Қоғам • 21 Сәуір, 2021

Құбырдағы судың сапасы қандай?

537 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Май ауданы топтық су құ­бы­рын­­дағы судың сапасы барлық та­­лаптарға сәйкес келеді, яғни ауыз су ретінде пайдалануға жарамды. Мұндай қорытындыны Павлодар облысы бойынша Ұлт­тық сараптама орталығы Май аудандық бөлімшесінің са­рап­­­шылары жасады.

Құбырдағы судың сапасы қандай?

Баскөл және Ақжар ауыл­да­рын­дағы магистралдық су құбырына тоқсан сайын өндірістік бақылау жүр­гізіледі, келесі бақылау биылғы  20 сәуірде.

Экология, геология және табиғи ре­сурстар министрлігі баспасөз қыз­ме­­тінің хабарлауынша, Су ресурс­тары комитетінің өкілдері жұмыс са­­парымен Павлодар облысы Май ауда­нының Малайсары ауылына бар­ды. Сапар барысында жергілікті тұр­ғын­дармен кездесу өтті. Жиында ауылдың тұр­ғындары ауыз судың сапасына қа­тыс­ты біраз мәселе көтерді. Кездесу қо­рытындысы бойынша Су ресурстары комитетімен бірлесе ауыз судың са­пасына ашық тәуелсіз зерт­ханалық зерттеу жүргізу туралы шешім қа­былданды.

Еске сала кетейік, Су ресурстары комитетінің бастамасымен Павлодар облысының Май ауданында жергілікті топтық су құбырын қайта құру жобасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде, 2020 жылдың мамыр айында суды тазарту стансасы іске қосылды. Бұл 11 мың тұрғыны бар 16 ауылды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Су құбырының ұзындығы 146 шақырымды құрайды, сумен жабдықтау көзі – жерасты сулары. Жобалық өнімділігі – тәулігіне 4 150 текше метр. Май ауданы топтық су құбырын қайта құру және су тазарту стансасын іске қосқаннан кейін аудан халқы сапалы ауыз суды ғана емес, сонымен қатар тұрмыстық мақсаттар үшін тазартылған суды да алды. Қазіргі уақытта топтық су құбыры жоспарлы режімде жұмыс істейді.