағыты бойынша өңірімізде мұнай көлемін 49 млн тоннадан 2025 жылға қарай 55 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Ал мұнай-химия өндірісінің көлемін 5 жыл ішінде 35%-ға арттыру көзделген. 2021-2025 жылдар аралығында 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру – сайлауалды бағдарламаның жол картасына енгізілді. Азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында 63 инфрақұрылымдық жобаға 7 мыңнан астам адам қызметке орналастырылады.

Жол картасында қарастырылған 7 басым бағыттың 15,3%-ын  «Жайлы аймақ» бағыты бойынша азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, таза су мен таза ауаның, жағдайы жақсы жолдардың қолжетімді болуы үшін жүйелі жұмыстарды қолға алмақ. Атырау облысы – мұнайлы өңір болғандықтан, аймақтағы өндірістік зауыттардың ауа сапасына әсер ететіні сөзсіз. Сол себепті, Сайлауалды бағдарламаның «Жайлы аймақ» бағыты бойынша бірқатар жұмыс жүзеге асады. 2021-2025 жж. I санаттағы ірі өндірістік мұнай-газ кәсіпорындарда (НСОС, ТШО, АМӨЗ және т.б.) атмосфералық ауаны онлайн-режімде бақылау жүйелері орнатылады.

Облыс аумағында ауа-райын тұрақты түрде бақылайтын  
45 станса бар, алайда, мәліметтер серверге кешігіп түседі. Сол себепті олар өз өзектілігін жоғалтып отыр, яғни газ шығарындылары шекті мөлшерден асып кетсе, қажетті шара дер кезінде қолданылмайды. 2025 жылға қарай атмосфералық ауаға шығарылатын ластаушы заттардың көлемін 300 мың тоннадан 264,3 мың тоннаға дейін 11,9%-ға азайту көзделіп отыр.

Жол сапасын жақсарту – халықтың жақсы өмір сүру сапасының көрсеткіші. Облыс тұрғындарының көршілес мемлекеттерге автомобиль арқылы қатынау мүмкіндігі мол. Алайда, сапасыз салынған жолдардың қол байлау болатыны белгілі. Nur Otan партиясы бұдан әрі жол сапасын жақсартуды қолға алды.

         «Жастар – ел болашағы» ретінде Елбасы, партия төрағасы Н.Назарбаев оларға үлкен сенім артатынын жеткізген еді. Жаңа ұрпақ еліміздің стратегиялық бағытының қозғалтқышына айналуы керек. Сайлауалды бағдарламаның «Жастарға арналған аймақ» бағыты бойынша да жүйелі жұмыстар легі жалғасын табады.

Облыста жалпы 8 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Олар жастардың патриоттық тәрбиемен кемелденуіне, рухани жаңғыруына, азаматтық-құқықтық көзқарастарының қалыптасуына, жастар арасында бұқаралық спортты дамуына зор үлес қосып келеді. Бұл бағыттағы ілкімді істердің қатары артпақ. Өңірдегі 14-29 жас аралығында 133,1 мың жас облыс халқының 20,6%-ын құрайды. Енді оларды қолдау мақсатында Nur Otan партиясы жыл сайын 5 мыңнан кем емес жасты жұмысқа орналастыруды көздеп отыр. «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысын ұйымдастыру арқылы жаз мезгілінде 700-ден аса жас жұмысқа тартылады. «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында жыл сайын өз ісін ашуға және бизнесті жүргізуге кемінде 50 жас азаматқа несие беріледі. «Дипломмен-ауылға» бағдарламасы бойынша кемінде 150 жас маманды жұмыспен қамту қарастырылған. Осы жоспарлы жұмыстарды атқара отырып, 2025 жылға дейін жұмыссыздық деңгейі 2,2%-ке дейін төмендейді.

Топырағы киелі Атырау аймағы талай дүлдүл тұлғаны, өнердің  даусыз дарындарын Қазаққа сыйлады. Олардың ерен еңбегі ел есінде үздіксіз жаңғырып тұруы тиіс. Бұл мәселенің де Сайлауалды бағдарламада көрініс табуы – заңдылық. «Тарихы мен мәдениеті бай аймақ» бағыты бойынша алдағы 5 жыл ішінде Қасым хан, Р.Отарбаев ескерткіштерін тұрғызуды жоспарлап отырмыз. Себебі, Қасым хан – ел іргесін бүтіндеген бірегей тұлға болса, Рақымжан Отарбаевтың әдебиет әлеміндегі орны ерек. Олардың есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталуы үшін еңселі ескерткіштері қала төрінде тұрса игі еді. Сонымен бірге 2021-2025 жж. 4 мұражай ашу (Домбыра, Мұнай, Анаға құрмет, Махамбет қорығының мұражайлары) қажет. Оған қоса, өңірде тарихи және қасиетті орындарға ірі қазба жұмыстарын жүргізу (Ақтөбе-Лаэти, Сарайшық қалашығы, Тас кешу керуен сарайы, Миялы және Құдайберген қорғандары) қаржы көздерінің ретіне қарай қолға алынады. Осы секілді ауқымды жобалардың ел бірлігі мен татулығына, тәуелсіздігінің тұрақтылығына қосар үлесі мол болмақ.

«Ашық және есеп беретін жергілікті атқарушы органдар» бағытының берері көп. Өйткені, әр елдің дамуы – билік пен бұқара арасындағы байланысқа тікелей қатысты. Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – жемқорлықпен күрес болса, партияның осы бағыт бойынша атқарар жұмыс жоспары бекітілді. Әрине, басты назарда – осы өзекті мәселе.

Азаматтарға электрондық цифрлық қолтаңбаны алу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жандандыру бойынша былтыр 30 іс-шара өтсе, биыл оның санын 42-ге жеткізу жоспарланған. Жыл сайын бұл көрсеткішті арттыру көзделіп отыр. Электрондық форматта көрсетілетін мемлекеттік қызметтер алу бойынша түсіндіру жұмыстарының санын биыл 68-ге жеткізу мәселесі қаралды. Сонымен қатар Атырау қаласы мен аудан әкімдіктерінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияларында жыл сайын, жалпы саны 50-ден аз болмайтын мәселені қарастыру жайы да назардан тыс қалмады. Тұрғындарды мазалаған өзекті мәселені ескерусіз қалдырмас үшін әлеуметтік "Телеграм" чатын ашып, өңірде болып жатқан түйткілді түйінді бақылауға алу әр депутатқа міндет болып тапсырылды.

Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген «Қауіпсіз аймақ» бағытында Атырау өңірін облыс тұрғындары үшін еш кедергісіз аймаққа айналдыру көзделді. Атыраулықтардың, облыс қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға дейін өңірде бейнебақылау камералар саны 1600-ге жетеді. Алдағы 5 жыл ішінде 8 учаскелік полиция пунктін салу көзделіп отыр.

Облыстың «Жол картасында» жоспарланған іс-шаралардың жалпы қаражат көлемі 2 123 329 млн. теңгені құрайды. Соның ішінде 208 471 млн теңгесі – республикалық бюджет есебінен, 87 951 млн теңге – жергілікті бюджет есебінен, 1 826 908 млн теңгесі – басқа көздер есебінен қарастырылып отыр. 2021 жылғы жоспарланған іс-шараларға 888 782 млн теңге қаражат қарастырылған. Оның ішінде,  республикалық бюджеттен
33 724 млн теңге, жергілікті бюджеттен 16 803 млн теңге, басқа көздер есебінен  838 255 млн теңге жоспарланған.

Облыс, қала және аудан көлемінде әрбір сала және басты бағыттар бойынша жауапты маслихат депутаттары айқындалып, облыстық және аумақтық кеңестер іске кірісті. Алдағы уақытта жоспарлы жұмыстар өз нәтижесін бере бастайды.

Сайлауалды бағдарламаның әр бағытында көрсетілген атқарылуы тиіс жұмыстар, әлбетте, халық игілігі үшін. Барлық бағыт бойынша жұмыс жоспары құрылды. Жұмысшы топтың да жиыны жиі өтіп тұрады. Аймақтың дамуы билік пен бұқара арасындағы тығыз байланыстың нәтижесі. Халықтың әр ұсынысы мен өтінішіне назар аудару – Nur Otan партиясының басты ұстанымы.

 

Н.ОЖАЕВ,

Nur Otan партиясы облыстық филиалы

төрағасының бірінші орынбасары