Руханият • 20 Сәуір, 2021

Жыраулық өнердің жанашырлары

720 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Ұлы жырау, жыршы, ақын Жамбылдың өнерін халыққа кең на­сихаттауда, танытуда, ба­­ғалауда әдебиетіміздің алып­тарының үлкен үлес қос­қа­нын байқаймыз. Сәкен Сей­фул­линнің, Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсі­реповтің, Ғабиден Мұста­фин­нің, Әбділда Тәжібаевтың және басқа да қазақ жазба әдебиеті өкіл­де­рінің Жамбыл туралы ой-тол­ғаныстары, мақалалары, есте­лік­тері суырып-салма ақындық дәстүрге, айтыс өнерінің тарланына, жыршылық, жыраулық өнердің майталманына деген ерекше құрметті байқатады.

Жыраулық өнердің жанашырлары

Сәкен Сейфуллин 1927 жылдан бастап Жамбылмен бірнеше рет кездескен. Өз үйіне шақырып алып та жыр­ларын тыңдаған. «Жабай батыр»­ дастанын, Құлмамбетпен айтысын жазып алып, әдебиет оқулығына қос­қан. С.Сейфуллиннің «Көптомдық шы­ғармалар жинағының» 6-томына жаз­ған алғы сөзінде профессор Тұр­сын­бек Кәкішев Сәкенге қатыс­ты: «Ақан сері, Біржан сал, Майкөт, Қара­қожа, Мұсайып, т.б. өнер қайрат­кер­лерінің мұраларын ел аралап жү­ріп жа­зып алса, Жамбыл, Кенен сынды халық ақындарымен жүзбе-жүз кез­десіп, Жетісуға аты мәшћүр өзге жыр­шы­лардың сөздеріне назар аудар­ған» – дейді. «Жамбылдың жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан мар­жан сықылды. Оны жинап алып, халқының қо­лына беру – біздің әрқай­сымыздың аза­маттық борышымыз» – деген Сәкен Сей­фуллиннің ба­ғалауынан өз замандастарына үлкен міндет жүктеушілік аң­ғарылады. Өйткені, Жамбылдың тоқсан жасына дейін ауызша шығарған өлеңдері, айтыстары, толғаулары қағаз бетіне түспеген, тек өмірінің соңғы он жылында ғана жадындағы жырларын жаңғырта жырлап, жаңадан шы­ғарғаны бар, заманға үн қосқаны бар мол рухани мұра қал­дырған. Жам­былдың жыр селі ХХ ғасыр­дың 30-40-жылдарындағы қазақ зиялыла­рына «өшкен жанып, өлген тіріл­ген­дей» әсер еткені байқалады. Темір­бек­ Жүргенов, Ораз Исаевтар 1934 жылы қазақ халық таланттарының сле­тінен кейін Жамбылдың жарқыраған жұл­дызына айрықша назар аудара бастаған.

Әбділда Тәжібаев 1936 жылы Жам­былды Ұзынағаштан Алматыға алып ке­ліп, өз үйінде бірнеше күн қонақ қы­­лады. Сол жолы Мұхтар Әуезовті, Сәбит Мұқановты Жамбылмен үйінде жүз­дестіріп, таныстырады. «Осындай еді аға­лар» атты естелігінде ол былай деп жазады:

«– Е, Құнанбай елінен екенсің ғой, – деп Жәкең Мұхтарға бір қарап қойды.

– Абай еліненмін.

– Абайды да білемін. Ол оның өлең­ші баласы емес пе?.. Біздің жақ дуан басы әжі Құнанбайды жақсы білген. Өзі қырғыздың Шәбдені секілді болса керек қой...

– Ал мен Сарыарқаданмын. Бір­жан, Ақан, Балуан Шолақтардың жері­ненмін, – деп Сәбит дауыстады.

– Болсаң боларсың, – деді Жәкең Сәбитке кеудесімен бұрылып, – өзің де Балуан Шолаққа келеді екенсің...

Бәріміз де қарқылдап сүйсіне күліп қалдық».

Осы жолығысуда Мұхтар Әуезов өзі бастап Жамбылдың бірнеше сағатқа созылған жыр нөсеріндегі жылт-жылт ой, образ маржандарын қағазға түсіріп алып отырады. Сәбит Мұқанов та Әб­діл­­­даға «жаз, жазып ал!» деумен болады.

Мұхтар, Сәбит, Ғабиттердің халық ақы­нын, ұлы жырауды танып, бағалауы өз алдына, Қалмақан Әбдіқадыров, Тайыр Жароков, Ғали Орманов, Қасым Тоғызақов, Қапан Сатыбалдиндер кезекпе-кезек Жамбыл үйінде хатшылық қызмет атқарған екен. Жәкеңнің шабыт қысқанда шашып тастайтын жыр шумақтарын қалтқысыз қағазға түсіріп отырған.

Ә.Тәжібаев өзінің естелігінде Мұх­тар да, Сәбит те Жамбылдың суырып-салма айтқыштық өнеріне тәнті бола түскісі келіп, тақырыптар ұсынып, тарихқа, өткенге баға бергізіп, біраз сынап та көргендерін жазады.

Жамбылдың тоқтаусыз төккен жыр жаң­бырын тыңдай отырып: «Жәкең осын­дай екен-ау... Ақын емес, топан ғой ша­лың!», – деп мұндай тұста Сәбит қи­қуға басып-басып жібереді. – Мінеки, – деді Мұхаң Сәбеңе қарап, екі қолын бірдей жайып, – импровизатордың ше­берлігі деген осы. Эпостағы бұрын қолданылып жүрген образдарды қалай пай­даланады! Мүдірмей ағытып, өзінің биік идеялы тамаша жырын табанда тудырып отырғанда, халық байлығы оған алтындай құйылып, жарқылдап жатқан жоқ па?! Бұрынғы ұлы ақындар осылай сөйлеген... – Бұл – жүз жылдарда бір-ақ көрінетін құбылыс. Гомер деуімізге осы Жәкең ғана сыятын болу керек...».

Бұл – Жамбылды Мәскеудегі Қазақ көркем-өнерінің онкүндігіне апарар алдындағы сынақта берілген баға! Кейін Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» романында: «Онкүндік зор абыроймен аяқталды. Күләш Байсейітоваға «СССР халық артисткасы» деген атақ берілді. Қазақтың бірнеше артистері мен ар­тист­каларының кеуделеріне ордендер тағылды. Қазақ көркем әдебиетінің өкіл­­дерінен екі адамға Еңбек Қызыл Ту ор­дені берілді: ауыз әдебиетінің биігі – Жам­­был Жабаевқа, жазба әдебиетінің биігі – Сәкен Сейфуллинге» – деп жазды.

Жамбыл жырының Қарақастектен қалықтап шығып, Алатаудың мұзарт шыңдарын айнала ұшып, Мәскеу асып, одан әрі әлем халықтарының игілігіне айналуы осылай басталған еді. Сонда Жамбыл жырының жанашырлары болып алдыңғы лекте қазақ әдебиетінің классиктері жүргені қандай ғанибет!

1938 жылы Мұхтар Әуезовтің «Жам­­­был және халық ақындары» атты мақа­ласы әуелі орыс тілінде «Казах­станс­кая правда» газетінде жарық кө­ре­ді, кейін қазақ тіліне аударылып басыла­ды. Жалпы, қазақ халқының ұшан-теңіз­ фольклорлық бай мұрасынан сусын­дап өскен, кейін еуропалық білім дең­гейінен көрінген М.Әуезов Жам­был­ды қазақ халық поэзиясының, ға­сыр­лар­ бойы інжу-маржандарын бойына жинаған фольклорлық әдебиеттің теңдессіз өкілі деп таниды. Ұлы Абайды зерттеп, қазақ жазба поэзиясының ХІХ ғасырдағы ғұлама ақынын сан қырынан ашқан Әуезов, енді ұлы Жамбылдың эпостық тұлға-жаратылысын тануда, ХХ ғасырдағы қазақтың соңғы жырауын жұртшылыққа таныстыруда да көрегендік байқатады. Ол: «Жамбыл творчествосының негізгі мотивтері мен идеялық, тарихи тамырлары тіке­лей оның алдында өткен Махамбет, Сүйінбай, т.б. поэзиясында ғана жатқан жоқ, әлдеқайда тереңде – сан халықтың әрі сан ғасырлық көне заманғы эпосында, тарихи жырларында, аңыздары мен әңгіме, хикая-мұраларында жатыр» – деп тұжырымдайды. Әлем ха­лықтарының фольклорындағы сияқ­ты халықтың арман-аңсарын арқалау, болашаққа үміт-сенімін ояту – Жамбыл жырларының да негізгі тіні, өзегі бол­ғандығын, сонымен бірге ол өзі өмір сүр­ген ортада, қоғамда да халықтың сө­зін сөйлеп, елдің мұңын жоқтағанын, озбыр­лық, қиянат атаулыға өлең сөзбен қырғидай тигенін, елдің қамын ойлаған ерлерін, батырларын әспеттеп жырға қосқанын, дастандар жазғанын айтады. «Мынау тұрған Абайдың суреті ме, Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне. Ақыл, қай­­рат,білімді тең ұстаған, Қарсы келер Абай­­дың кім бетіне!» – деп ұлылықты та­­нып, тағзым жасағанына да куә боламыз.

Сәбит Мұқанов 1946 жылы Жам­былдың 100 жылдығына арнап шы­ға­рылған толық жинағына алғысөз жа­зып, мақаласын «Ұлылық сыры» деп атайды. Кейін бұл мақала толық­тыры­лып «Жамбыл Жабаев» деген атпен әдеби портреттер жүйесінде жазу­шы­ның он алты томдық таңдамалы шы­ғар­малар жинағында жарияланды. Жам­был Жабаевтың өмірбаяндық әрі шығарма­шылық жолын неғұрлым мол қамты­ған бұл мақала өзінің құндылығын жой­майтынына уақыт төреші көз жет­кізе түсуде. Осыдан он жыл бұрын ұлы жыраудың туғанына 165 жыл толуына орай мерейтойлық іс-шаралар Жам­былдың Ұзынағаштағы музей-үйінен бастау алған болатын. Мәдениет үйінде мерекелік жиын болды. Оған бір топ қаламгер қатыстық. Осы мерейтой қонақтарына Жамбылдың 2 томдық таңдамалы шығармалар жинағы сыйға таратылды. Алғы сөзіне «Кемеңгер ақын» деген атпен С.Мұқановтың жоғарыда аталған мақаласы берілген. Қос томдықтың құрастырушысы профессор Сұлтанғали Садырбаев еді.

С.Мұқанов өзінің портреттік мақала­сында Жамбылды қазақ жыршылық, жыраулық мектебінің ХХ ғасырдағы ірі өкілі деп танып, осы ойын былай да аң­ғартады: «Жәкең әлеуметтік және­ жеке өміріндегі сөзінің көбін өлең­мен сөйлеген кісі. Бірақ оқушы көп­­шілікке ескерте кететін нәрсе: Жәкең­ де, сөзді өлеңмен сөйлей­тін өзге ақын­дар да ешуақытта өлең­дерін жинау не­месе сақтау мақсатымен айт­пай­ды, олар кезегі келген жерде өлең­­мен сөйлеп қалады да, сол өлең сөзді тың­дау­шылардан ұғып тарататындар болмаса, ақынның өзі айтқан өлең-сөзін есіне сақ­тауға тырыспайды, қайталап айтпайды. Сон­дықтан да қазақтың я болмаса басқа елдердің халық ақындарының бір зор тарихи оқиғаға арналған ұзақ желілі жырлары, я ұзақ көлемді айтыс­тары болмаса, қысқа тақырыпқа арнаған жырларының жүзден тоқсан тоғызы ұмытылып отырады. Арғы ғасырлардың ұмытылған қазақ ақындарын айтпағанда, ХІХ ға­сырда аттары мәлім қазақ ақындарының көбін айтыс жанры арқылы ғана біле­тіндігіміз осыдан».

1846 жылы туып, 1945 жылы дү­ниеден озған Жамбылдың ғасырлық ғұмырының 85 жылы ақындықпен өтке­ніне назар аударта отырып, С.Мұқанов оның өмірінің соңғы он жылында ғана жырларын қағазға түсіріп алу ісі жедел қолға алынғанын, осының нәти­жесінде қыруар жыр-дастандары халық игілігіне жаратылғанын тілге тиек етеді. С.Мұқанов Жамбыл туралы мақалаларындағы ой-пікірлерін «ауыз әдебиетінің биігі», «халық ақыны», «сөзді өлеңмен сөйлейтін адам» деген анықтама атаумен айқындап оты­ратынын байқаймыз. Жамбыл мен С.Мұқанов арасындағы қарым-қаты­насты жазып отырғанда мына бір дерек ойға орала берді. Негізі, С.Мұқановқа қатысты бұл деректі келтіруші – Есен­келді Жақыпов, оны жазып алған – Герольд Бельгер. Біз енді соған назар аудартайық: «...Әбден қартайып, тозған Жамбыл бір күні қатты ауырып қалады. Шалды үйтіп-бүйтіп емханаға жет­кізеді. Есі кіресілі-шығасылы. Кө­­ңілін сұрап Сәбең барады. Барса, шалдың жағдайы өте нашар. Әзер сөйлейді. «Сәбит, – дейді шал, – кетіп барам. Демім таусылды. Сен менің жаназамды шығар». Не істеу керек? Совет заманы. Сәбит болса қызылдың қызылы. Бірақ шал кетіп бара жатыр. Жүзге келген шал Кеңес өкіметін қайт­сын?! Сәбең дереу дәрігер мен медбикені шығарып жіберіп, есікті жауып, Жәкеңнің қасына отыра қалып, аят оқи бастайды ғой. Жәкең тыңдап жатып, жүріп кетіпті...

Міне, ерлік, азаматтық, адамгершілік деп осыны айт. Мұндай Сәбеңді кім білген, кім көрген?! Естелік жазсаң, осын­дай жұрт естімеген мәліметтерді көр­сетіп, тізіп, адамның рухын көте­рер дерек келтір. Солай емес пе? Әлде, ме­нікі дұрыс емес пе?» – депті Есен­келді Жақыпов.

1941-1945 жылдардағы сұрапыл со­ғыс жылдарында қысқа мерзімдік сапармен туған жеріне келіп қайтқан қазақтың қос батыры Мәлік Ғабдуллин мен Бауыржан Момышұлын «Жәкеңнің батасын алыңдар!» – деп Сәбең кезекпе-кезек Жамбылға ертіп барады. Бұл жөнінде Сәбең де жазды, Мәлік пен Бауыржан да өз естеліктерінде тартымды тоқталған. Жәкең қазақтың атақты ақындарын, жазушыларын, батырларын бір көргенде сынай қарап, дәл баға беріп отырғаны да қайран қалдырады.

«Ұлы Абайдың құрдасы, көзі ті­рісінде Гомер атанған алып ақын ата­мыз Жамбыл дүниеге екі рет туып келген адам: тоғыз ай, тоғыз күнде ана құрсағынан туды, тоқсан жасқа келгенде заман құрсағынан тағы бір туды... Қазақтың Гомерін туғызу үшін заман тоқсан жыл толғатты...

Ақын Жамбылдың екі рет туғаны да, түрлі заманда жасағаны да, өмі­рі­нің ең соңғы он жылында бүкіл дү­ние таныған атақ алуы да – фено­мен. Сирек кездесетін, себебін осы күнге дейін ғылым таба алмай қойған сыр. Әсіре­се тоқсан жас пен жүздің ара­сындағы он жылда ақындық дарын­ның бұрынғысына қарағанда еселеп шарықтап кетуі дүниежүзілік дана­лар­дың­ өмірінен де кездескен емес». Бұл – қазақтың сөз зергері, классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің Жамбыл туралы жазылған «Феномен – Феникс» атты мақаласынан алынған үзінді. Онда ұлы жы­раудың жүз жыл жасаған ұзақ ғұ­мырына таңғалудан гөрі, жүз жылдың соң­ғы он жылындағы бұрқырап көзі ашыл­ған жыр дариясына таңырқау басым. Бұл мақаласында Ғабең Жамбыл Жабаевтың ғұмырбаяндық қырына аз тоқталады, ішкі жан дүниесіндегі ғаламат буырқанудың сырын ашуға ұм­тылады: «Жамбыл өмірге жымия қарап, сынай өскен ақын еді. Оның ойлы көздерінің түбінде қашанда бір сықақ ұшқыны тұратын. Әлденені тү­сіндіре бастасаң «Мен бір алжуға айнал­ған шал деп отырсың-ау!» дегісі келген­дей, мұрт астынан миығы жымия бас­тағанын сезуші едің. Айта бас­та­ғаныңды іліп әкетіп, өлеңмен өзіңе қайта айтқанда ақын жүрегінің ыстық жалынына, ой-сезімінің тереңдігіне таңғалатынсың», – дейді ол.

Кейде ойлайсың, таңырқап отырып та талай сырды ашуға болады екен-ау деп. Ғабең жазады: «Таңғаларлық бір нәрсе­ – өзімен тұстас ақындардың бә­рінде азырақ торығу болса, Жәкеңде ол жоқ. Түн артында Күн барына шектенген емес...». Осының бәрін жаңа дәуірде қайта туған ақынның өзіндік ерек­ше болмысы деп ұғындырады. 1953 жылы Н.Погодин мен Ә.Тәжібаевтің сценарийі бойынша режиссер Ефим Дзиган «Жамбыл» кинокартинасын түсіреді. Басты рөлде – Шәкен Ай­манов. Осы фильм туралы Ғабит Мү­­сі­репов талдап рецензия жазады. Ки­но­­картинаның жетістіктерімен қоса, көп­теген кемшілік тұстарын ба­қай­­­шағына дейін шағып, талдайды. Ғабеңді толғандырған киноның тү­сірілуі ғана емес, Жамбыл образының қай деңгейде шыққандығы. Бұл ретте де Ғ.Мүсіреповті халықтық ақынның ға­жайып ғұмырнамасы бейжай қалдыр­мағанын байқаймыз.

 «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым!» деп айту үшін адам­ның бойында қаншама қайрат пен күш, рух пен жігер, өрлік пен ерлік, ұлттық намыс буырқанып жатуы керек десеңізші! Жамбыл ұлы жырау ретінде тұстас замандастарына, әдеби қауымға қаншалықты ұғынықты болды десек те, болмыс-бітімі тұлғалана беретін, зерттеле беретін, жаңа қырларымен таныла беретін күрделі тұлға.

 

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ,

ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі