Бауырлас мемлекеттердің басшылары ортақ мәселелерді талқылауға уақыт тапқаны көңілге қуаныш ұялатады. Әсіресе, коронадағдарыс пен геосаяси, геоэкономикалық мәселелер туындап тұрғанда бұл өте өзекті.
«Step by Step» түркі интеграциясының әдісі де осымен ерекшеленеді. 1993 жылдың басында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бағытында ТҮРКСОЙ құрылды. Содан кейін 2008 жылы парламентшілер арасындағы ынтымақтастық ретінде ТүркПА пайда болды. 2009 жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі пайда болды. Сол жылы ғылыми ынтымақтастық бағытын дамыту мақсатында Халықаралық Түркі академиясы құрылды. 2012 жылы Түркі мәдениеті мен мұрасының қоры құрылды. Қазір түркі кеңістігін институциялауды экономикалық және қаржылық бағыттар тұрғысынан да дамытып, жетілдіру керек.
Институттық құрылымдар құру жөніндегі ұсыныс уақыт талабы. Атап айтқанда, Қазақстан Президенті ұсынған Түркістанда «Арнайы экономикалық аймақ» құру бастамасы Түркі инвестициялық-интеграциялық қор құруды тездетеді. Сондай-ақ Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Түркі мемлекеттері Даму банкін құру жөніндегі ұсынысы мемлекеттер басшыларының көзқарастары ұқсас екенін көрсетеді. Сонымен қатар Әзербайжан Президентінің атап өткен, бүкіл түркі мемлекеттерін қамтитын жаңа транзит дәлізі де маңызға ие.
Дағдарыстан кейінгі жаңа әлемде тек прагматиктер ғана мықты болатынын түсіне отырып, түркітілдес мемлекеттер Президенттері цифрландыру, білім беру, логистика, сауда мәселелерін өзекті санап отыр. Әрине, мәдениет, ғылым және өнер де ұмытылмайды. Прагматизмді идеялар қолдауы керек. «Түркістан декларациясы» құжатының атауында қыпшақтар, оғыздар, қарлұқтар, барлық түркі тайпасы өмір сүрген, Батыс және Шығыспен ынтымақтас болған көне Түркістан өлкесі жатыр. Мұнда көптеген заманауи мәдениет үшін негіз болған қайталанбас түркі қалалық өркениеті дүниеге келді.
Асқар УМАРОВ,
«ҚазАқпарат» ХАА АҚ басқарма төрағасы