Қазақстан • 05 Сәуір, 2021

Тасқынға тосқын қоюға дайын болайық

214 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қара жерге қар жауғанда қарды көрген де, қара жерден қар кеткенде жерді көрген де – бір мұрат. «Кеудесі түкті Жер-Ана, құт дарыт та,  жарылқа» деген шаруакөңіл халқымыз табиғаттың ра­йын жіті бақылап, көктемнің әр күнінен шаруашылығына медет тілеген.

 

Тасқынға тосқын қоюға дайын болайық

Биыл да қыс бойы қасаттанып жатқан қардың азған­тай көлемі қара жердің қойны-қонышын ылғалға толтыруға жете ме деп алаңдай бастаған ауыл шаруашылығының мамандарына ақжарылқап қуаныш болған қалың қар наурыздың соңын ала бір-ақ күнде түсті. Әлбетте, қардың күлімдеген көктемнің күнінде бауырынан ерігені бәріне қолайлы. Диқанға да, мал бақ­қан шаруаға да. Өйткені ылғал жіпсіген топыраққа жақсы сіңеді, егін қау етіп көтеріліп, бітік шығады. Тебіндегі малдың тұяғын мүжіп, шашасын қажайтын мұз қатпағаны шаруаға құт. Былтыр да қардың қалың түскені жердің де, елдің де берекесін арттырып, 18 млн тонна астық алды. Биыл да бұл межеге жеткен абзал.

Қыстағы қар жерге ырыс болғанымен, көкте байлау, жерде тұрлау жоқ, күн күрт жылынса, қалың қар сай-саланы суға толтырып, қауіп-қатерге де айналатыны белгілі. Қазір көктемнің күні күлімдеп тұр. Яғни бейқам болуға болмайды. Осы орайда, еліміздің сулы-нулы өңірлері тасқынға тосқын қоюға тас-түйін әзір ме деген сауал қылаң береді. Әдетте апаттың салдарымен күрескеннен гөрі, алдын алған абзал. Бірақ апат айтып келмейді. Жылда әр өңірде су басқан ауылдар, күре жолдар тұрғындарға қолайсыздық тудырып, тіпті барынан айырып та жатады. Бұл ретте мемлекет барынша көмектесіп, қолұшын созатыны анық. Былтыр да Сардоба су қоймасындағы апаттан зардап шеккен түркістандықтарға тұтас жаңа ауыл салынды. Әлбетте, апатқа жеткізбей-ақ қойсын деп тілейміз.  Сол себепті жылда сан соғып қалатын жауапсыздық болмауы үшін тиісті құрылымдар адамдары мен арнайы техникасын қаншалықты сайлап отыр?

Осы сауал төңірегінде тілшілеріміздің дайындаған топтамасын 14-беттен оқисыздар.