Өнер • 20 Сәуір, 2021

Тамиланың тартуы

359 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қырғыз бен қазақ ежелден ауылы аралас, қойы қоралас, қатар қонған қанаттас ел еді.

Тамиланың тартуы

Олар ата қоныстарымен ғана айылдас емес, әдеби, мәдени өмірде де дәм-тұзы жарасқан дала көшпелілері десек болады.  Былтыр әлеуметтік желіні қырғыздың қаршадай ғана талантты мүсінші қызы Тамила Маматованың таңғажайып туындысы – заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың алып мүсіні аралап кеткен болатын.

Сәтті скульптура бізді бейжай қал­дырмады. Дереу бауыр­лас елдің бәдізші бегімін бас газетімізге шығарып, шын таланттың шығармашылығы турасында аз-кем әңгіме өрбіте қойғанымыз бар. Аталған мақаламызда да айттық, бізді таң-тамаша еткен Айтматов кө­кеміздің әлгі алып ескерткіші – И.Ре­пин атындағы Санкт-Петербург бейнелеу өнері, мүсін және архитектура институтын 2018 жылы бітірген мүсінші қыздың диплом жұмысы ғана екен.

Жасыратын несі бар, біздегі бір-бірінен айнымай мүлгіген мүсіндерді көргенде «Тамиланың Шыңғысындай ескерткіш Абайымызда да болса» деп артынша ар­мандап қалғанымыз да бар. Оның үстіне былтыр Абай атамыздың 175 жыл­дық мерей­тойы өтіп жат­қаны белгілі. Жо­­ғарыда айт­қан жазбамыздың соңын «Ха­кімнің асқақ тұлғасын шаблон­нан шығарып, еркін сомдайтын Тамилаға тапсырыс берсек талайдың кө­кейіндегі Абай Алатаудың арғы қақпасынан алшаңдай кіретініне күмәніміз жоқ», деп аяқтаппыз.

Тамила тамыр біздің арман-өті­нішімізді аяқасты етпей, аз арада жақ­сы жаңалығымен бөлісті. Бізден басқа да желі қолданушылары шеберге Абай атамыздың мүсінін соғуын сұрап өтініш айтқан болса керек. Тамила толғана келе саз балшықты сөйлетіп, қазақ сөзі мен ойының, мәдениеті мен әдебиетінің алып темірқазығы – Абай мүсінін сомдап шы­ғыпты. Туынды шынымен Тамиланың таңғажайып туындысы деуге тұрарлық ерекше құйылып түскен. Өзінің айтуынша, мүсінші қызымыз Абайдың көптеген мүсінін қарап шыққан, алайда оның ақындығынан бөлек терең ойшыл, хакім дәрежесіндегі ойлы отырысы көп ескерткіштен көріне қоймаған. «Мен Абай тереңіне осы тұрғыдан үңілдім. Абайдың ұлдарымен түскен суретіне қарап отырып жауапты іске ұлы құл­шыныспен кірісіп кеттім», дейді Т.Маматова.

Мүсін тез арада саз бал­шықтан сом­далып шық­қанымен, модельді қоладан құюға қаражат керек. Желіде жаңа мүсіннің аяқталуына атымтай жомарттық танытатын азаматтар із­деп жар салдық. Сол заматта-ақ Арқа өңіріне ғана емес, Алашқа танымал азамат, белгілі меценат – Бекзат Ал­тын­беков кері байланысқа шығып, қа­­жетті қаражатты аударатынын жет­кізді.

Сондай-ақ қоладан құ­йыл­ған хакім мүсінін бас­қа ешқайда емес, бас­тама көтерген ел газеті «Egemen Qazaq­stan»-ға сыйға тартатынын айтты. «Бү­­кіл қазақ зиялылары басшылық еткен ата басылымның арғы бастауын­да тұтас Алаш идеясының алтын қой­науы – Абай тұр. Бас ақын бас басылымда тұрса, қандай ғанибет?!», деген Бекзат мырза өзінің жомарттығын ғана емес, қазақ руханияты үшін қа­жыр­лы қайраткер екендігін танытты. Өз кезегінде газет басшысы Дархан Қыдырәлі мүсінді сәтті сомдаған мү­сінші Маматоваға, жұмыстың жемісті аяқталуына ат салысып, редакцияға сыйға тартқан атымтай Алтынбековке ұжым­ның ғана емес, газеттің барлық ойлы оқырманы атынан алғыс айтты.

Мүсінді елге жеткізуде еңбек еткен азаматтар болды. Бюстті шеберханадан алып шығып, Алматыға жеткізген газетіміздің Қырғызстандағы арнаулы тілшісі, әріптесіміз  Назарбек Бай­жігі­тов болса, ол жерден алматылық әріп­тес­теріміз қарсы алып, Нұр-Сұлтанға жеткізді.

 Міне, көптен күткен хакім бюсті қазақ сөзінің қара ша­ңырағы төріне осылай құр­метпен жайғасты.

«Ей, қара тас! Менің сені қалай сүйетінімді сезсең ғой! Сені қайы­рым­сыз дейтіндердің өздері қатты!» деп тебіренетін Тамила таланттың осынау таң­ғажайып туындысын біз, тек газет редакциясына ғана емес, жалпы қазақ еліне тартқан тамаша тартуы деп білдік.

Абай – тек қазақтың ғана қамын ойлаған қатардағы қа­ламгер емес, адам­затқа ортақ алып тұлға, кемел ке­меңгер.

Тамила сомдаған мүсінге қарап отырған болсаңыз, оның ойлы жүзінен «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген нақылын шын ұғасыз.

Абай – ұлт айнасы. Абайдан Алаш­тың айқын дидары көрінеді.

Газет ғимараты Абай мүсінімен тіпті асқақтай түскендей. Тіпті ажарла­нып кеткендей!