Осыдан 26 жыл бұрын 7 сәуірде Ұлттық ұланның 17 жауынгері тәжік-ауған шекарасын қорғау кезінде ерлікпен қаза тапты. Бұл туралы бірнеше кітап жазылып, «Қазбат» атты фильм түсірілді. Тәжікстанның Ауған елімен шектескен Памир тауының Пшихавр шатқалында болған қарулы қақтығыс қазақстандық сарбаздардың соңғы демі қалғанша өз міндеттеріне адал болғанын көрсетеді.
Тәжік-ауған шекарасында болған дәл осындай қақтығыс кезінде ҰҚК Шекара қызметінің сарбазы Р.Батырханов қаза тапқан еді. Бүгінде еліміздің шығыстағы шебінде батыр шекарашының атында шекара бөлімшесі бар. 1994 жылы «Шыңдығатай» деп аталған сол кездегі шекара заставасында өзінің Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жерінен өз еркімен тәжік-ауған шекарасына аттанған Раджан көрсеткен ерлік пен жанқиярлық үлгісі үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Негізі 1993-2001 жылдар аралығында қазақстандық шекарашылардың міндетіне тәжік-ауған шекарасының 70 шақырымдық аумағын күзету жүктелген болатын. Бұл – Калай-Хумб шекара отрядының «Мост», «Микрон», «Джавай», «Кеврон», «Плато» және Висхар шатқалындағы шекара посттары еді. Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің «ТМД-ның тәжік-ауған учаскесіндегі сыртқы шекарасын қорғауды күшейту туралы» 1993 жылғы 15 сәуірдегі қаулысына сәйкес, мұнда 2001 жылға дейін ҰҚК Шекара қызметінің 24 батальоны ауысты. Қолымыздағы мәлімет бойынша тоғыз мыңға тарта сардар мен сарбаз жауынгерлік тапсырманы орындады.
Шекараны қорғау кезінде батальон өзінің елуге тарта адамынан айырылған болатын. Ал ең алғашқы шайқас 1994 жылдың 28 қыркүйегінде 200 қарулы моджахед Хары ауданының аумағына шекараны бұзып кірмек болған кезде басталған еді. Олардың жолына 38 қазақстандық және ресейлік шекарашы қарсы тұрды. Кіші сержант Раджан Батырханов өзінің пулеметімен моджахедтерге оқ жаудыру арқылы өз бөлімшесіне жауды тыл жағынан соғуға мүмкіндік жасайды. Алайда шекарашыларға көмек тым кеш жетеді де, ауыр жараланған Раджан лазаретке апара жатқан жолда қайтыс болды...
2007 жылы 15 желтоқсанда Душанбе қаласының Орталық саябағында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткіштің ашылу салтанаты болды. Мәрмәрдан соғылған кітаптың ашық бетіне 35 қазақстандық батыр жауынгердің есімі алтынмен қашап жазылды.
Батырларымызды ұлықтауға арналған мұндай құрмет еліміздің бірнеше қаласында да өз жалғасын тапқан. Атап айтар болсақ, Нұр-Сұлтан қаласының төріндегі «Отан-Ана» монументінде Ерлік аллеясы ашылса, Алматы және Шымкент қалаларының әскери бөлімдерінде де ескерткіштер бой көтерген.
7 сәуір атаулы күні ҰҚК Шекара қызметінің «Застава тарландары» республикалық қоғамдық ұйымына қарасты Алматы қалалық филиалының ұйымдастыруымен, тәжік-ауған шекарасының ардагерлері Алматы облысы бойынша департаментінің Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасындағы Ерлік аллеясына барып, жат елдің шекарасында ерлікпен қаза тапқандарға тағзым жасап, гүл шоқтарын қояды. Тәуелсіз еліміздің шекарасын күзетіп жүрген жас сарбаздарға батырларымыз туралы тамаша естеліктер айтады.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі