Таным • 02 Сәуір, 2021

Архивте көп құпия ашылмай тұр

1253 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақа­ласында барша қазақ үшін киелі Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар келген 90 және 100 жыл бұрын қазақты баудай түсірген қос сұрапыл ашаршылықтың бас­талуына, 35 жыл бұрын Кеңес Одағын дүр сілкіндірген қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісіне, қазақ даласының үңірейген жарасына айналған Семейдегі ядролық сынақ полигонының жабылуына жеке-жеке тоқталып, олардың Қазақ елінің тарихындағы алатын айрықша орнына баса назар аударды. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл тарихи оқиғалар бүгінгі тарих ғылымының теориялық-методологиялық жетістіктері тұрғысынан алғанда әлі күнге дейін толық әрі жүйелі түрде зерттелмей, рухани жаңғыру жағдайында және өзгерген саяси ахуалда ұлттың тарихи санасын қалыптастыруға тиісті дәрежеде қызмет ете алмай жатыр. Сол себепті бүгінгі уақыт талабы мен қоғам сұранысын ескере отырып, Президент Қазақстанның академиялық көптомдық тарихын жаңадан жазып шығуды және шетел оқырманын қазақ тарихымен таныстыру мақсатында оның қысқаша нұсқадағы басылымын дайындауды тапсырды.

Архивте көп құпия ашылмай тұр

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Президенттің көтерген осы игі бастамалары және 2020 жылы 24 қарашада «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» Жарлыққа қол қоюы тек тарихшылар қауымдастығына ғана емес, еліміздің әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласында қызмет етіп жатқан мамандарға жауапкершіліктің үлкен жүгін артты. Өткен ғасырдағы Қазақстан тарихының бұл күрделі әрі қайшылықтарға толы саяси және әлеуметтік-экономикалық процестердің тарихын объективті түрде зерделеу және қалпына келтіру жөнінде кәсіби мамандар арасында орын алған қызу талқылар Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін, отандық тарих ғы­лымының, соның ішінде Қазақстанның жазба мұрасын сақтап отырған архивтердің және бүгінгі архивтану саласының жай-күйін де көтеруге итермеледі. Өйткені отандық тарихшылар әлі күнге дейін сталинизм дәуіріндегі ұлттық-мемлекеттік құрылыс тарихын құрайтын күрделі де шырмауы көп, ауыр да созылмалы зардаптарға толы күштеп ұжымдастыру мен байлардың мүлкін тәркілеу нау­қанының, кеңес билігіне қарсы қазақ көш­пелілердің көтерілістері мен олардың аяу­сыз басып-жаншылуының, әлеуметтік және этностық қақтығыстардың, қос ашаршылық нәубеті мен қазақ босқындары қасіретінің, «Үлкен террорға» ұласқан жаппай саяси қуғын-сүргіннің, соғыс пен жер аудару тарихының, Қазақстандағы партиялық бақылау мен кеңестік жазалау­шы органдарының тарихына қатысты ауқымды тарихи деректер кешенінің отандық архивтерде құпия түрде сақталуы салдарынан қол жеткізе алмай келеді.

Тамырын қатаң коммунистік режімнің идеологиясынан алатын архив саласындағы бұл жабық саясатты көптен бері күткен егемендік те өзгерте алмады. Осыдан 100 жыл бұрын кеңестік негіздегі тұңғыш Қазақ Республикасы бой көтерген соң құрыла бастаған отандық архив қызметі мен архив мекемелері 1991 жылға дейін кеңес билігі қылмыстарының құпиясын сақтауға өз септігін тигізді. «Құпия» грифтері бар құжаттарға ғана емес, әлеуетті ведомстволардың (ЧК-ГПУ-ОГПУ-НКВД-КГБ, прокуратура, сот, әскери органдар) архивтеріне, орталық және өңірлік архивтердегі арнайы қызмет органдарының тұтас қорларына, жоғары мемлекеттік билік орындарының және жекелеген салалық органдардың, түрлі мемлекеттік және үкіметтік комиссиялардың жүздеген тізбелері мен мыңдаған архив істеріне құлып салынды.

Кеңес дәуіріндегі ұлттық-мемлекеттік құрылыс тарихын зерттеумен айналысқан санаулы әрі таңдаулы тарихшы мамандарға ғана осы архивтердің арнайы іріктелген құпия құжаттық топтамаларымен танысуға рұқсат беріліп, солардың негізінде жарық көрген зерттеу еңбектері қатаң цензурадан өтті. Көп жағдайда мұндай материалдарды бақылау құқығы тек қатаң тексерістен өткен архивтің өз ішіндегі құпиялылыққа және ақпараттық қауіпсіздікке жауап беретін Мемлекеттік қауіпсіздік органының арнайы қызметкеріне және әлеуетті ведомстволарда қызмет еткен мамандарға ғана берілді.

Жоғарыда аталған саяси-идеологиялық шектеулер зерттеушілерге Кеңес билігі тұсындағы Қазақстанның тарихын жүйелі әрі кешенді түрде зерделеуге, көптеген ақтаңдақтың бетін ашуға, коммунистік режімнің құрбандарына айналып, жазықсыз жапа шеккен миллиондаған қазақтың, мыңдаған ұлт зиялысының есімдерін және олардың бай тарихи-шығармашылық мұраларын қайта жаңғыртуға, бұрмаланған тарихи ақиқаттың салдарынан санада орныққан кеңестік мифтерді және пси­хологиялық-тілдік комплексті жоюға, ұлт мүддесіне сай келетін төл тарихты құруға объективті мүмкіндік бермеді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстандағы архив ісі ғана емес, бүкіл отандық ғылым құлдырау кезеңін бастан өткерді. Қазір көп айтылмаса да, 1990 жылдардың басында тіпті Алматыдағы орталық архивтердің өздері ауыр күйде қалып, бай тарихи мұраны жоғалтып алу қаупі туды. Кәсіби архив мамандарының бастама көтеруімен іске асырылған қайта құру іс-шараларының нәтижесінде ғана архивтер бай қазынаны сақтап қалып, жаңа атаумен қалыпты жұмысқа көшті.

1990 жылдардың ортасында архив ісін басқару мен оны мемлекеттік реттеу бағытында маңызды заңнамалық құжаттар және нормативті-құқықтық актілер қабылданып, соның негізінде архивті басқарудың осы күнгі жүйесі құрылды. Қазіргі уақытта Қазақстан халқының құжаттық-деректік мұрасын сақтаумен және көбейтумен айналысатын мемлекеттік архивтердің ортақ желісін 7 республикалық және 200-ден аса өңірлік архив мекемесі құрайды. Орталық архивтер тікелей құзырлы министрлікке және оның құрамындағы арнайы департаментке қараса, өңірлік архивтер облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың атқарушы органдарына бағынышты.

Отандық архивтер қазіргі қызметінде 1998 жылы 22 желтоқсанда қабылданған «Ұлттық архив қоры мен архивтер туралы» заңға, ал құпиялықты сақтауда 1999 жылы 15 наурызда жарық көрген «Мемлекеттік құпиялар туралы» заңға сүйенеді. Қа­зақстан халқының тарихи-мәдени мұра­сының ажырамас бөлігін құрап, тарихи, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени маңызға ие мемлекеттік және мемлекеттік емес архив қорларынан, топтамалардан және архив құжаттарынан құралған Ұлттық архив қоры тәуелсіздік жылдары үш есе ұлғайып, жалпы саны 24 млн данадан асты.

Соңғы жылдары архив саласында қол жеткізген табыстарға қарамастан, өз шешімін әлі таппай келе жатқан іргелі, өзекті мәселелер бар. Соның ішінде негізгілері мыналар:

– Архив заңнамалық-құжатнамалық базасын тұжырымдамалық тұрғыдан және заман талабына сай жаңарту, архив ісін дамытудың ұзақ мерзімді жаңа тұжы­рымдамасы мен бағдарламасын әзірлеу;

–  Архив саласында ортақ басқаруды, мемлекеттік саясат пен реттеуді іске асыратын Қазақстанның архив агенттігін – «Қазархив» арнайы органын құру және оны тікелей Президентке бағындыру;

– «Қазархивтің» жанынан құжаттану және архивтану салаларында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізумен айналысатын арнайы ғылыми мекеме (Қазақ архивтану және құжаттану ғылыми-зерттеу инс­титуты – ҚазАҚ) құрып, оның құрамынан Цифрландыру мен реставрация­лау зертханасын және Құжат пен қолжазба сараптамасы орталығын ашу;

– Орталық мемлекеттік архивтегі 1917 жылға дейінгі архив қорларын бөліп алып, Мемлекеттік тарихи архив құру; 

– Арнайы және әлеуетті ведомстволық архивтердің қорларында кәсіби тарихшылар мен зерттеушілерге ғылыми-ізденіс жұмыстарын жүргізу мүмкіндігін беру және рұқсат алу тәртібін жеңілдету;

– «Мемлекеттік құпиялар туралы» және «Ұлттық архив қоры туралы» заңдардың тиісті баптарына сәйкес Қазақстанның барлық мемлекеттік архивінде (орталық, ведомстволық, әлеуетті және т.б.) құпия-лық мерзімі өткен архив құжаттарын, архив істерін, архивтік тізбелерді, архив қор­ларын құпиясыздандыру;

– архив құжаттарының сақталуын қам­та­масыз ететін заманауи жаңа ғима­раттарды салу;

– Архивтердің материалдық-техни­калық және құрал-жабдық базасын жа­ңарту, әр архивтің жанынан заманауи жаб­дықталған цифрландыру және рес­таврация­лау орталықтарын құру;

– Қазақстан архивтеріндегі ғылыми жә­не ғылыми-анықтамалық жұмыстарды кү­­шейту, ескірген реестрлерді, каталог­тер­ді, жолсеріктерді, қорлардың тізбелерін жаңар­­­ту және жоқ болған жағдайда жаңа­дан жасау.

Осы және басқа да түйінді түйткілдердің түйінін тарқатқанда ғана біз рухани және жазба байлығымызды, Қазақстанның сан ғасырлық тарихы туралы мол әрі жан-жақты мәлімет бере алатын тарихи деректер мен құжаттарды сақтап қана қоймай, оны келер ұрпаққа жеткізе аламыз.

 

Алмас ЖҮНІСБАЙ,

Еуразия ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, тарихшы