Қазақстан • 07 Сәуір, 2021

Тарих толқынындағы сабақтастық

500 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Көргісі келмес қасақы біреу болмаса, бүгінгі Түркістанның кісі танымастай зәулімденіп, тарихи жәдігер шаһардың бір демде ақ шаңқан жаңа қалаға айналып, мүлде тың өріске шыққанын көрер еді. Ақ шаңқан үйлерге қарап отырып, Түркістан­ның осындай сәтке қалай жет­кенін ойлайсың. Облыс орталығын қолмен құрып жатқан басшы, қосшы азаматтарға ризашылық айтқың келеді. Кейбір сәтіне өзің қатысқан, тағы бір сәттерді архив айғақтайтын қуанышты кезеңдер картинаға айналып, елес болып көз алдыңнан өтеді.

Тарих толқынындағы сабақтастық

Суретті түсірген Алмас МАНАП, «ЕQ»

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап Түркістанға қоныс аударып, жазушылық мақсатпен түр­тінек­теп жүрген біздің жадымыз алдама­са, Елбасы 1992 жылы Өзбекстан Прези­денті Ислам Каримов, Қырғыз Респуб­ли­касы Прези­денті Асқар Ақаевпен осы жә­дігер шаһарда кездесіп, ол тарихқа «Түр­кістан меморандумы» болып енді. Ұлт ұраншысы Шерхан Мұртаза Түркі­стан­ға бетбұрыс басталды деп бас басы­лым­­ның айқара бетінде алақайлап жазды.

Расында «Түркістан меморандумынан» күткеніміз көп-ті. Елбасының «бұдан былай түркі халықтары басшыларымен киелі Түркістанда кездесіп тұратын боламыз» деген үні құлақта, құлақта емес-ау әлі жүрегімізде!

Елбасы Түркістанға бірде Қазақстан тәуел­сіздігін жариялану бойында таныған бауыр­лас Түркия Республикасының сол кез­дегі Президенті – Тұрғыт Өзалмен, келе­сіде Сүлеймен Демирельмен жарасып бірге келді. Түркістанда Қ.А.Ясауи атын алып, Халықаралық қазақ-түрік универ­ситеті ашылды.

Түркістан ұғымы – ауыл мен қала ара­сындағы өзіміз аялай қарайтын аядай шарқы шаҺармен шектеліп қалмасы хақ. Ол – Қытай қорғанынан Дунай етегіне дейін керіліп жатқан кең алқап, бөрілі байрақты, байтақ ел. Талай көшпелі өмірді, талай кентті тіршілікті бастан кешкен, сан мәрте сұқ көз қадалған, жау сан мәрте жү­ре­гін жаралаған, ерлікпен қайтарып алып, ұрпағы саялаған ұлы өлке, тұтас өңір!

Түркістан – V-VІІІ ғасырларда құры­лып, даңқы дәуірлеп жайнаған, соңынан жаман көздің сұғы қадалып, ішкі алауыз араздықтан жайраған, ақырында бөлін­генді бөрі жейді болып, жаудың оғы жайпаған атақты Түрік қағанатынан талып жеткен түймедей көз!

Мағжан ақын жырлағандай тарихта тұрлаулы аты қалған – алып Тұран ойпатының тебендей тәбәрігі!

Биылғы саммитке орай облыс әкімі Өмір­зақ Шөкеев орталығын Шорнақ етіп Сауран ауданын әдемі орайластыра құрды. Сол арқылы екі бірдей тарихи топонимді тірілтіп, қатарға қайта қосып отыр. Сауран және Шорнақ. Сауран – әріде тоқсан баулы Дешті Қыпшақтың (түркінің), беріде қазақтың астанасы. Ал Шорнақ түркінің бір бұтағы шор ұлт-ұлысына байланысты топоним. Бүгінде Ресейде 14-ақ мың шор ұлты тұрады. Қалғаны қайда? Қалғаны орта ғасырда осы Шорнақ елді мекенінде сүттей ұйып отырып, Османлы жеріне «енші алып», ауа көшіп кеткен. Сонда бас­тапқы түркі атауымен өсіп-өніп отыр. Оты­рар ауданының орталығы Шәуілдір де түркі тайпасы мекендеген көне қоныс. Сол тайпа атымен Шәуілдір (Шамалдар) ата­лып келеді. Ол да күллі түркі баласын ынты­мақ­қа шақырып тұрған тарихи топоним!

Ал өзіміз қадірлей қарап, ардақтай тәу е­те­тін Түркістан – «Түрік қағанаты» ата­­ла­тын ұлы империя, ғажайып өрке­ниет­тен қалған, ұрпағынан жәрдем күтіп жәу­тең­деген титімдей жәдігер! Қазақ­тың ғана емес, күллі түркінің тарихи алтын бесігі.

«Көп түрік енші алып тарасқанда, қазақ­та қалған қара шаңырақ...» (М.Жұма­байұлы) Түркістан – қазақ мемлекеттігінің астанасы!

«Алты Алашқа Кебе болған» (Мағжан) баба қаланы Елбасы да: «Түркіс­тан – қазақ халқының ұлттық мем­лекет­тігін дү­ниеге әкелген алтын бесік әрі оны кемел­­дендірген өнегелі мектеп», деп қастер тұтады (Ә.Кекіл­байұлы). Бұлардың түрік еді арғы заты, Жаһанды тітіреткен салтана­ты. Бұл күнде азып-тозып күлкі болған, Бұлар да сол түріктің жұрағаты, – деп жыр сұл­­­таны Сұлтанмахмұт жыр­лағандай, ой­­лауға қорқатын озбырлықтан ХХ ға­сыр­ға арып-ашып, жадап-жүдеп «киргиз» аталып жеткен қазақ халқы – ұлы Түрік­тің бір баласы. Түрік атына ие бола ал­­ма­ғанымен, түріктің кіндік қаласы – Түркі­станға ие болып қалуы – Алла-та­ға­­ла­ның қазаққа бұйыртқан тағы бір несібі!

«Түрік кіндігі (орталығы) – Түркі­стан» (В.Бартольд), «Түрік тілінің мұ­рагері – қазақ тілі» (В.Радлов) ата­латын себебі міне, осыдан! Анадолылық аға­йын­дардан тартып күллі түркітектес, тіл­дес ұлт-ұлыстардың Түркістанды «Атажұрт» атайтын себебі де, міне осыдан!

Түркістанды ұмыттырмақ болып иман­сыз саясаткерлер талай-талай тәуба­сыз әрекетке барып бақты. Түркістан ұмы­тыл­ған жоқ бірақ. Күлтегіннен беріде Түркі­станның кезең-кезеңде қайта түлеуі атақты Есім хан, Абылай хан есімдерімен тығыз байланысты. Тәуелсіздікке бағзы күллі түрктің астанасы болып найқалған Түркі­стан жаугершілік кесір-кепиетінен шай­қалып барып, жер бетінен жойылып кете жаздап, шаршап-шалдығып жеткен еді.

Орайында Елбасы тапсырмасымен жүзеге асқан бір тарихи істі атап өту – парыз. Ол – халықаралық өреде тойланған Түркістанның 1500 жылдық мерейтойы.

Бұл мерейтой да Елбасының ұлт тарихына адалдығынан туындап жатады. Әрине, Елбасы Түркістанды әуелі қазақ халқының бірыңғай көшпелі тіршілік кешпей, отырықшы болып, кентті тұрмыс жасаған, ғылым, білімді өрістеткен өркениет кепілі, төл рухани орталығы ретінде қарайды. Сонымен бірге Елбасы Түркістанды түркі халықтарымен тарихи тамыры бір екенін айғақтайтын «Түрік дүниесі рухани орталығы» ретінде кең қарап, кемел бағалаудан танған емес. Елбасы Түркістан тойын – Түркістанның тарихи теңдігін әперу, түрік дүниесінде алар орнын айқындау актісі ретінде қарады. Елбасы сөйлеген сөздеріне зейін қояр кісі Түркістан тойын әуел бас­та дара тойламай, Түрік қағанатының 1450 жылдығымен қос қатар атап өтуді ойлағанына көз жеткізер еді. Оны 1996 жылы Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан Президенттерінің Ташкент кездесуінде сөйлеген сөзінен де аңғарамыз.

О, сол тұстағы оянған отаншылдық рухты көрсеңіз. Бұрын көшеден бұрау тапса үйіне тартатын тұрғындар енді үйінен тапқанын алып шығып, барын аямай ортаға тастайтын әдет тапты. Түркістан тойы аса бір жоғары нотадағы отаншылдық салтанат болды. Әрине, қаланы көркейту қаржыға тіреледі. Ол кезде облыстың жылдық бюджеті 2 млрд теңге шамасында болуы керек. Аудан қаржысына ауыз тұшымайды. Түркістан тойына қаржы түсіру мақсатында облыс әкімі «Парыз» халықаралық қорын ұйымдастырды.

Маған сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев нақты тапсырма берді. Оңтүстіктен шыққан зиялылар тізімін түгендеу, олардың өмір-дерегін қысқа қайырып, бір мұқабада жинақтап кітап шығару. «Оңтүстік зиялылары» аталатын ғұмыр-деректік толымды кітап өмірге осылай аз уақыттың ішінде келді. Сол дайын­дық кезінде облыс әкімдеріне хат та жаз­дық. 

«Парыз» қорына түскен қаржының ұзын-саны 2 млрд 300 млн теңгеге жетті. Облыс-облыстың қомақты жәрдемі болмаса, бір «Парыз» тұтас той шығынын қайдан тартып шықсын?! Арнайы «Парыз» қорына қаржы аударғаны өз алдына, облыс-облыс Түркістанға делегация болып келіп, алаңдар, аяқжолдар салып, шаһарды абаттандыруға кірісіп кетіп еді.

Тарих талқысында көп қиындық көре келе кеңестік кезеңде қалыптасқан қаланың жер үсті тарихынан жерасты тарихы қымбат. Түркістан жерасты – археологиялық алып ландшафт.

Мәдениет қайраткері Өзбекәлі Жәні­бек­тің жан салуымен жалпы адамзат­­тық құндылық тізіміне кірген, ЮНЕСКО бо­йынша қорғалатын Қ.А.Ясауи кесене­сі тозып тұр­ды. Түркиялық «Вакиф Иншаат» фир­масы ортағасырлық алып ескерт­кіш­ті қайта жаңғыртуға Елба­сы­ның пәрменімен кірісіп кеткен. Алай­да ауа, жер (топырақ), су жағдайы ес­керіл­мей жасал­ған жаңғыртуға көңі­лі толмаған Өзе­кең Алматыдан хабар жолдап, қоңырау­латады да жатады. Пре­зидентке де хат жазды. М.Жол­дас­бековке де хабарласты. Өзінің халі ауыр. Екі дүние арасында арпалысып жүріп те Өзекең мавзолей жайлы бір сәт­тік қате шешім мәңгілік қасіретке ұшы­ратуы бек мүмкін деп шырылдады. Мәде­ниет комитетінің төрағасы Дүйсен Қа­сейінов, «Қазқайтажаңғырту» негізін салу­шы Қанат Тұяқбаев екі күннің бірінде Түркі­станға келеді. Туыс түріктердің фирмасы ұс­танған методикаға көңілі толмаған тұста об­лыс әкімі Ташкенттің Мәдениет институтынан маман профессорлар шақыртып қояды...

ЮНЕСКО сарапшысы Шломит Карен Стайн, Сыртқы істер министрлігінің ЮНЕСКО бойынша өкілі Рустам Мұза­фаров 1999 жылы Қ.А.Ясауи мавзолейі­нің қабырғасы қақырай бастағанын айтады. Мәдениет комитетінің төрағасы Д.Қасейіновпен өзара ақылдаса келе облыс әкімі қаланы қақ жарып өтетін Самара-Шымкент магистралды тас жолын қаланы айналып өтетіндей жол­ға ай­нал­дыруға пәрмен берді. 14,5 шақы­рым­дық айналма жол жұрттан «жылу» жинай жүріп, солай тар кезеңде салынып еді.

Түркістанның шын жасы 1500 жылдан әрмен, шамамен 3 мың жыл дейді Рах­манқұл Бердібай. Бір Рахманқұл емес, ел-елден, жер-жерден ғалымдар тара­пынан осындай пікір жаңғырығып жатты. Әрі тарт та бері тарт әңгімелер шыға бастағанда облыс басшысы Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлім­шесі­нің басшысы, айтулы археология тұлға­сы А.П.Деревянкомен жалғасып Қошқорған, Шоқтас археологиялық ланд­шафтын қазуды ұйымдастырды. Археологиялық халықаралық экспедиция А.П.Деревянко, Марсель Отт (Бель­гия), В.Т.Петрин, А.Г.Рыбалко, Ж.Тай­мағамбетов, З.Исабеков құрамында іске кірісті. Түркістан тарихы жайында ғы­лым­­дағы әртүрлі көзқарасты біріз­ден­діру мақ­саты қолға алынды. Әлем­нің әлде­неше археологі тізе қоса қимыл­дап, же­місті жұмыс жүргізді. «Ранне­па­лео­ли­ти­ческие микроиндустриальные комп­лексы в травертинах Южного Казахстана» (Новосибирск 2000) аталатын аса құнды еңбек өмірге келді. Ол еңбекте Түркістанның табиғи жасы – 2500 жыл деп дәлелдейді әлемдік өредегі ғалымдар.

Жатаған үйлер жыпырлаған Түркіс­тан инфрақұрылымнан «аман». Атымен жоқ десе де болады. Қаланың ажар-көр­кін ашып, сәулеттік салтанатына жаңа­ша сипат беру керек. Қуандық ақын жыр­­лағанд­ай, ақ шаңға бөгіп қалған көне шаһар­дың инфрақұрылымын жасау, сөй­тіп ақшаңқан қалаға айналдыра жаң­ғыр­ту ол кезде қиынның қиыны болды. «Әркім өз үйін ақтасын, қорасын жөн­десін...» девизімен басталған қаланы көр­кейту жұмысы ерекше қарқын алды.

Бірақ Түркістан секілді қалаға барды ұсы­нықты ұстау, жамап-жасқап жөндеу аз­дық ететін еді. Қалаға үлкен құры­лыстар, кү­рделі жөндеулер қажет. Басқасын былай қо­йып, ертең тойға келетін қонақтарды қа­былдап, Түркі­станда түсіретін қонақ үй де жоқ. Той жақындаған сайын қонақ үй салу бә­се­ке­ге айналды. Қалада жекеменшік қо­нақ­үй салушылар көбейді. Түркістанда он­шақты қонақүй шаңырақ көтерді. Әлі де аз.

Қонақүй – Түркістан құрылысының бір парасы ғана. Мәдениет сарайы, театр, актерлер үйі, музей, кітапхана, достық каналы, стадион, сауықтыру кешені секілді құрылыстар жүріп берді. Бұрын бар құрылыстар қайта жаңғырта, жөнделді. Ауыз су мәселесі де күн тәртібінде болды. Ой, мәселе көп еді.

Түркістанды темір жол қақ жарып өтеді. Өмір өзегіндей күретамыр жолдың екі беті де халық. Осы екі жағалау аспа көпірдің жоқтығынан бір-біріне қиын қатысар еді. Түркістандықтар көптен армандап келген аспа көпір де тойға тартуға айналып өмірін бастады.

Насихат – өркениетті қоғам үшін басты байлық. Түркістан тойы тұсында әлем бас­пасөзі қозғалысқа түсті. Әлем бас­па­сөзі арқылы Түркістан даңқы төрт­күл дү­ниеге түгел тарады. Тойға дүние ­жүзі­нен бас­пасөз өкілдері келіп қатысты. Халық­ара­лық баспасөздің демеуімен «Түркістан», «Түркі­стан салтанаты» секіл­ді фотоальбом кі­таптар еліміздің ішінде, тысында (Түркия­да) жарық көрді. Есімхан алаңы, этносквер, сауда қалашығы бой көтере бастады.

Облыстағы Сырдария көпірі, Мәде­ниет жылына орай өнер адамдарына 224 пәтер беру, «Тау самалы» атап қазақ балалар артегін салу сияқты облыс бойынша ілкімді жұмыстар қос қабат жүріп жатады.

Тойға дайындықты бақылау үшін мемлекеттік инспекторлар келіп кетіп жүреді. Тойға дайындықты бақылау, Премьер-Министр, Мемлекеттік хатшы, Парламент Спикерлері де ат шалдырып жатты, жанқиярлықпен жасалған жұмысты көріп, бағасын беріп отырды. Ағымдағы баспасөз бәрі-бәрін шежірелеп жазып жүрді. Ержұман Смайыл бас­тап, «Егемен Қазақстан» журналистері Түркістанда апталық өткізді.

 Айта кетерлік бір жағдай, Прези­дент аппаратының облысты бақы­лай­тын сол кездегі инспекторы бірде Н.Ә.Назарбаевқа «Түркістан тойға да­йын емес» деп ақпар беріпті. Көңіліне күдік ұялаған Елбасы Премьер-Министр Қ.К.Тоқаевтың өзін аттандырды.

Үкімет басшысы Түркістанға арнайы келді. Жасалған жұмысты көзбен көр­ді. Түркістанның 1500 жылдығына бағыт­тап жан алып, жан беріп жасап жатқан жұмыс алапат еді. Бәрін көзімен көрді.

 Әрине, Премьер-Министр Түркістан мәселесімен бірнеше рет арнайы келді. Аралады. Жасалып жатқан істің барысын өз көзімен бақылады. Әсіресе, орта ғасырдың тамаша тарихи ескерткіші – Қ.А.Ясауи мавзолейі жайында келелі әңгіме айтқаны есімде. Түркістанның келешекте халықаралық өреде еліміз үшін үлкен міндет атқаратын қала екені қадап айтылғаны есте. Мәдениет комитетінің төрағасы, табиғатынан зиялы Дүйсен Қорабайұлына, «Қазқайтажаңғырту» басшысы Қанат Тұяқбаевқа білімдарлықпен сұрақ қойып, берілген жауапты тереңдете міндет жүктегені жадымда қалыпты. Одан кейін тойға жақындаған 2000 жылдың көктемінде сол кезгі Үкімет басшысы Қ.К.Тоқаев тағы да келді. Кейінгі келісінде Түркістан жайында алып-қашпа сөздердің болып жататынын, оның дұрыс еместігін айта келіп: «Түрік қағанатынан бері түріктерді сырт жау емес, ауыз бірлігінің жоқтығы ыдыратумен келді. Тәуелсіздік – соңғы мүмкіндік. Туған мүмкіндікті пайдаланып, түрік халықтары, ұлт-ұлыстары экономикалық, рухани интеграцияға бүгін келмесек, біржолата айырылып қалуымыз ғажап емес... Түркістан тойға дайын. Президентке соны жеткіземін» деп түйіндеді сөзін Қ.К.Тоқаев.

Не керек, сөйтіп Елбасы басшылы­ғымен Түркістанның 1500 жылдық тойы өтті.

Түркістан тойы, егер, Қ.К.Тоқаев сынды әділеттен аттамайтын азамат адал пікірін айтпаса, сол сапарын­да жетістікті емес, кемшілікті тергіштеп барса, әлде қалай болар еді?! Түркістанның тойы кеші­гіп тойланар ма еді? Тіпті тойланбай қалар ма еді? Өйткені бұл той – тар кезеңде тойланбақ той еді. Қазақ­ты ынтымаққа шақыратын, Түркі­стандай тарихы терең жәдігер шаһары­мен мақтана білуге, тарихи құнды­лық­тарды қадірлеуге шақыратын мем­лекет­тік шара еді. Өткенсіз бүгін жоқ. Ертең­нің іргесін бүгін қаламасаң – бәрі бекер. Енді міне, бүгін бүтіндей жаңар­ған, жасарған Түркістан түріктік биі­гіне көтеріліп отыр. Бұдан 21 жыл бұ­рын­ғы Түркістандағы қайнаған еңбек және отаншыл ұлы рухпен қол жеткен қарапайым той – түрік халықтары интеграциясына салынған алғашқы жол. Бүгінгі толассыз даму үстіндегі Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы деп жариялаған түркітілдес мемлекет басшыларының бас қосуы – түркі халықтары ынтымақ бір­лігінің жаңа белеңі! Сабақтастық!

Ынтымақты сабақтастық – даму, өсу-өр­кендеу кепілі! Тарих толқыны сал­дары­нан сан рет тұрып, сан рет құлаған жәді­гер шаһар – Түркістан сабақтастықтың арқасында кешеден бүгінге түлеп жетті, сабақтастық арқасында ертеңге түрленіп ғажайыптанып барады. Сабақтастық салтымыз түркі халықтары ынтымақ-бірлігіне бастайды бізді. Сабақтастық салтымыз аман тұрса, Түркістанға енді тоқтау жоқ. Түркі халықтары интеграция­сынан (Саммиттен соң) соң, Түркістан – Түркі халықтарының рухани астанасына айналып түлейді!

 

Құлбек ЕРГӨБЕК