Пікір • 02 Сәуір, 2021

Экономикаға ерекше екпін беріледі

194 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының бейресми саммиті қарашада Ыстанбұлда өтетін жиынға даярлық сипатында өткен сыңайлы.  Яғни Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылы Бакуде айтқан ұсынысы осы жиыннан кейін Ыстанбұл саммитінің негізгі күн тәртібіне айналатын болар деп ойлаймын.

Экономикаға ерекше екпін беріледі

Сонымен қатар, күзде Кеңеске Түрікменстан бақылаушы бол­са не­­­месе бірден мүшелікке енсе, таң­ғал­­­мас едім. Осы жолғы жиын­да сон­­­дай қадамның негізі қалан­ды. Екін­­­ші­ден, осы жолғы сам­мит қар­­­саң­ын­да түркі интеграция­сына қыз­­­мет ете­тін ұйымдар­дың мәр­те­бесі бе­кі­­генін атап өту керек. Атап айт­қан­да, Ха­лық­аралық Түркі ака­де­­­мия­­сын қар­жы­ландыру тетігі рес­ми түрде бекі­ді. Мұның өзі ин­те­­гра­­ция­ның жаңа сатыға көтеріліп келе жат­қанын көрсетеді. Яғни саммит ара­лық кезеңдерде қыруар шаруа ат­­қа­рылып жатыр. Бұл – үлкен жетістік.

Әрі ендігі байланыстарда экономи­калық сипат басымдыққа ие бола бастаған сыңайлы. Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың түркі әлемін жаһандағы маңыз­ды экономикалық, мәдени-гумани­тар­лық кеңістікке айналдыру, Өзбек­стан басшысы Шавкат Мирзиёев­тің түркі Даму банкін құру жөнін­дегі ойлары соны меңзейді.

Дегенмен, Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер интеграциялық про­цестерді сабырлы, жан-жақты ойластыра отырып жүргізіп жатыр. Болашақта өзара байланыстарға кедергі келтіруі ықтимал факторларды туындатпау жағын ескеруде.

Ең бастысы, бейресми саммит АҚШ пен Ресей, сондай-ақ АҚШ, Еуропа одағы мен Қытай арасында күшейе бастаған текетірес кезеңінде түркі әлемінің әрекетін пысықтап алуға таптырмас мүм­кіндік болды деп білемін. Өйткені жаһандық державалардың кез келгенімен түркі мемлекеттері тығыз қарым-қатынас орнатқан. Түркі елдері олардың арасындағы кикілжіңде бір тарапты жақтаудан аулақ болуға тырысады.

 

Амангелді ҚҰРМЕТ,

«Айқын» газеті бас редакторының орынбасары