Мамандар енді бірқазанды қорықты қызықтауға келетін туристерге, Науырзым ауданы тұрғындары мен мектеп оқушыларына насихаттау, құс ұя салатын жерлерді ерекше қорғауға алып, бірқазан тіршілік ететін орта туралы оқушылар арасында ғылыми жобалар ұйымдастыру жұмыстарын қолға алмақ.
– Бірқазан сирек кездесетін, ұясын кез келген жерге сала бермейтін құс. Өкінішке қарай, соңғы жылдары бұл құстардың саны бірте-бірте кеміп бара жатыр. Көбіне нулы қамысты көлдерді мекендейді. Қазақстанда 8 мыңдай бірқазан тіршілік етеді. Салмағы 10-11 килоға дейін баратын ірі құс. Сондықтан заңсыз аңшылықты кәсіп еткен сұрмергендердің сұқ көзіне жиі ілігеді, көбі осы құсты нысанаға алуға құмар. Бұл құстар Қазақстанда, Ресейде, Пәкістанда және Солтүстік-Шығыс Африкада ұя салып, балапан шығарады. Күн жылынған соң өзіміздің Науырзым қорығына ұшып келіп, жаздай осы өңірді мекендейді. Жалпы, қазір жер бетіндегі халық санының күрт өсуіне байланысты әлем экологиясының нашарлап бара жатқаны сезіле бастады. Адам баласы аң, құс аулаудың сан түрлі тәсілдерін ойлап тауып, тіпті жануарлардың кейбір түрін жойып жіберуден де тайсалар емес. 1906 жылдан бері қарай әлемде «Құстар күні» мерекесі аталып өтіле бастады. Ал 1927 жылдың көктемінде жас натуралистердің К.Тимирязев атындағы орталық биостансасында балалардың құстарға арналған тұңғыш мерекесі «Құс күні» өтті. Мұндағы басты мақсат – жасөспірімдердің қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттыру, табиғатты қорғауға бейімдеу болатын. Бұл мерекені біз 2006 жылдан бері жыл сайын атап өтіп келеміз, – деді қорықтың кіші ғылыми қызметкері Ришат Батряков.
Науырзым қорығының мамандары таяуда сирек кездесетін құстарды қорғау, насихаттау бағытындағы кешенді шаралар аясында «Саябақтар шеруі-2021» атты табиғатты аялау жобасын қолға алған. Шара барысында оқушыларды табиғатты сүюге, аң-құстарды қорғап, қамқорлық көрсете білуге үйрететін «Үйшік» акциясы ұйымдастырылды. Акцияға атсалысқан кішкентай табиғат жанашырлары мен қорық инспекторлары көктем құстарына жүздеген ұя жасап, ағаш басына орнатты. Қазіргі таңда өскелең ұрпаққа үздіксіз экологиялық білім мен тәрбие беріп отырсақ, жастарымыздың дені сау, болашағымыз мықты болары хақ дейді қорық қызметкерлері.
Науырзым ауданында 20 наурыздан 25 мамырға дейін жалғасатын «Саябақтар шеруі» халықаралық жобасы биыл «Табиғатты қорғайық, болашақты ойлайық» атты үндеумен онлайн режімде өтуде.
– Науырзым өңірінде дәстүрге айналған шараның басты мақсаты – ерекше қорғауға алынған табиғи аумақтардағы күрмеулі мәселелерге жергілікті билік пен аудан тұрғындарының назарын аудару және табиғи мұраларымызға деген сүйіспеншілікті ояту. БҰҰ қамқорлығына алған әйгілі қорықты ең алдымен науырзымдықтар мақтаныш етуі керек. Осы мақсатта қорық қызметкерлерінің ұйымдастыруымен онлайн байқаулар жарияланып, жоспарға сай табиғатты қорғау бағытында «Құстар күні», «Бүкілқазақстандық ағаш егу күні», «Қызғалдақтар күні», «Жер күні», «Таза өзендерге – таза жағалау» мерекелік іс-шаралары өткізілмек, – деді Науырзым қорығының директоры Дулат Қойлыбаев.
Қорық қызметкерлері «Жер күні» акциясы аясында аудан тұрғындарының қатысуымен ауыл іші мен елді мекендердің маңына ағаш көшеттерін егуді көздеп отыр. «Су күні» шарасы барысында өзен, көл жағалауларын қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілетін болады. Ал бүкіләлемдік «Қоршаған ортаны қорғау күні» қарсаңында аудан көлемінде сенбілік өткізу жоспарланған.
Қостанай облысы,
Науырзым ауданы