Бетбұрысқа толы белес
Өңір мәдениетінің ұлттық құндылықтарға бетбұрыс кезеңі тәуелсіздік жылдары ғана басталды. Мысалы, ел іргесі бекіп, қолымыз өз аузымызға жете бастаған жылдары Қостанайда бұрын-соңды болмаған дәстүрлі өнер ұжымдары құрылып, ұстыны ерек ұлттық театр пайда болды. Осы орайда, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовпен әңгімелесе отырып, тәуелсіздікпен тел өрілген төл өнердің қалыптасуына шолу жасап, жалпы өңір мәдениетінің өткені мен бүгініне отыз жылдық тарихтың белесті биігінен зер салып көрдік.
Бүгінде Қостанай облысында 600-ден астам мәдениет нысаны бар. Оның ішінде халыққа мәдени қызмет көрсететін 277 ұйым, 355 кітапхана, 10 музей, 5 кинотеатр, 4 драмалық театр, 1 филармония жұмыс істейді.
– Бүгінгі күннің биігінен қарағанда, бәрі жақсы, бәрі керемет деп айта салуға болатын еді. Бірақ тарихымыздың осы бір белесіндегі қиындықтарды ұмытып кетудің жөні жоқ. Өйткені ел тәуелсіздігінің алғашқы онжылдығы ішінде, екі мыңыншы жылдарға дейін экономикалық ахуалға, өндірістік саладағы қайта құруларға байланысты мәдениет саласы кенжелеп қалғаны өтірік емес. Бірақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылды «Мәдениетті қолдау жылы» деп бекіткеннен кейін тек Қостанай облысында ғана емес, жалпы Қазақстанда мәдениет саласында үлкен бір серпіліс басталды. Осы жылдары тұралап қалған Мәдениет үйлері, музейлер мен кітапханалар жаңаша тыныс ала бастады. Бұл жерде айта кететін бір мәселе, өңірдегі мәдениет желісінің сақталып қалуына сол кездегі жергілікті мәдениет саласының қызметкерлері, қазіргі ардагерлеріміз ерекше үлес қосты. Біріншіден, тәуелсіздік жылдары біз ұлттық құндылықтарымызға бетбұрыс жасадық. Ұлттық өнердің басы-қасында жүрген азаматтарымыз таныла бастады. Бұрын облыс орталығының өзінде ұлттық оркестр құру арман болып келсе, тәуелсіздік жылдары жер-жерде көптеген ұлттық бағыттағы жаңа шығармашылық ұжымдар, ансамбльдер мен оркестрлер пайда болды. Бүгінде облыстағы аудан-қаланың барлығында дерлік қазақ ұлт аспаптарының не оркестрі, не ансамблі жұмыс істейді. Сондай-ақ барлық өңірде ұлттық би ұжымдары бар. Тәуелсіздіктің мәдениет саласындағы ең алғашқы үлкен жетістігі де – біздің ұлттық өнеріміздің дәстүрлерінен қол үзбей қайта қауышуымыз, – деді Ерлан Болатұлы.
Қай саланың болсын насихатталуы, қалыптасып, дамып, өркен жаюы ең бірінші кезекте маманға байланысты. Еліміз тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдары Қостанайға Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияны, басқа да айтулы өнер ордаларын тәмамдаған жас мамандар жұмысқа тартыла бастады. Сол жылдары өңірге келген Абай Әмірханов, Назымбек Молдахметов, Батырбек Байназар, Манапбек Қадыров бастаған өнерпаздар шоғыры өздерімен бірге дәстүрлі өнерімізге із салатын жаңа леп, жаңа ізденістер ала келді.
Әрине өзге ұлттардың басымдығы байқалатын өңірде ұлттық өнердің бірден көш бастап кетуі қиын. Бірақ соның өзінде осы азаматтардың арқасында «Мирас», «Ақжелең» ансамбльдері, кейін 2000 жылдары облыстық филармонияның жанынан ұлт аспаптары оркестрі құрылды. Осының барлығы облыстағы ұлттық өнердің насихатталуына бағытталған жұмыстардың айқын көрінісі еді.
Бүгінде Қостанай облысындағы ауылдық елді мекендерде 200-ге жуық Мәдениет үйі, 300-ден астам кітапхана жұмыс істеп тұр. Әрине, бұл бір қарағанда құрғақ цифр сияқты болып көрінуі мүмкін, бірақ мұның астарында үлкен мағына жатыр. Ауылда сақталып қалған әр клуб немесе кітапхана – сол ауылдағы ағайынға рухани азық беретін орда. Қазір елді үлкен идеологиялық мақсатқа жұмылдырған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан ауқымды шаралардың бір саласы осы ауыл кітапханалары арқылы өскелең ұрпаққа насихатталып, оң нәтиже көрсетіп жатыр деуге болады. Ал ауыл клубтарының ішінде жастар мен балаларға арналған түрлі үйірмелер жұмыс істейді.
– Біз бүгінгі таңда әрбір ауылдағы мәдени ошақтарды маманмен қамти алдық. Бұған ауылдық мекендер арқа сүйейтін кәсіпорындар мен шарушылықтар да үлкен үлес қосып отыр. Тобыл-Торғай өңірінде өздерінің маңайындағы мәдениет, білім ошақтары мен кітапханаларды, басқа да әлеуметтік нысандарды қамқорлығына алған шаруашылықтар баршылық. Бұған мысал ретінде Қазақстанның еңбек ері Борис Князев қамқорлығына алып отырған Қамысты ауданына қарасты Алтынсарин ауылындағы Мәдениет үйі мен музейді айтуға болады. Сол сияқты Харьков ауылындағы Мәдениет үйін Қазақстанның еңбек ері Сайран Бұқанов ағамыз толығымен қамқорлығына алып отыр. Алдыңғы жылы белгілі кәсіпкер Марат Құдайқұлов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қарабатыр ауылындағы клубты толықтай күрделі жөндеуден өткізіп, ел игілігіне пайдалануға берді. Қазір бұл мәдениет ошағы тек концерттік шаралар өткізумен ғана қоймай, соған қоса жастар бас қосып бильярд ұрып, теннис ойнайтын, би кештерін өткізетін ойын-сауық орталығына айналды. Қазір бұл жерде Қызылорда облысынан келген мамандар түрлі үйірмелер ұйымдастырып, жұмыс істеп жатыр. Осының бәрі шағын бір ауылдың мәдениетін кәдімгідей жандандырып отырған нысандар, – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы.
Соңғы жылдары облыста республикалық, халықаралық деңгейдегі ірі өнер байқаулары мен форумдар өткізу дәстүрге айналды. Мұндай ауқымды шараларды ұйымдастыруға 2019 жылы облысқа жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ашылған Жастар сарайы мүмкіндік беріп отыр. Демеушілердің қаражатымен айналасы ат шаптырымдай көрнекі орында бой көтерген еңселі нысанның бұрын-соңды болмаған мың орындық концерт залы бар. Мұндай зал өңірде тәуелсіздік алғанға дейін болған жоқ. Қазір мұнда облыстық филармония ұжымы жұмыс істеп жатыр. Концерт залы озық үлгідегі заманауи технологиямен, ең соңғы үлгідегі жарық, дыбыс құралдарымен толық жабдықталған.
Өңірде 15-16 жылдан бері қалыптасып қалған айтулы жобаның бірі – «Алтын микрофон» байқауы. Бір қарағанда, балалар байқауында тұрған не бар деген түсінік тууы мүмкін. Қазір балаларға арналған байқаулар өте көп. Әсіресе, жеке ұжым, жекелеген азаматтар ұйымдастыратын коммерциялық мақсаттағы байқаулар жиілеп кеткені белгілі. Баланы әкелесіз де байқауға жарнасын қосып бересіз, ұйымдастырушылар балаларды жас ерекшелігіне қарай топ-топқа бөліп, байқау соңында өнер көрсеткен балғындардың басым бөлігі бір-бір жапырақ қағазға ие болып, лауреат атанып, дән риза болып қайтады. Бұл – бүгінгі күннің шындығы. Ал «Алтын микрофонның» талабы басқаша, біріншіден, халықаралық деңгейде өтетін кезеңге ең талантты деген балаларды іріктеп алу үшін облыстық кезеңді біз өзіміз бөлек өткіземіз. Осы облыстық кезеңге қатысқысы келетін әр-түрлі жастағы балғындардың саны әдетте 150-дің үстіне шығып кетеді.
Бұл байқауға бір шеті Болгария, Литва, Италия сияқты Еуропа мемлекеттерінің өкілдері қатысады. Ал қазылар алқасының құрамына Батыста мойындалған, білікті мамандар шақыртылады. Мұнда қойылатын басты талап – олар соқа басымен келіп байқауға төрелік жасап қана кетпейді, әрқайсысы өздерімен бірге өз еліндегі талантты балалардың Тобыл жағалауында өтетін байқауға қатысуына ықпал етіп, қолдау көрсетеді. Сондықтан «Алтын микрофонның» деңгейі әлдеқайда жоғары, кішкентай талапкерлердің арасында нағыз үлкен өнер бәсекесі өтеді. Бүгінде еліміздің үлкен сахналарында өнер көрсетіп жүрген Қостанай өңірінің таланттары осы байқаудан шыңдалып шыққан. Сондықтан бұл байқауды кәдімгідей нәтижесін, жемісін берген өнер мектебі деп ауыз толтырып айтуға болады. Мысалы, кешегі «Славян базарында» топ жарған Әміре – Ернар Садырбаев – осы байқаудан өсіп шыққан бала. Иә болмаса, бүгінгі Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының белді солисі Балуан Беркенов те осы «Алтын микрофон» байқауынан өсіп шыққан әнші. Немесе қазіргі жастардың сүйікті әншісі Батырхан Мәліков те осы байқаудан тәрбиеленіп шыққан.
– Қазір түрлі имидждік шараларға шығындалмау туралы дұрыс мәселе көтеріліп жүр. Бірақ әннің де естісі бар, есері бар деген сияқты әрбір іс-шараның өзінің алып жүретін жүгі болады. Мысалы, біз осы соңғы екі-үш жылдың көлемінде халықаралық дирижерлер форумын өткізіп келе жатырмыз. Форум барысында өңірге мықты дирижерлер келіп, бір апта бойы қазақ оркестрі, орыс оркестрі және камералық оркестр бар – біздің осындағы үш оркестрмен бір апта бойы жұмыс жүргізеді. Нәтижесінде, біздің оркестрлердің репертуары толығады, кәсіби деңгейі өседі. Содан кейін үш күн бойы елге жақсы бір концерттік бағдарламаларды ұсынады. Бұл бір форумның бір жылға азық болатын жүгі бар. Енді бір үлкен жобамыз – осы өңірден шыққан, бірақ қазір есімдері ұмытылып бара жатқан, болмаса насихатталмай жатқан өнер тұлғаларын еске алу. Тобыл-Торғай өңіріндегі дәстүрлі ән өнері туралы айтқанда, ең алдымен, Нұржан Наушабаевтың есімі тілімізге оралады. Биыл біз Нұржан атамыздың атындағы республикалық деңгейдегі дәстүрлі әншілер байқауын екінші рет өткізгелі отырмыз. Бұл байқауға қатысушылар өздерінің әндерімен қоса, Нұржан шығармаларының бірін орындауы тиіс. Бұл Нұржан әндерінің, сондай-ақ осы өңірде өмір сүрген дәстүрлі ән өнері өкілдері шығармаларының еліміздің өзге аймақтарында насихатталуына мүмкіндік береді. Бастамасы жаман емес, өткен байқауда сырттан келген өнерпаздар жүлделі орындардан көрініп, өздерінің ән қоржынын Нұржан атамыздың туындыларымен толықтырды. Бұл Нұржан Наушабаевтың мұрасын насихаттаудың жақсы бір жолы деп білеміз, – деді Ерлан Қалмақов.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында дүниеге келген Қызғалдақтар фестивалінің де орны бөлек. Торғай, Науырзым атырабындағы қызғалдақтар Қызыл кітапқа енген. «Соны біз неге көрсете алмаймыз, неге дәріптей алмаймыз деген әңгіме болды. Соған байланысты алдыңғы жылы Қызғалдақтар фестивалін өткіздік. Қазір бұл жобамыз карантиндік шектеулерге байланысты кешеуілдеңкіреп қалды. Фестивальдың негізгі мақсаты – Тобыл-Торғай өңіріндегі табиғаттың әсемдігін, дархан даланың ерте көктемдегі керім келбетін көрсету, сол арқылы ел ішіндегі әнші-күйшілерді, қолөнер шеберлерінің еңбегін насихаттау» – дейді бұл жөнінде басқарма басшысы. Өткен фестиваль Амангелді ауданында ұйымдастырылып, бір ауданнан 500 домбырашы шығып, күй орындады. Араға жыл салып барып ұлттық өнерді насихаттап жүрген ауыл өнерпаздары мен қаладағы кәсіби әнші-күйшілердің басын қосатын өнер мерекесі алдағы уақытта әлі де жалғаса бермек.
Ерлан Қалмақовтың пікірінше, соңғы отыз жыл ішінде өңір мәдениетінде орын алған ең елеулі оқиғалардың бірі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Кейкі Көкембайұлының бас сүйегінің елге қайтарылуы мен батыр кесенесінің салынуы. «Бір өңірдің ғана емес, бүкіл елдің рухын көтерген бұл оқиға – тәуелсіздіктің үлкен жетістігі», – деді басқарма басшысы.
Елбасы ашқан қазақ театры
Қостанайда 100 жылдық тарихы бар орыс театры бар. Өңірде екі мыңыншы жылға дейін қазақ театры мүлде болған емес. Жалпы қазақтың ұлттық театрының іргетасын қаласқан Елубай Өмірзақов, Серәлі Қожамқұлов сынды біртуар тұлғаларды тудырған Тобыл топырағында қазақ театрының болмауы үлкен олқылық еді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін айналасы он шақты жылдың ішінде Арқалықтағы Торғай театрының труппасы негізінде Қостанайда тұңғыш қазақ драма театры ашылды.
– Театр ашу жұмысын Өмірзақ Шөкеев айналдырған жарты жыл ішінде ұйымдастырып, сол кездегі мәдениет басқармасының басшысы Рима Ғайсенова жүргізіп, жүйелеп отырған. Ерекше бір атап өтетін жайт, Тобыл өңіріндегі тұңғыш театрдың ашылуына Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып, театрға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың есімін беру туралы ұсыныс айтқан екен. Сондықтан бұл театрды біз Елбасының өзі ашқан үлкен тарихи оқиға деп білеміз. Театр ашыла салысымен Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыз өзінің бір класын толығымен Қостанайға алып келді. Содан бүгінде театр басқарып отырған Әлімхан Мырзахан ғана қалып отыр. Олардың ішінде Азамат Сатыбалды да болды. Сондай үлкен ізденіспен, халықтың ыстық ықыласымен ашылған театрдың жиырма жылдық белесінде біз Қостанайда кәдімгідей үлкен өнер ордасының қалыптасқанын сезіндік. Пандемия уақытында біздің бірде-бір театрымыз өзінің шығармашылық жұмысын бір күнге де тоқтатқан жоқ. Көрерменмен байланыс болмаса да, күнделікті жұмыс жүргізіп, жоспарланған спектакльдерін дайындап шығарды. Әр театрда кемінде 4-5 қойылымның премьерасы дайын тұрды. Театрларға рұқсат берілгеннен кейін премьералардың бірінен кейін бірі өтуінің себебі сол. Былайша айтқанда, қазаны қайнап, пісіп тұрған дүниені үлкен сағынышпен қауышқан көрермендерімізге ұсынып жатырмыз, – деді мәдениет басқармасының басшысы.
І.Омаров атындағы Қостанай қазақ театрының жиырма жылдығы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен бес бірдей театр қызметкері мәдениет саласының үздігі атанды. Мұны, бір жағынан, ұлттық театрға деген құрметтің көрінісі десек, екінші жағынан қостанайлық әртістердің кәсіби тұрғыдан мойындалғанының белгісі деп қарауға болады. Өйткені марапатқа ие болған әртістердің қай-қайсысы да өзіндік орны бар, көрермендер тарапынан өз бағасын алған кәсіби өнерпаздар. Таяуда ғана өткен «Өтелмеген парыз» премьерасында басты рөлде ойнаған Азамат Шүкеев пен Олжас Бегайдаровтың сахнадағы шеберліктері – осының дәлелі.
Ыбырайдың мерейтойы – бір күндік ысырап емес
Облыста ұлы ағартушының 180 жылдығын атап өтуге бағытталған жұмыстар былтырдан бері жүріп жатыр. 2020 жылдың жазында ұлы ағартушының мерейтойына байланысты облыстық деңгейде ауқымды жоспар әзірленіп, бекітілді. Былтыр облыс орталығында ашылған Ыбырай ескерткішін мерейтойдың басы деп айтуға болады. «Бұған дейін орнатылған ескерткіштер көркемдігі, ұстыны жағынан кемшіндеу болғаны белгілі. Біз осы олқылықтың орнын толтырдық. Біріншіден, жаңа ескерткіштің қазіргі тұрған орнын таңдап алу да өте сәтті болды. Бір жағында – кітапхана, екінші жағында – Ахмет Байтұрсынов атындағы университет, қарсы алдында Сырбай Мәуленов есімін иеленген мектеп орналасқан. Ескерткіштің өзі Алтынсарин көшесінің бойында тұр, оның үстінде орталық саябақтағы демалыс орындарына келген тұрғындар бұл ескерткішке соқпай өте алмайды. Мұны мерейтойдың бастамасы деуге болады. Тойдың деңгейін біреу аспен, біреу ат-шапанмен өлшейді, бізде мұндай мақсат жоқ, өйткені бұл мерейтой біркүндік ысырап емес, бұл кешенді іс-шара. Ыбырайдың туған жерінен бастап, оның жүріп өткен жолы, із қалдырған жерлерді, ашқан мектептері мен мол мұрасын қамқорлыққа алу мәселесіне бірінші кезекте мән беріліп отыр. Ыбырайдың туған жері – Мезгілдегі Омар құдығы қалпына келтіріліп, басына белгітас қойылып, киелі нысандардың тізіміне енгізілді. 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Ыбырай кесенесі қайта жаңғыртылды. Бұл да үлкен жұмыс, өйткені кезінде заманның ағымына байланысты күтімсіз қалған нысан қазір осы өңірге келген көптеген азаматтар арнайы барып, тағзым жасайтын киелі орынға айналды. Сондай-ақ биыл облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Ыбырайдың есімі берілген білім мекемелері мен музейлерді қамқорлыққа алу туралы тапсырма берді. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл бойы жалғасатын болады. Былтыр Алтынсарин көшесін жөндеу жұмыстары аяқталды. Көше бойына орналасқан 14 көп қабатты тұрғын үйдің сырты мен шатыры толықтай жаңартылды. Бұл шаруа да биыл жалғасын табады. Ең маңызды жұмыстардың бірі – Ыбырайдың мұрасын насихаттау. Ұлттық арнада биылғы жылдың беташар деректі фильмі «Ұстаз» деген атпен эфирге жол тартты. Бұл жобаны елімізге белгілі тележурналист Дархан Әбдік ұсынған еді. Бұл фильмге осы өңірдегі зиялы қауым өкілдері де сұхбат беріп, араласты. Мұны ыбырайтану саласына жаңа бетбұрыс әкелетін сүйекті телетуынды деп білемін. Өйткені мұнда Ыбырайдың ұстаздық қызметіне, қайраткерлігіне байланысты бұған дейін мән берілмеген, бұрын байқалмаған жаңа деректер беріліп, тың пайымдар жасалады. Бұл да біздің осы мерейтой аясында жасаған үлкен бір жұмысымыз, – деді Е.Қалмақов.
Мәдениет басқармасы басшысының айтуынша, өңірде биылғы мерейтойлық іс-шаралар пысықталып жатыр. Оның ішінде ғылыми конференциялар, көрмелер, өзге де танымдық шаралар бар. Алдағы уақытта өтетін «Жас тұлпар» оқушылар айтысы да Ыбырай тойының аясында ұйымдастырылады.
Қостанай облысы