Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген ұстанымын тілге тиек еткен жиынға қатысушылар тіл төңірегінде қордаланған мәселелерді жіліктеп талдады. Басқосуға бастамашы болған қоғам қайраткері Құсман Шалабаев, еліміздің әр аймағынан жиылған жас ғалымдарды бір арнада тоғыстыру арқылы ана тілінің қадір-қасиетін асқақтатуды көздегенін айтады. Оның сөзінше, екі қазақтың бір-бірімен қазақша сөйлеспеуінен немесе өз ана тілін білмеуінен асқан аянышты хал жоқ.
«Тіл толғауының түйінін тарқататын кез әлдеқашан жетті. Бұл – мемлекеттік дәрежеде маңыз беріліп отырған мәселе. Біз ел өңірлерінен зерделі жастарды жинай отырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырудың тетіктерін жобалауды мақсат тұтамыз. Жастардың үніне құлақ асып, ой-пікірлерін, ұсыныстарын тыңдадық. Ұйымдар мен мекемелердегі іс-қағаздарды қазақ тілінде әзірлеудің, жиналыстарды мемлекеттік тілде өткізудің нақты бір жобасын дайындау керек секілді. Мәдени астанамызға баланатын Алматыға қарап, барлық өңірлер бой түзейді. Латын қарпіне байланысты соңғы ұсынымдарды да жас ғалымдарымыз зерделей жүргені абзал. Сондықтан бүгінгі жиынға А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанды арнайы шақырып отырмыз. Бұдан кейін де сөзден іске көшіп, жас ғалымдармен бірлесе жұмыс жасауды жалғастыра бермекпіз», деді Қ.Шалабаев.
Ана тілі қоғамдық проблемаға айналмауы керек, ол ана сүтімен дарып, болмысымызға енуі қажет деген тіл жанашырлары тілдің қолданылу аясындағы кемшіліктерді сынға ала отырып, өз пайымдарын ортаға салды.
– Ұлттың анасы – тілі, әкесі – тарихы. Тілінен нәр, тарихынан тамыр алмаған ел ұлт болмайды. Қазақтың барлық ұлттық құндылықтары тілінде жатыр. Бұл біздің санамыздың да, үйіміздің де төрінде тұруы керек. Тілінен айырылған халық ұлттық мәдениетінен де айырылады. Өзінің ана тілінде сөйлей алмаған адам өзін ешқашан сауатты, мәдениетті адаммын деп айтуына болмайды. Біздің қоғамдағы басты кемшілік, кейбір бауырларымыз өзі қазақ бола тұра өз тілінде сөйлеуге қорсынатыны. Бұл – үлкен қасірет. Ондай адам тілмен келетін барлық қазына-құндылықтардан айырылады. Бұдан өз ұлтын менсінбеушілік, ана тілі десе жиырылып, тыжырына қалатын іс-әрекеттер туындайтынын байқаймыз. «Өзегін құрт жеген ағаш, өзінің құлағанын жерден көреді» деген сөз бар. Тамырымызға құрт түсіп, өзегіміз шірімесін десек, тілімізді құрметтеуді өзімізден бастайық. Байрағымызда қыранның қос қанаты бар. Оның бірі – ана тіліміз, екіншісі – туған тарихымыз. Осы екеуі тең болмай, қыран қияға қалықтай алмайды. Әрбір ата-ана тамырымнан өнген ұрпақ кімнің баласы деген сұрақты өзіне қойып, перзентін тектілікке тәрбиелеуі керек. Тектілік – тілмен, рухпен біте қайнасып жатқан қасиет. Бүгінгі жиынның көздеген мақсаты барша отандастарымызды, оның ішінде қазақ бауырларымызды ана тілін аялауға шақыру, – деді тіл тарихын зерттеуші Мәңке Нұрдәулет.
Саналы ой, салмақты пікірлер айтылған жиында журналистер қауымы да тақырыптан тыс қалмай, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Тілшілерді мазалаған мәселенің бірі – үлкенді-кішілі мекемелерде өтетін іс-шаралардың баспасөзге арналған ақпараты көбіне-көп ресми тілде дайындалып, одан кейін барып қана қазақ тіліне тәржімаланатындығы. Ең өкініштісі, әкімдіктер мен мемлекеттік мекемелердің өзі осындай олқылықтарға жиі бой алдырады. Басшылық баспасөз-хатшыларын таңдарда осы жайға байыппен қараса, дейді БАҚ-өкілдері.
Алдағы уақытта Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің жанынан жаңадан құрылған Тіл комитеті мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту бағытында жан-жақты жұмыстарын жалғастыра бермек.
АЛМАТЫ