Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кезінде бұл қалаға ерекше мән беріп, оның әлеуметтік-саяси дамуына, өркендеп-өсуіне ден қойғаны бекерден-бекер емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та 1500 жылдық тарихы бар қаланың базасында еркін экономикалық аймақ құру мәселесін көтерген болатын. Бұл түркі елдерімен ынтымақтастықты дамытуда аса маңызды қадам болып табылады.
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Құрметті Төрағасы ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алқалы жиында кеңестің деңгейін ұйымға дейін көтеру секілді негізгі ұсынысын білдірді. Бұл аталған басқосудың маңызды тұсы болып саналады. Себебі, Тұңғыш Президент бұл мәселені бұған дейін Бакуде өткен самитте көтерген болатын. Кеңеске қатысушылардың барлығы бұл ұсынысты толығымен қолдады. Өйткені, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі уақыт өткен сайын географиялық тұрғыдан да өрісін кеңейтіп, тарихи мазмұны жағынан тақырыбы да күн санап тереңдеп келеді. Қазірдің өзінде кеңестің қатары Өзбекстан, Венгрия секілді мемлекеттермен толығып отыр. Алдағы уақытта бұл қатарға Түркіменстанның да қосылуы ғажап емес. Өйткені, Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов кеңес жұмысына бірнеше рет қатысты. Бұл елдің кеңестен өз орнын алып, толыққанды мүшесі атануына Қазақстанмен бірге өзге түркітілдес мемлекеттер де мүдделі. Түркітілдес елдер кеңеске мүше болу арқылы өздерінің әлем алдындағы абырой-беделін нығайтып, өзара ынтымақтастықты тереңдете түскісі келеді.
Басқосуда сөз болған маңызды аспектілердің бірі – түркітілдес мемлекеттердің сауда-инвестициялық ынтымақтастығын арттыру болып табылады. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан өңірінде түркі елдерінің бірлескен «Арнайы экономикалық аймағын» құру сынды нақты ұсыныстарды келтіре отырып, қаланың әлеуетін арттыру мәселесіне кеңінен тоқталды.
Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық зор мүмкіндігіне жан-жақты баға бере келіп, Мемлекет басшысы су-энергетика саласына тың серпіліс керек екенін айтты. Бұл бағытта технология, ғылым, білім салаларындағы қарым-қатынас аясын кеңейту мүмкіндіктерін де алға тартты. Көрші мемлекет Өзбекстан да өз кезігінде экономикалық тұрғыдан банк дамуын белсенді ұсынып отыр. Шындап келгенде, бұл бүкіл түркітілес елдер үшін өте қызықты әрі маңызды ұсыныстардың бірі.
Президенттің түркі инвестиция-интеграциялық қорын құру және оның штаб-пәтерін елордамыздың «Астана» халықаралық қаржы орталығында орналастыру жөніндегі ұсынысы, ең алдымен, біз үшін өте ұтымды әрі үлкен мәнге ие. Мемлекет басшысы түркітілес елдердің жастары үшін Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне 50 грант бөлуге дайын екенін де жеткізді.
Жалпы, онлайн форматта өткеніне қарамастан, саммит қорытындысы бойынша қабылданған Түркістан декларациясы, басқосуда сөз болған маңызды мәселелер Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің уақыт өткен сайын ауқымдылығы артып, ынтымақтастығы тереңдей түскенін және ең бастысы – бауырлас елдер үшін маңызды екенін анық аңғартады.
Бейресми саммитке қатысқан барлық елдің көшбасшылары жиын барысында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің және ұлттық туларының аясында сөз сөйлегенін де атап өткім келеді. Түсіне білгенге бұл көріністің мәні зор.
Санат КӨШКІНБАЕВ,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары