Сай-салалы сайын даланың төсінде бір-бірінен шалғайлау орналасқан шөкім-шөкім ауылдардың айналасын әлі де болса қалың қар басып жатыр. Оның үстіне, осыдан бір жарым ай бұрын ғана апта бойы аласұрған ақпанның ақтүтек бораны жағдайды тіпті күрделендіріп жіберді. Таяқ тастам жерді көсетпей тастаған дүлей боранда өңірге бірнеше күннің ішінде бір айлық мөлшерден 3-4 есе көп қар түскен.
Енді күн ұзарған сайын қызыл судан қауіп күшейіп келеді. Сондықтан биыл облыста көктемгі су тасқынына дайындық ерте басталып, азаматтық қорғаныс күштері 3 наурыздан бастап толықтай жоғарғы дайындық режіміне көшірілді. Бүгінге дейін су басып қалу қаупі бар елді мекендердің маңында 20 шақты тактикалық арнайы оқу-жаттығу шараларын өткізген облыстың төтенше жағдай қызметі құтқарушылар мен техникалық құрал-жабдықтардың мүмкіндігін пысықтап алды. Оқу-жаттығу барысында облыстағы құтқару қызметтерінің, жергілікті әкімдіктердің алдағы су тасқынына дайындығы тексерілді. Әр ауылдан тұрғындар санағы алынып, үй жануарлары тізімге тіркелді. Сонымен қатар, су тасқыны бола қалған жағдайда эвакуацияланған азаматтарды орналастыратын екі жүзге жуық уақытша баспана дайындалып, елдің қора-жайындағы малды айдап апаратын қауіпсіз орындар анықталды.
Облыстық төтенше жағдай департаментінің басшысы, азаматтық қорғаныс полковнигі Біржан Кәрімовтің айтуынша, биыл өңірде қардың орташа қалыңдығы қалыпты мөлшерден 23 см жоғары. Ал әдетте бұл кездері мөлшері 54 мм болатын қар құрамындағы ылғал 74 миллиметрді көрсетеді. Яғни қазірдің өзінде орташа климаттық шамадан асып кеткен. Сондықтан қар күрт ери бастаса, өзендер арнасынан асып кетуі ғажап емес.
– Биылғы гидрометеорологиялық мәліметтер 2017 жылғымен сәйкес келеді. Әсіресе топырақ қыртысындағы тоңның жібу қарқыны алаңдатып отыр. Біздегі мәліметтерді ескерсек, 2016-2017 жылғы су тасқыны биыл да қайталануы әбден мүмкін, – деді Б.Кәрімов.
Ал синоптик мамандардың айтуынша, сәуір айында ауа райы былтырғы жылға қарағанда жылы болады. Сондықтан олар да көктемгі су тасқыны ерте басталып кетуі мүмкін деп болжайды. Қазір төтенше жағдай департаментінің мамандары облыс аумағындағы ірі су қоймаларын жіті бақылап, күн сайын мониторинг жүргізіп отыр.
– Нәтижесінде Жоғарғы Тобыл су қоймасы 41%, Қаратомар 61%, Желқуар су қоймасы 23%-ға дейін су қабылдай алатын деңгейде екеніне көз жеткіздік. Қазір ірі су қоймаларындағы су деңгейін төмендететін құрылғылар мен арық-арналарды қар мен қоқыстан тазарту жұмыстары аяқталып қалды. Сондай-ақ өзен-көлдерге жақын орналасқан елді мекендерде қар шығару, арықтарды, су өткелдерін, суағар құбырларды тазалау шаралары жүріп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың 97 пайызы еңсерілді, алдағы 2-3 күн ішінде толық аяқталады, – деді департамент басшысы Б.Кәрімов.
Аймақта көктемгі су тасқыны бола қалған жағдайда мыңнан астам техника, 3 мыңға жуық адамнан тұратын арнайы жасақ тобы жедел құтқару шараларына кірісуге дайын. Мұның сыртында 174 тонна ЖЖМ, 10 мың тоннадан астам инертті материал, 66 254 қап құм дайындалып, су басып қалуы ықтимал елді мекендерге азық-түлік жеткізу жөнінде ниет-шарттар жасалған. Облыста қазір су тасуы ықтимал өңірлерді әуеден барлау шаралары жүріп жатыр.
Су тасқынынан келетін қауіптің беті қайтқанша облыста төтенше жағдайлар қызметі мен азаматтық қорғаныс қызметтерінің апатқа қарсы бірлескен штабы жұмыс істейтін болады. ТЖ департаменті басшысының айтуынша, егер тасқын тосқынға бой бермей бара жатса, өзге өңірлерден құтқарушылардың қосымша күші көмекке келеді. Төтенше жағдай министрлігі бұл мақсатқа қажетті кадрларды қарастырып, техникалық қорды қамдап қойған.
Қостанай облысы