Руханият • 02 Сәуір, 2021

Қаз дауысты Қазыбектің «Сөре тасы»

989 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Отыз жылдан астам мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Үкіметін ең қиын кезде 1938-1951 жыл аралығында абы­роймен басқарған Нұртас Оңда­сыновтың өмірі мен қызметін зерттеу мақ­сатында Алматыдағы Мемлекеттік Орталық архивте жұмыс істеп, іс қағаздарын қарап отырғанымызда мына бір құжат көңіл аудартты. Аттап кете алмадық, мәнді көрінді. Есімізге Санкт-Петербургтегі Мойка өзені бойындағы «Пушкин сүрініп кеткен тас» деп қоршап, тарихи орынға айналдырып, әспеттеп отырғандары түсті. Таңғалғанбыз. Оған қарағанда мынау Қаз дауысты Қазыбектей дананың нақ су­реті болса, халық үшін аса құнды дү­ние емес пе?!

Қаз дауысты Қазыбектің «Сөре тасы»

Не дегенмен «Сөре тастың» бүгінгі халі қалай екен, ел-жұрт біле ме екен деген сұрақ бізді қызықтырды да, Қаз дауысты Қазыбек бабаның ұрпағы, тарихшы ағамыз Зарқын Тайшыбаевқа хабарластық. Ол кісі бірден: «О, «Сөре тас» туралы білгенде қандай. Қайтыс болған бабамыздың мүрдесін теріге орап, қыс бойы сол сөре таста сақтап, көктем шыға Түркістандағы Қожа Ах­мет Ясауи кесенесіне қоюға әкетеді. Ба­баның аты-жөні жазылған сол мәрмәр тас қоршалған, жергілікті халық айналасын тазалап, баптап ұстап отыр. Жыл сайын болмасақ та екі-үш жылда бір барып тұрамыз. Тұрған жері таудың арасы, жанында бұлақ ағып жатыр, киноға түсіретіндей табиғаты көркем жер. Сол жердің азаматтары жылына бір жылқы сойып, бабаға арнап құран бағыштап отырады...», деді.

Дұрыс-ақ, бірақ біз бұған қанағат­танбадық. Жоғарыда айтқандай, Пуш­киннің сүрініп кеткен бір тасын қоршап, тарихи оқиғаға айналдырып, жаһанға жария жасап отырғанда Қаз дауысты Қазыбектей дананың мүрдесін қыс бойы сақтаған сөре тасын неге мемле­кет өз қамқорлығына алмайды? Қа­ра­жат бөліп, айналасында құлап жатқан тастарды орнына қойып, қалпына неге келтірмеске?! Әрбірден соң бұл қазақтың тарихы, қазақтың дәстүрі, шежіресі емес пе?! Біздің тарих – осындайдан там-тұмдап жиналған тарих емес пе?! Онда оны неге аяқ асты етеміз, мұндай-мұндай деректері көп ел емес едік қой, аздан бар жасағанымыз жарас­пас па еді?!

 Сондықтан да болашақта Мәдениет және спорт министрлігі, оны басқарып отырған Ақтоты Райымқұлова ханым «Сөре тасқа» көңіл бөліп, қасында құлап жатқан тастарды орнына қойып, түрлі спорт жарыстарын өткізіп, шаңырақ көтерген жастардың гүл шоғын қоятын салтанатты салтын енгізіп, тіптен «Қаз дауысты Қазыбек күні» деп ақындар айтысын, жыр жазар жүйріктердің байқауын өткізіп отырса да артық емес. Бұның Баянауыл өңіріндегі туризмнің дамуына шексіз үлес қосары еш күмән туғызбайды да. Сөз түйіні: «Сөре тас» жайлы жалпы жұртқа Мәдениет және спорт министрлігінің жауабы қалай болар екен, күтелік!

Жоғарыда айтып кеткен құжат мәтіні, міне: 

Қазақ сср ғылым академиясының бастығы қ.Сәтбаев жолдасқа!

Менің жас кезімде, біздің елдің әйел­дері Қазекең «Сөре тасы» деген көш жолында тұратын бір үш тас­тың тұсынан аттарынан түсіп, жаяу­лап өтуші еді. Ол уақытта оның не тас екеніне кім көңіл аударыпты. Со­дан биыл мен коман­ди­ровкаға елге бар­ғанымда, сөзден сөз шыға отырып, сол тастың әңгімесі қоз­ғалды. Сон­да әйелдер жол үстіндегі тас­тың тұсы­нан неге жаяулап өтуші еді дегенде, Қоқақтың Түсіпбегі деген шал айт­ты: Қазекеңнің (Қаз дауысты Қазы­бек) «Сөре тасы» деген тас. Біздің «Ай­дабол» қоныстанудан бір жыл бұрын кәдімгі Қаз дауысты Қазыбек осы «Қарағайлы бұлақты» қыстап, «Мұрынталға» жылқы салыпты. Сол жылы қоңыр күзде Қазекең қайтыс бо­лыпты. Содан Қазекеңді былғарыға тігіп, басын ағаштан, аяғын тастан сөре жасап, бір қыс сақтап, жазғы қар суымен Әзірет-Сұлтанға апарып қойып­­ты. Содан осы тұрған үш тасты «Қа­зе­кеңнің «Сөре тасы» деп атайды деді.

Ол тұрған тастың өзі үшеу емес, төртеу еді, біреуі менің бала кезімнен жермен жер болып құлап жатыр, тіпті біздің әкеміздің уақытында ма, жоқ одан да бұрын ба құлаған болуы керек, үшеуі тұр деді. Тағы тастардың ұсынса қол жетпейтіндігін, төрт қыр­лы­лығын айтып қызықтырды әлгі Түсіп­бек шал. Тіпті ондай тастар бұл Қара­ғайлы бұлақта жоқ деген әнге бас­ты. Тасты тым мақтадыңыз ғой, барып кө­рейікшіге келдік те, аудандық Совет атқару комитеті председателінің орынбасары Үсенов, колхоз басқармасының председателі Бердібеков, партком, мұғалім, тағы басқалары бар 11-12 адам тасты барып көрдік. Көрсек баяғы тұрған үш тас тұр, бір тас жанында жер болып, Түсіпбек шал айтқандай құлап жатыр екен. Тасты айналдырып көрдік, ұсынса қол жетпейтіні, төрт қырлы екендігі рас екен. Сүйтіп, тастарды айналдырып жүргенде, бағанағы құлап жатқан тасқа көз түсті. Тас етбетінен құлаған екен, ол тастың ұзындығы мен көлденеңі ана тұрған тастармен бірдей. Бірақ, бұл тастың ана тастардан бір өзгешелігі, сыртынан қарағанда тасты бунап шапқан сияқты болды. Сонымен, тастың сырт бейнесі, адам­ның мойнының, иығының пішінін көр­сетті. Осы таста бір әңгіме бар, ал кө­терейік деген пікірге келіп, жақын қо­радан қайыңдар алғызып тасты көтерудің әрекетіне кірістік. Жермен- жексен болып қалған тасты көтеру оңай болсын ба, әйтеуір, бір әуреге түстік. Басын бастап қалған соң тас­тап кетуге болмады. Не болса да шы­дайық дестік. Қол қанады, киім жыр­тылды, ағаш сынды. Басқарма бастығы Бер­дібеков Көпен тастың астында да қала жаздады. Әйтеуір, әрең деген­де, тастың бас жағын көтердік-ау! Кө­теріп қарасақ тастан шапқан кәдімгі адам­ның басының суреті. Енді оны көр­ген соң түгел бейнесін көру керек болды. Сон­­дықтан тасты көтеріп қоюдың шара­­сына кірістік. Көтеру өте қиын болды. Азаматтар не болса да шыдайық дес­ті. Сол күні Күннің де, қымыздың да қызуы бар еді, жұрт ағыл-тегіл болып терледі. «Әуп!» десіп жұмыла қи­мылдап, зорға дегенде тасты тігінен қой­дық-ау. Топырақтан аршып қа­ра­сақ кәдімгі адамның суреті. Кін­дік­тен жо­­ғары жердің бәрін түсірген, шең­бер­лі, шекелі бас, қиылған қас, қыр мұ­рын, ша­­расынан шығып тұрған тор­сық­тай көз, қиылған әдемі мұрт, қаймақ ауыз, тұ­тас мойын, екі иығына екі кісі мін­ген­­­дей етіп киім кигізіп, белін буған сурет. «Міне, осы Қазекеңнің, Қаз дауыс­ты Қа­зы­бек бабаның суреті!» десті тұрған адам­­­дар.

Мұны елдің ақсақалдары да Қазе­кемнің бейнесі деп бекітті. Себебі, өмір бойы Мәшһүр-Жүсіп үнемі осында келіп өтіп­­ті...

Бұл сурет Баянауылдан 75 километр, 4 ауыл Советі, «Мұрынтал» колхозынан 3 километр, кардон үйдің жанында, Семізбұға жолының үстінде.

Осы өткен октябрь айының 2 күні көтеріліп қойылды.

«Сөре тастың» қысқаша тарихы осы.

Қазақ ССР Жоғарғы Советі Прези­диуымы­ның қызметкері Н.Жаналин 19.ХІ.44

(ҚР Орталық Мемлекеттік архиві. Қор №1137, Тізбе №12, Іс №499, п.230)

 

Гүлсім ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ,

журналист