Жақында Zhetysu – Startup инновациялық идеялар мен жобалар байқауының қорытындысы шығарылды. Байқауға өңірдегі маңдайалды оқу орнынан 30 студент және Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары түрлі жобаларын ұсыныпты. Солардың ішінде жаңалығы мен өзектілігі, инвестициялық тартымдылығы, коммерциаландыру деңгейі мен өңір үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы жоғары деген 9 жоба үздік деп танылған екен.
– Бүгінде жастар студент кезінен бастап кәсіппен айналысқысы келеді. Олардың талабын шыңдау мақсатында университте Zhetysu – Startup академиясы ашылған болатын. Мұнда жастар бизнестің алғашқы әліппесін үйренеді және өздерінің зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нарық әлемін зерделейді. Жас ғалымдардың инновациялық әлеуетін дамытып, олардың жобасының іске асуын қаржыландыру үшін университет стартап жобаларға байқау өткізіп тұрады, – дейді Жетісу университетінің басқарма төрағасы-ректор Қуат Баймырзаев.
Биылғы стартап жобалар байқауының бас жүлдесін жеңіп алған М.Беимбетова мен Ж.Жексенбайға 100 мың, 1 орын алған А.Есейқызы, Н.Ким, Ә.Танабаеваға 70 мыңға сертификат табысталды. Ал жобаға қатысқан басқа да студенттер ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Жалпы, Жетісу университетінде студенттерді экономиканың жоғары технологиялық секторын дамытуға ықпал ету бағытында білім беру үрдісі қанат жайып келеді. Яғни қазіргі білім берудің маңызды міндеті инновацияға бет бұру болып отыр. Бұл мақсатқа жету үшін оқу орнының қабырғасында озық ғылыми-зерттеу жұмысы жасалуы тиіс.
– Экономикалық өсу мен адамдардың әл-ауқатының артуы озық білімге байланысты. Ал озық білім мен ғылыми идеялардың иесі – адам. Адами капиталдың сапасын экономикалық өсіммен салыстыруға болады. Демек, адами капиталға құйылатын инвестиция экономикалық өсуге ықпал етеді. Бұл тұрғыда университет ұстаздары Білім және ғылым министрлігі жариялаған ғылыми жобалар байқауына жиі қатысып жүр. Биылдың өзінде алты әріптесіміздің еңбегі жоғары бағаланды. Бұл бір жағынан Жетісу ғылымының бір орында тоқтап қалмай, заман талаптарына сай жаңарып келе жатқанын аңғартады, – дейді Жетісу университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Алефтина Бахтаулова.