Тарих • 12 Сәуір, 2021

«Қырық қыз» – түркі халықтарына ортақ мұра

3507 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Түбі бір түркі халықтарына ортақ әдеби мұралар аз емес.

Соның бірі – көлемді де көркем «Қырық қыз» эпосы. Әйелдердің отаншылдығы мен батырлығын дәріптейтін бұл жырдың оқиғасы да, құрылымы да өзгеше. «Қырық қыз» туралы аңыз-әңгімелер түркі жұртында, оның ішінде Орта Азия халықтарының біразында кездеседі десек те, аталған жырдың көлемді әрі көркем нұсқалары бүгінгі күнге қазақ пен қарақалпақ жыраулары арқылы жеткен.

Қарақалпақ жыраулары жырлаған «Қырық қыз» эпосының оқиғасы мынадай: ерте заманда Түркістан, Саркоп атты қаладағы ноғайлы елінде дәулеті мол, Аллаяр деген байдың алты ұлы мен Гүләйім атты сұлу, ақылды әрі батыр қызы болғаны айтылады. Гүләйім әкесінен сұрап алған Миуалы жеріне қорған салдырып, қасына қырық қыз жинап, оларды соғыс ісіне даярлайды. Осы оқиғалардың арасында Гүләйімге ғашық Әшір, Аманқұл, Сәйеке, Хорезм батыры Арыслан есімді жігіттердің және Аллаяр байдың шопаны Жұрынның батыр қызға ынтызарлықтан туған алуан түрлі істері баяндалады. Қыздар тауда жүргенде қалмақ ханы Сұртайша Саркопқа басып кіріп, Аллаяр мен алты ұлын өлтіріп, қаланың батыры Өтбасқанды жаралап, қолға түсіреді. Елге келген Гүләйім Сұртайшаның елді шапқанынан хабардар болады да, қалмақтарға қарсы соғысқа дайындалып, Дербенттауда Сұртайшаның әскері мен қырық қыздың арасында ұрыс болады. Елінен безіп Ақбұлақтың бойын мекен етіп отырған Хорезм батыры Арыслан Гүләйіммен жауға бірге аттанып, Гүләйім Сұртайша ханды, Арыслан дәу сипатты қалмақ батыры Қарқашықты өлтіреді. Тұтқындағы елін құтқарып, Түркістанға келіп, Арыслан мен Гүләйім шаңырақ көтеріп, той береді. Сол кезде Арыслан батырдың Хорезмдегі елін Нәдірше келіп шабады. Бұл хабарды естіп, Арыслан батыр Гүләйім, Сәрбиназдармен бірге аттанып, жауды жеңеді. Осылайша, Хорезмге бейбітшілік пен әділдік орнатып, әр халықтан би сайлап, Гүләйім мен Арыслан Түркістанға қайтады.

Жалпы, бұл жырдың қарақалпақ арасында екі нұсқасы бар. Бірі – 1938 жылы Құрбанбай Тәжібаевтан, екіншісі 1960 жылы Қияс Қайретдиновтен жазып алынған. Қияс жыраудың нұсқасында Гүләйімнің әкесінің есімі Бурабай, сүйген жігітінің аты Қырымдағы ноғай батыры Қыран, елін шабатын қалмақтың ханы Елексан деп көрсетіледі.

Қарақалпақ жырауларының нұсқаларында:

Ертеде, ерте заманда,

Халық езілген табанда,

Түп бабамыз он санда,

Аз ноғайлы елінде,

– деп басталса, бесқалалық белгілі қазақ жырауы Қайролла Иманғалиев жырлаған «Қырық қыз» жырында:

Қазақ, ноғай халқынан,

Бақтияр деген бай болған.

Төрт түлігі сай болған.

Дұшпаннан кегін алғандай,

Қайратты, өткір жан болған,

– деп келеді.

Эпостың қарақалпақша, қазақша нұсқаларында да оқиғаның «Ноғайлы елінде» басталуы бұл жырдың түркі халықтарының біртұтас дәуірінде пайда болғанынан дерек береді.

Екі халықтың жыраулары жырлаған «Қырық қыз» эпосының сюжеттері бір-біріне өте жақын. Кейіпкерлерінің есімдері мен оқиға өткен жер атауларында ғана өзгешеліктер бар. Әдебиеттанушы ғалымдар қаһармандық эпостарды ежелгі аңыз-жырлар, тарихи жырлар деп жіктейтіні белгілі. «Қырық қыз» эпосын мазмұнына қарап, аңыз-жырларға жатқызуға болады.

Байқағанымыздай, қарақалпақ жыраулары жырлаған «Қырық қыз» жырының оқиғалары Түркістан жерінде өрбіп, қырық қызға басшылық ететін батыр қыздың әкесін бай деп сипаттаса, қазақ жыраулары жырлаған бұл жырдың оқиғалары қазіргі Қарақалпақстан аймағындағы Төрткүл тауының төңірегінде болады, мұнда қыздың әкесі хан деп суреттеледі. Жырдың жалпы мазмұнын қысқаша баяндасақ, Төрткүл тауының Көкше жағындағы «Қарабұлақ» деген жерде Бақтияр ханның алты ұлы мен Ханшайым атты батыр, балуан, шешен қызы болады. Ханшайым әкесінен Оймауыттың ойындағы Миялы деген жерді сұрап алып, қызыл қорған салдырады да, ел аралап қыздар жинап, шөл мен тау арасына барып, оларға соғысудың сан айласын үйретеді. Қыздар мінетін тұлпарларды сыншылардың сынынан өткізеді. Ханшайымның қырық қызы Көкшетауда (Көкшетау – Төрткүл ауданындағы таудың атауы. Бесқала қазақтары әлі күнге дейін оны Көкше деп атайды) тұлпар жарыстырып, көкпар тартып жүргенде Қараша атты қалмақтың ханы тыныш жатқан Бақтияр ханның елін шауып, хан мен алты ұлын өлтіреді де, халқын тонап, балалар мен жесірлерін алып кетеді. Тауда қырық күн болып оралған қырық қыз елінің қырылғанын көреді. Қатты қайғырған қыздар жаудың соңынан қуып, мал-мүлкін алып бара жатқан керуенге жетіп, елге қайтарады. Қараша ханнан кегін алу үшін оны іздеп барып, елін шауып, ханның басын алады. Тұтқынға түскен халқын өз еліне алып келген қырық қыздың ерлігі мен ақыл-парасатына риза болған жұртшылық оларды ардақ тұтып, «Қырық қыз» қаласын салдырады.

Ханшайым ерлігімен танылған Әлшора атты батырға тұрмысқа шығып, олардан Білеулі деген бала туады. Ол баланың құрметіне де «Білеулі» қорғанын салдырады. Қосағымен қосылып, Ханшайым осылайша бақытты өмір сүреді.

Қарақалпақ жыраулары жырлаған «Қырық қыз» эпосының нұсқасында Аллаяр, Гүләйім, Арыслан, Әшір, Аманқұл, Сәйеке, Жұрын, Сұртайша (қалмақ ханы), Өтбасқан, Алтынай, Нәдірше, Сәрбиназ, Құңқар тәрізді кейіпкерлердің аты аталса, қазақша жырланған «Қырық қыз» эпосында Бақтияр, Ханшайым, Қараша (қалмақ ханы), Әлшора, Білеулі атты т.б. кейіпкерлер кездеседі.

«Қырық қыз» эпосының қарақалпақша нұсқасы тұңғыш рет 1949 жылы баспа бетін көрді, орыс тіліне аударылып Ташкент, Мәскеу, Петербор қалаларында жарыққа шықты. Осы жырдың желісінде драма, балет пен әдеби шығармалар да жазылды. Ал қазақша нұсқасын халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, фольклоршы-ғалым Қыдырәлі Саттаров 1985 жылы Хожелі қаласының тұрғыны, атақты ақын-жырау Қайролла Иманғалиевтен жазып алған. Жырдың толық нұсқасы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақталған. Қ.Саттаров жырға «Қырық қыз» эпосын жырлаған қазақтың жыраулары – Үкі жырау, Жаскілең, Бақы, Жақып, Бітеген. Бақы жыраудың баласы Мақуыттан Қайролла Иманғалиев үйренген деген түсінік береді.

Бұл аталған өнерпаздардың көбі негізінен ХІХ ғасырда өмір сүрген болса, «Қырық қыз» эпосын ХХ ғасырда да жырлаған қазақ жыраулары ретінде Жақып Құтыманұлы (1881-1956), Қайролла Иманғалиев (1907-1987), Наурызбек Нұржаубайұлы (1931-1994) сынды есімдерді атай аламыз. Ғалым, халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Көбей Сейдеханов «Қарақалпақ фольклор экспедициясы» мақаласында: «Наурызбек қол созым жерде кебежеге сүйеулі тұрған домбырасын алып, өзінің «Таныстыру жырын» айтты. «Бұхарбай батыр», «Құлбек», «Сегіз сері» дастандарынан үзінді тыңдадық. Қарақалпақтың «Қырық қызын» да жаттапты. Оның «Гүләйім» аталатын бөлімін қазақша айтып берді» деп жазады. Бұл дерек атақты жырау Наурызбек Нұржаубайұлының репертуарында да «Қырық қыз» эпосының болғанын дәлелдейді. Бірақ Наурызбек жырау жырлаған бұл жыр жазып алынбаған сияқты, әзірге қолжазбасын кездестіре алмадық.

Бертінге дейін Қарақалпақстанда «Қырық қыз» эпосының авторы ретінде қарақалпақ жыраулық дәстүрінің бастауында тұрған Жиен Тағайұлының есімі аталып келді. Жиен жыраудың авторлығымен аталған жыр 1959 жылы қазақ тіліне аударылып, Алматыдағы «Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет» баспасынан 23 мың данамен жарық көрді. Алайда Өзбекстан мен Қарақалпақстанға еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Қабыл Мақсетов 1993 жылы Нөкіс қаласында жарық көрген «Қырық қыз: қарақалпақ халық дастаны» кітабының алғысөзінде: «Құрбанбай, я Қиястың «Қырық қыз» жыры Жиен деген жыраудан қалыпты» деген сөздеріне немесе болар-болмас басқа да болжамдарды негіз етіп, «Қырық қыз» Жиен жыраудың шығармасы дейтіндер бар. Мұның қате пікір екенін «Қырық қыздың» Құрбанбай және Қияс жыраулардың нұсқаларын салыстырсаңыз анық байқайсыз. «Алпамыс», «Қобыланды», «Қырық қыз» авторларын іздеудің керегі жоқ. Оларды табу да мүмкін емес» деп жазады.

Фольклоршы ғалым Қыдырәлі Саттаров Қайролла жыраудан жазып алған «Қырық қыз» жырын 1990 жылдары «Жазушы» баспасынан жеке жинақ етіп шығарған. Эпоста 7-8 буынды жыр үлгісімен қатар, 11 буынды қара өлең үлгілері де ұшырасып отырады. Қайролла Иманғалиевтен алынған жыр ерлікке, отансүйгіштікке үндеуімен ғана емес, ескі этнографиялық бұйымдардың, ұлттық ойындардың атауларын сақтап қалғанымен де құнды. Мысалы:

Пішендей қылып Жүрімді,

Ортаға әкеп тастайды.

«Лақ ойыны» болған соң,

Атшабарға бастайды...

Немесе:

Кем болмасын сәнің деп,

Алтыннан таңдап салдым ер.

Болаттан таға қақтырдым,

Ат тұяғы азар деп.

Суырыпсалма ақын, ескі жырларды көп білетін үлкен жырау – Жақып Құтыманұлы «Зар заман», «Ертелі кеш шығасың» сынды көптеген толғаумен қатар, көлемді «Құлназар», «Өткен күндер», т.б. жырларды өз жанынан шығарып жырлаған. Оның репертуарында «Қырық қыз» жырының да өзінше дамытып жырлаған дербес нұсқасы болған.

Жалпы, Бесқаладағы қазақ ақын-жырауларының репертуарында тың жыр-эпостардың көп кездесетіні анықталып отыр. Мұны Қарақалпақстанға фольклорлық экспедициямен барып, әдеби және музыкалық мұралардың үлгілерін жинаған өнертанушы-ғалым Талиға Бекхожина да жақсы байқаған. Бұл жөнінде «Қазақтың 200 әні» атты музыкалық-фольклорлық жинағында: «Эпикалық жырлар қазақ арасына түгелдей орын тепкен жанр. Әйтсе де, қарақалпақ, түркімен жерлерінде тұратын қазақтарда дәстүрлі жанрлардың басқа да түрлері орындалғанымен батырлар жыры ерекше орын алады» деп көрсетеді. Мысалы, «Қырымның қырық батыры» циклді эпосының бір саласы аталатын «Қарасай-Қази» жырының бүгінде отыз жеті нұсқасы мәлім болса, соның басым көпшілігі Әмудария бойында жырланған. Одан бөлек әлі фольклорға белгісіз ондаған жыр-эпостар жеке мұрағаттар мен қолжазба қорларында жатқаны анықталды. Біз сөз етіп отырған «Қырық қыз» жыры да сондай тың эпостардың бірі деуге болады.

«Қырық қыз» жырының сонау ерте замандардағы оқиғалардың негізінде пайда болғанын ескерсек, оны қазақ, қарақалпақ халқының ақын-жыраулары бірдей жырлап, дәріптеуі заңдылық. Өйткені аталған екі халық қашаннан бірге келе жатқан, қонысы ортақ, тарихы тамырлас халықтар. Сондықтан екі халыққа да «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Едіге» сынды жырлар мен Сыпыра жырау, Асан қайғы секілді әйгілі ақындар ортақ тұлға саналады.

1980 жылы жарық көрген «Қарақалпақ фольклоры» көп томдығының VI томы қаһармандық эпос «Қырық қыз» жырына арналды. Мұның алғысөзін жазған профессор Қабыл Мақсетов: «Қазақ және қарақалпақ халықтарының ежелден келе жатқан тарихи тағдыры, мәдени байланысы, әдет-ғұрып, тіл жақындығы арқасында екі халыққа ортақ ауыз әдебиеті дүниеге келді. Аңыз-әңгіме, ертегілерден кейбір варианттық, версиялық айырымдарына қарамастан, бір-біріне ұқсас немесе мазмұны бірдей дүниелерді кездестіруге болады» деп екі халықтың әдеби байланысын сөз ете келіп: «Қырық қыз» дастанының пайда болуы және қалыптасуы Хорезм оазисінде жасаушы халықтардың тарихымен тығыз байланысты. Ежелгі дәуірлерде, сондай-ақ орта ғасырларда түркі тайпаларының бай эпосы болғанына ешкім күмән келтірмейді» дейді. Халық мұраларын жинаушы фольклоршы-ғалым Қыдырәлі Саттаровтың: «Қазақтың «Қырық қыз» жыры алғашында ертегі, аңыз түрінде ауызша әңгімеленіп, ән, өлеңмен айтылып жүріп, бірте-бірте жырға ұласқан көп ғасырлық туынды» деген пікірі де аталған жырдың ерте дәуірде пайда болғаны туралы тұжырымды қуаттайды. Ал академик И.Сағитов, Л.Климовичтер мақалаларында «Қырық қыз» жырының пайда болуы дәуіріне тоқталып, идеялық мазмұнына, көркемдік ерекшеліктеріне қарап, ХVII-ХVIII ғасырларда пайда болған деген пікір айтады.

Жалпы, қырық санының ұғымы қазақ арасында ежелден айтылып келеді. Академик Әлкей Марғұланның «қырық» халыққа дәстүр болған киелі сан – күштіліктің, беріктіктің белгісі, түу баста ру басыларының бір мықты адамның төңірегіне топталып біріккен тобы «қырық рулы ел», кейінірек феодал дәуіріндегі «қырық нөкер», «қырық дос», «қырық шора», «қырық уәзір» деген пікірі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен рухани өміріндегі «қырық» ұғымының маңызын айшықтайды. Сонымен қатар «ханда қырық кісінің ақылы бар», «қырыққа келмей нырыққа келмес» сынды мақал-мәтелдер, қаһармандық жырларда кездесетін «Қырық шілтен», «Қырымның қырық батыры» ұғымдары, бесқалалық ақын Тілеумағамбет Аманжолұлы жазған «Асау-Барақ» жырында Барақ батырдың қалмақ елін шабуға қырық жігітпен баруы тәрізді сюжеттердің кездесуінен қазақ халқында қырық санына ерекше мән берілгенін көреміз.

Қырық саны қазақ халқына ғана емес, жалпы, түркі жұртына ортақ ұғым. Ортағасырлық оқиғаларды суреттейтін «Қорқыт» жырының бір тарауы болған «Тоқақожаұғлы ер Домрул» жырында да қырық жігіт кездессе, қырғыздар жырлайтын атақты «Манаста» батыр қырық жорасымен жүреді. Қазақ арасында «Қорқыт және қырық қыз» сынды хикаялар бар. Мұның бір нұсқасын Әбубәкір Диваев 1920-1921 жылдары Жетісу мен Сырдария өлкесін зерттегенде жазып алған.

Академик Әлкей Марғұлан да Қорқыттың қобызын тыңдауға Сыр бойының қалаларынан қырық қыздың келгенін баяндайтын аңыз туралы жазады.

Қазақ, қарақалпақ, қырғыз жерлерінде «қырық қызға» байланысты географиялық атаулар да кездеседі. Қырғыздар арасында Нарын облысының Жұмғал ауданы мен Қошқарата тауының ортасында орналасқан Мұзарт тауына қатысты «Қырық қыз» аңызы айтылады.

Түркістан облысының Қазығұрт өңірінде «Қырық қыз» аталатын табиғи ескерткіш бар. Аңыз бойынша, ескерткіштер тасқа айналған қырық қыздың бейнесі. Белгілі мифолог ғалым Серікбол Қондыбай солтүстік Үстіртте де «Қырық қыз» атты жер атауының бар екенін айтады.

Қарақалпақстанда «Қырық қыз» атты елді мекендер Қоңырат, Беруни аудандарында кездеседі. Бұдан бөлек, ертеден жеткен ондаған тарихи қалалардың да бірі «Қырық қыз» деп аталады. Бұл жөнінде белгілі ақын, журналист Ахмет Өмірзақ халықаралық «Түркістан» газетіне жариялаған «Қырыққызқала – ерлікке қойылған ескерткіш» атты мақаласында тарқатып жазған болатын. Мақалада автор: «1938 жылы ежелгі Хорезм мемлекеті аймағында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілу барысында, Қарақалпақстанның Беруни қаласынан 27 шақырым солтүстікте (қазіргі Еллікқала ауданы, «Қырыққыз» фермер шаруашылық бірлестігі аймағында) біздің дәуіріміздің ІІІ-VI ғасырына жататын және сол дәуірде адамдар тұрған Қырыққызқала атты қалашық табылды. Қаланы зерттеген ғалымдар «Қырыққызқала» қорғаныс қамалы болған және Хорезм мемлекетінің солтүстік-шығыс шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін салынған» деген байламға келді» деген мәліметтер келтірген.

Қаһармандық эпостар халықтың рухын көтеріп, ұрпақ тәрбиесінде маңызды қызмет атқарып келді. «Қырық қыз» жырының идеясы да ел мен жерді қорғау, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Бұл жырдың басқа батырлар жырларынан ерекшелігі – мұнда елді жаудан қорғап, ерлік көрсететін басты кейіпкерлердің қыздар қауымынан болуы.

Қазақ халқы өз тарихында батыр қыздарға кенде емес. Ертедегі Томирис ханшайымды айтпағанда, ХVІІІ ғасырдағы қазақ-қалмақ соғысында ерлігімен ел есінде қалған Гауһар, Назым батырлар, Абылай ханның барлаушыларының басшысы болған Айбике ару, Кенесары ханмен бірге ірі шайқастарға қатысқан Бопай ханшайым, Ресей патшалығына қарсы көтерілістерде қаһармандық танытқан Сапура батыр, Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атанған Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, кешегі Желтоқсан көтерілісінің батырлары Ләззат пен Сәбира тәрізді қыздарымыз сөзіміздің дәлелі. Яғни ел басына қауіп төнгенде қазақ жастары ұл-қыз деп бөлінбей, қатар атқа қонған.

Қыздардың елді қорғаудағы ержүректігі мен батырлығын халық әрқашан қолдап, жыраулар шығармаларында насихаттаған. Мысал ретінде халық жыры «Гауһар батыр», Нұрпейіс Байғаниннің «Нарқыз» жырын атап айтуға болады. «Қырық қыз» жыры да сондай батыр қыздардың ерліктерін суреттейтін көркем туынды.

Ғалымдардың тұжырымдары мен ақын-жыраулар жеткізген мәліметтер тыңдаушысын ерлікке үндеп келген «Қырық қыз» эпосының түркі халықтарына ортақ мұра екенін көрсетеді. Бұл жайында алдағы уақытта тыңғылықты зерттеу жұмыстары жүргізілсе, түбі бір түркі халықтардың барлық заманда әдеби-мәдени үдерісте біртектілігінен ажырамағандығы дәлелдене түсер еді.

 

Күнқожа ҚАЙРУЛЛА,

Құрманғазы атындағы

Қазақ ұлттық

консерваториясының оқытушысы