Қоғам • 20 Сәуір, 2021

Пошта жөнелтілімдерін үйге дейін жеткізеді

260 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2020 жылы еліміздің тұрғындары «Қазпошта» АҚ-ға қарасты сәлемдемелер супермар­кеттері арқылы 11,2 млн тіркелетін пошта жөнел­тілімдерін алды. Биылғы бірінші тоқсанның қоры­тындысы бойынша 4 млн-ға жуық сәлем­деме берілген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәй­кес мерзімімен салыстырғанда 500 мыңға артық.

Пошта жөнелтілімдерін үйге дейін жеткізеді

«Қазпошта» АҚ тұрғындарға барынша ыңғайлы қызмет көрсету үшін GoPost Home жобасын қолға алып отыр. Оның аясында клиенттер сәлемдемелер супермаркетіне бармай-ақ, сәлемдемелер мен ұсақ пакеттердің үйге дейін жеткізілуіне тапсырыс береді. Бүгінде GoPost Home қызметі қанатқақты жоба ретінде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жүзеге асырылуда. Оның ішінде бұл қызмет елордада Орталық операциялық учаскеде және №20 қалалық пошта байланысы бөлімшесінде, ал Алматыда Орталық опера­циялық учаскеде қолжетімді.

Бір мекенжайға 5 сәлемдемеге тапсырыс беруге мүм­кіндік бар. Бұл жағдайда біріншісін жеткізу құны 1 мың теңгені құраса, қалған сәлемдемелердің әрқай­сысы үшін тек 200 теңге төлеу қажет. Қазіргі таңда бұл қызмет Telegram-бот @KazPostBot арқылы қолжетімді. Клиент­тің сәлемдемесі супермаркетке келген кезде оған аталған мессенджер арқылы хабарлама жолданады. Егер оның тарапынан сағат 16:00-ге дейін үйге дейін жеткізу расталса, сәлемдеме сол күні қолға тапсырылады. Алдағы уақытта GoPost Home қызметі WhatsApp және 1499 байланыс орталығы арқылы қолжетімді болады.

«Қазпошта» АҚ келешекте жаңа қызметтің аясын кеңейтіп, еліміздің барлық өңірін қамтуды жос­парлап отыр. Сол арқылы келешекте тіркелетін пош­та жөнелтілімдерін үйге дейін жеткізу қызметі өңір тұрғындары үшін қолжетімді болмақ. Бүгінде «Қазпошта» АҚ-ға қарасты сәлемдемелер супер­маркетінің саны 237-ге жетті. Оның 127-сі қалаларда, қалған 110-ы аудандар мен ауылдарда орналасқан.