Аймақтар • 23 Сәуір, 2021

Шығыс Қазақстан халқы қас батырын еске алды

535 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің туғанына 103 жыл. Осы күнге орай жерлестері батырды еске алып, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Музейіне кіріп, партизан жазушының пайдаланған дүниелерін қызықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шығыс Қазақстан халқы қас батырын еске алды

Айта кетерлігі, Өскемендегі «Жастар» саябағына 2019 жылы Қасым Қайсеновтің аты беріліп, Жеңіс даңғылы бойында тұрған кеуде мүсіні саябақтың этноауылына ауыстырылған. Ал 2020 жылы сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығында «Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов және майдангер жазушылар» атты көрме ашылған. Алайда пандемияға байланысты музейдің ашылуына көп ешкім келе алмаған еді. Бүгін де ұйымдастырушылар барынша санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізді.

Музейдің кіреберісінде Қасым Қайсеновтің туған жері – Ұлан ауданының көрікті табиғатының суреті орналасыпты. Бөлмелердің бірі партизан-жазушының ата-анасы тұрған үйдің үлгісімен жабдықталыпты. Төргі бөлмеде батырдың Алматыдағы үйінен жеткізілген дүниелері қойылған. Тұсында іліулі тұрған кілемі, Абылайхан мен Сталиннің портреттері, жұмыс үстелі осында көшіріліпті. Үстелдің үстінде қолжазбасы да жатыр.

Сонымен қатар жазушы Әзілхан Нұршайықов пен Есет Әукебаевтың да бұрышы бар.