Осы орайда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің (ТМЫК) бейресми саммитін өткізу, онда Түркі кеңесінің мәртебесін көтеру туралы мәселелерді қарастыру өте маңызды. Өкінішке қарай, Саммитті жоспарлағандай, Түркі әлемінің рухани орталығы Түркістан қаласында өткізу пандемия жағдайына байланысты мүмкін болмады. Дегенмен, ТМЫК-ға мүше елдердің барлығының – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, сонымен бірге бақылаушы мемлекет Венгрия және келешекте мүшелікке қабылдануы ықтимал Түрікменстан мемлекеттерінің басшылары қатысып, мүдделілік танытуы Түркі кеңесінің әлеуеті жоғары екендігін көрсетеді.
Түркі кеңесіне мүше елдердің мәдени-тарихи жақындығы кеңестің басты құндылықтарының бірі деуге болады. Орталық Азияның төрт мемлекеті, Әзербайжан мен Түркия – ортақ тамыры бар, түркі тілдерінде сөйлейтін және мүдделері мен мақсаттары жақын елдер. Түркітілдес мемлекеттер арасындағы көпжақты қатынастар экономикалық ынтымақтастық пен интеграцияны дамыту үшін мүмкіндіктер ашып, саяси-дипломатиялық байланыстардың қалыптасуына ықпал етеді және гуманитарлық саладағы терең байланыстардың негізін қалайды.
Халықаралық ұйымның басты мақсаттары мен міндеттерінің арасында өзара сенімді, достық пен тату көршілікті, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, халықаралық терроризм мен сепаратизмге, экстремизмге, адам саудасына, есірткі бизнесіне қарсы күрестегі іс-қимылдарды келісу, сондай-ақ екі жақты және аймақтық деңгейде саяси, сауда-экономикалық, мәдени-білім беру, ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа жәрдемдесу маңызды.
Түркітілдес мемлекеттер арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясаты үшін әрқашан маңызды бағыт болып келді. Халықаралық аренада және мүше елдер арасындағы ынтымақтастық кеңейді. Экономикадан туризмге, жастар мен спорттан білімге дейінгі ынтымақтастықтың 20 түрлі саласын қамтитын Түркі кеңесінің келешегін нығайту міндеті – бүгінгі күн тәртібіндегі басты тақырып.
Еске салсақ, 2019 жылғы 15 қазанда Бакуде өткен ТМЫК VII саммитінде Нұрсұлтан Назарбаев «Түркі келешегі – 2040» бағдарламасын әзірлеу жөнінде ұсыныс енгізген-ді. Осы бағдарламаға сауда-экономикалық сияқты маңызды салалардан бөлек, білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелерін де қосу орынды деп санаймыз, өйткені жалпы түркілік болашақтың жаңа көкжиектерін және ортақ құндылықтарды қалыптастыруға оқу-тәрбие шаралары шеңберінде мектеп және университет аудиторияларында тиімді жұмыс жүргізудің мүмкіндігі жоғары.
Әсел НАЗАРБЕТОВА,
Президенті жанындағы ҚСЗИ халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы